Қазіргі заманғы конференц-зал ашылды

Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде қашықтықтан білім беру жүйесіне негізделген конференц-зал ашылды.

Жаңартылған білім мазмұнына сай сыныпқа қазіргі заманғы қондырғылар орнатылған. Конференц-залдың артықшылығы көп. Яғни, қашықтықтан бейнебайланыс орнатумен қатар, берілген ақпаратты үш тілде тыңдау мүмкіндігі де қарастырылған. Колледж оқытушыларының қуанышында шек жоқ. Өйткені, дәл осындай жаңартылған сыныпта дәріс оқып, сабақ беру әр ұстаздың арманы. Тұсаукесер салтанатында конференц-залдың мүмкіндіктері таныстырылды. Бағасы 9 миллион теңгеге бағаланған барлық қондырғылар арнайы тапсырыспен алынған. Колледж директоры Нұртас Ахат өз сөзінде бұл зал білім сапасының артуына үлкен сеп болатындығын атап өтті.
–Жаңа оқу жылындағы жағымды бір жаңалық, қазіргі заманғы білім берудің технологиясын игеру, жаңа инновациялық коммуникативтік, интегративтік мәселелерін шешу мақсатында колледжімізде жаңа аудитория ашылды. Бұл біздегі білім беру сапасын жаңа бір деңгейге көтереді деп ойлаймын. Негізгі мақсатымыз – білімнің ең озық технологиясын пайдалану. Сондай технологиялардың бірі үш тілдің шектеусіз қолданысы деп есептеймін,–дейді колледж директоры.
Иә, аудиторияның негізгі ерекшелігі де осында. Яғни, көп функциялы веб-камералар арқылы конференцияға қатысушылар немесе студенттер үш тілде еркін ақпарат ала алады. Бұл бағдарламаға алдын ала енгізілген. Колледж оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Аян Қажыбайдың айтуынша, бұл конференц-залдың артықшылығы, басқа білім мекемелерінде жоқ «Ейвер 520» камерасымен бейнематериалдарды 18 есе ұлғайтып көруге болады екен. Тағы бір басты ерекшелік, кез-келген елмен еркін интеграциялық байланысқа шығу мүмкіндігінде болып отыр. Үш тілділік те бағдарламаға енгізілген. Яғни, кез-келген модератордың тыңдаушысы өзіне қажетті тілді қосып тыңдай алады. Жаңартылған аудиторияларда сапалы білім беру – білім ордасының басты міндеті. Осыған дейін колледждегі екі сынып ІТ орталығы ретінде жабдықталғанын айта кеткен жөн.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар