Жемісті жол

Жаңылдық Смайылова – кәсіби біліктілігі жоғары, ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесі мол, білім саласында күнделікті болып жататын әртүрлі жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз ұстаз.

Бастауыш сынып оқушыларына білім мен тәрбие беруде педагогика және психология ғылымдарының сынақтан өткізілген ілкімді жетістіктеріне сүйене отырып, қол жеткізген табыстары толымды. Жаңылдық Ахметқызы Қостанай облысына қарасты Аралбай ауылының тумасы. Жезқазғандағы педагогикалық училищені тәмамдағаннан кейін туған елінде еңбек әліппесін бастаған. Алғашқы бетте-ақ ауыз толтырып айтарлық бірталай жетістіктерге жетіп, өзінің іс-тәжірибесін жастарға үйрете бастады. Үйрете жүріп ізденді, іздене жүріп тәжірибесін толымды етті. Жалпы, менің ойымша білім саласында қызмет ететін мамандар ең алдымен өз ісін жан-тәнімен сүюлері керек. Оған қоса, темірдей төзім, шыныққан шыдамдылық болуы шарт. Қара жерге тал еккен орманшы сол тал жапырақ жайғанша қаншама еңбек сіңірер еді. Ұстаз да еткен еңбегінің нәтижесін дәл бүгін, дәл биыл көре алмас еді. Кішкентайынан бойына біліммен бірге тәлімді тәрбие негіздерін сіңіріп, жан-жақты азамат етіп өсіру оңай-оспақ шаруа емес. Жауапкершілік жүгі де аз емес. Шынайы жауапкершілікті өз ісіне адал адам ғана жан жүрегімен ұғына алмақ.
1999 жылы Жаңылдық Ахметқызы Бұланды ауданына қарасты Айнакөл ауылында еңбек жолын жалғастырды. Бойындағы ізгі қасиеттерінің арқасында ұжыммен тіл табысып, бірден бойындағы бар қажыр-қайратын сарқа жұмсап, әуелі бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын жалғастырды. Ендігі арада білімін кеңейту де қажет еді. Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінің бастауыш мектеп педагогикасы және әдістемесі мамандығы факультетін сырттай оқып бітірді. Арада біраз уақыт өткен соң Шортанды ауданындағы Төңкеріс негізгі мектебіне
ауысты.
Төңкерістің төңірегі орыс тілінде сөйлеп тұрған уақыт. Заман ағымына сай тіл мен рух бостандық алған соң желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектерді өз ана тілінде оқыту міндеті тұрды. Міне, осы кезде елдегі ата-аналар қолдап, Жаңылдық Ахметқызы бастама көтеріп, болуға тиісті дүниені дәлелдей жүріп, қазақ тілінде білім беретін алғашқы сынып ашылды. Қазір ойлап қарасаңыз кішкентай ғана болып көрінгенімен, бұл да үлкен жеңіс еді. Сол жеңіс Жаңылдық Ахметқызына үлкен бедел әкелді. Оның бойындағы ұлтжандылық қасиеттер төңірекке таныла бас-тады.
2007 жылдан бастап мектеп директорының орынбасары ретінде абыройлы қызмет атқаруда. Шығармашылық шеберлігі жоғары ұстаздың ғылыми-әдістемелік мақалалары облыстық, республикалық басылымдарда үнемі жарияланып келеді. Бірнеше рет үлкен жиындарға қатысып, баяндама жасады. Екінші халықаралық әлеуметтік-педагогикалық инновациялар жәрмеңкесінің сертификатына ие болды. Ұстаздың есімі Шортанды ауданының үлгілі еңбек адамы ретінде арнайы кітапқа тіркелді.
Шынайы шеберлік, өз ісін жан-тәнімен сүю ғана осындай шырқау биікке шығарып, мәртебеге ие ететіндігі даусыз. Біз әрдайым өз әріптесімізді мақтан тұтамыз.

Қалима ЖАРМАҒАНБЕТОВА,
география пәнінің мұғалімі.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар