Мерей

Ұстаздықты бала жастан армандаған, білімі мен еңбегін білім саласына арнаған, ілкідегі ұлағатты ұстаздардың ізгі жолын жалғаған маманмен төл мерекесі қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсті.

Егемен ел ұрпағына қастерлі де шұрайлы ана тілінің, көркем әдебиеттің құдірет-шарапатын сезінуге септесіп жүрген жанның бірі – Ереймендегі қастерлі де іргелі білім ошағы саналатын Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекай Нұрмұханов. Туған жеріндегі сегізжылдықты тәмамдаған соң Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-интернатында оқып жүргенінде көкіректегі арманы бүр жарды. Қалай болған күнде де кейінгі толқынға ұлағат ұқтырар ұстаз болғысы келген. Осы арман жетектеп, Сәкен Сейфуллин атындағы Ақмола педагогикалық институтының филология факультетіне әкелді. Әрбір күні түрлі қызық пен ғылыми ізденіске негізделген, теория мен тәжірибесі сәтті жымдасқан, заманауи әдістеме аясындағы пікірталаспен алмасқан төрт жылдық студенттік шақ білінбей сырғып өте шықты.
Еңбек жолының алғашқы кезеңі қазақ журналистикасынан бастау алды. Аудан баспасөзінің қарашаңырағы – қоғамдық-саяси «Ереймен» газетінде, бас редактор марқұм Серік Жұматовтың ұсынысымен, әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары міндетін абыроймен атқарды. Әйтсе де, өз мамандығын шәкірт игілігіне жарату, жастық ғұмырын ұстаздық қызметке  арнау мақсаты басым түсті де, 1998 жылдың тамызында жоғарыда аталған Бөгенбай мектебінің әкімшілігіне өтініш айтсын. Оқу орнының директоры Манап Әдірешев бірден қызметке қабылдады. Көпті көрген білікті тәлімгерлер: тәжірибелі ұстаз Күлизат Құсайынова, директордың оқу ісі бойынша орынбасары, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Күміс Шәріпова сабақтың жоспарын құру, мақсатын белгілеу, тиісті материалды оқушыға ұғынықты, қолжетімді деңгейде түсіндіру тәсілін, жұмыстың қыр-сырын меңгеру ыңғайын жалықпай үйретті. Білікті басшы, марқұм Балташ Дүйсенов те ізбасар тәрбиелеуге көп еңбек сіңірді. Оған қоса, Ажыда алғаш білім нәрінен сусындатқан  апайлары: Мүсілима Әбдірәсімоваға, Сафура Хасеноваға, интернатта жоғары сыныпта әдебиетке әуестендірген, танымал ақын-жазушылардың шығармаларынан молынан сусындатқан Майдаш Қабжановаға өзін ғұмыр бойы қарыздармын деп есептейді. Ал, бертінгі уақыттағы басшы тәлімгерлері-директорлар Амангелді Молдабаевтың, Гүлбарам Сәрсенбаеваның да жас маманды тәрбиелеуге қосқан үлесі өлшеусіз.  
Сынаптай сырғыған уақытқа көз ілеспейді ғой. Арада он жеті жыл өте шығыпты. Өткен қызмет жолына көз тастаса – өз кәсібіне төселген, ізденіспен жетіліп есейген Бекай Нұрмұханов ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге де жетіпті. «Пән оқытудағы жаңа технологияны пайдалана отырып, оқушыларды ғылыми ізденіске баулу» тақырыбы қамтылған әдістемелік жұмыс жинағының, іс-тәжірибесінің облыс көлемінде таратылғаны, ақмолалық әріптестеріне өнеге болғаны ұжым үшін зор мақтаныш. Әрбір сабағында балалардың ой еңбегімен айналысуына, өздігінен ізденуіне ден қою дағдысы оларды өтілетін тақырыптан қорытынды тұжырым жасай білуге, пікірталасқа жетелейтіні анық. Игі ісі жеміссіз болып көрген емес. Талай пән олимпиадаларының талай мәрте жүлдегері атанды. Тәрбиелеген түлектері ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында қазақ тілінен межелі деңгейде балл жинаған «Алтын белгі» иегерлері Гаухар Оразбаева Елорданың халықаралық әуежайында үш тілде мәлімет таратушы диктор, Күміс Байболова министрлікте қызметте, Әлия Тәшенова Алматыда банк қызметкері, облыстық Абай, Махамбет оқуларының жүлдегері Гүлзат Қайыргелді Л.Гумилев атындағы  ЕҰУ студенті, тіпті санап тауыса алмас едіңіз.
Осы және өзге балалардың жетістігі ұстазды марқайтады, еңбегінің жанғанына шүкіршілік етеді. Расында да, соңғы сөзіміздің толық дәлелі баршылық. Елбасының 2015 жылғы 5 тамыздағы Жарлығымен ұстаз «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Бұл қуаныш жуырда тағы да еселенді. Мұғалімдердің облыстық тамыз кеңесінде барша сала мамандарының көз алдында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың қолы қойылған куәлікпен «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі қоса ұсынылды.
Бекай Жаббарұлы мектепте ұстаз болса, отбасында өнегелі отағасы, сүйікті үш қызының ұлағатты әкесі. Жары Жанар Алғалиқызы №2 орта мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Бос уақытта көркем шығарма оқығанды, гүл баптағанды ұнатады. Жоғарыда есімдері аталған, алды өмірден өз орындарын тауып жатқан оқушылары да бағында өсірген гүлі іспеттес. Түпкілікті мақсаты Ереймен өңірінде заман ағымымен үйлесімді, білімді де зерделі шәкірт тәрбиелеу, оларды елге таныту. Мұғалімнің көздеген арманына толық жететініне, әлі де халқына еселі қызмет ететініне сеніміміз кәміл.  Ағарту саласы мамандарының кәсіптік мерекесі қарсаңында аудан ұстазы жайында шерткен бір үзік сырымыз осы.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ,
 Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар