Менің ұстаздарым

«Мектеп ақылыңа ақыл қосады, мұғалім келешектің жолын сызады» демекші, осы бір жарқын мерекеге орай, білім теңізіне сүңгітіп, тәлім-тәрбие берген  аяулы ұстаздарым туралы ізгі ниетімді білдіргім келді.

Мен Жолдыбай негізгі мектебінің түлегімін. Қазір осы шоқ жұлдыздай шағын ғана ынтымағы жарасқан ауылда тұрып жатырмын. Мұндағы  әр ұстаздың орны мен үшін бір бөлек. Осы ұстаздардың арқасында білім нәрімен сусындап, өмірлік азық алып шықтым. Ертеректе ел ішінде мұғалімдер беделі өте жоғары болатұғын. Сабақтан кейін көшеде ойнап жүргенімізде ауыл қотанында әлдебір шаруасымен мұғалімдердің біреуі өтіп бара жатса көзіне түсіп қалмайық, бейсауат уақытта сабағыңды оқымай, не қылып жүрсің деп айтады ғой деп көздеріне түспеуге тырысатынбыз. Қорыққаннан емес, сыйлағаннан.
Ал, ауылдың дархан даланың даналығын бойына жинаған абыз ақсақалдары қолдарына су құйған жас балаларға мұғалім бол деп бата беретін. Демек, ол кезеңде мұғалімнен мәртебелі, мұғалімнен абыройлы адам болмағаны ғой. Сондықтан да, көптеген жастар мұғалім болуға ұмтылатын. Ауылдағы мұғалімдер өздерінің киім киісі, жүріс-тұрысы, ішкі мәдениеті, адамдармен қарым-қатынас жасау үлгісі жөнімен баршаға өнеге көрсететін адамдар болып саналатын. Олардың әр сөзін екшеп, ақылмен айтатын лебіздері кім-кімді болмасын үйіріп әкететін. Мектеп оқушылары ғана емес, әлдеқашан үлкен өмірге жолдама алып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген ағаларымыздың өзі білімнің шамшырағы – ұстаздардың алдында именіп, ерекше құрмет көрсетіп, ыстық ықыласпен сыйлап тұратын. Өйткені, олардың жүрегінде кешегі балалық шақта жан жүректерін баурап, алғаш әріп танытып, қолдарынан жетектеп өсірген ұстаздардың аяулы бейнесі мәңгілікке қалып қойған ғой.
«Ақ жолыңда кім үйретсе бір әріп, болмас оның қызметін қайтарып» деп ұлы ойшыл Әлішер Науай айтпақшы, мен де, басқа шәкірттер де ұстаздардың бізге жасаған көл-көсір қызметінің, еселі еңбегінің есесін ешқашан қайтара алмаймыз. Ұстаздар жайлы айтқанда бір адаммен шектелу мүмкін емес. Әр ұстаз бала жүрегінде бір ерекшелігімен дараланады.Сондай даралардың бірі – Уазипа Әбуляйсқызының мен үшін орны бөлек. Ол кісі бізді әдепті тәртіппен үлкенді сыйлауға, еліміздің нағыз патриоты болуға тәрбиеледі. «Мектеп құшағында білімге талпын, «ертең азамат деп ардақтар халқың» деп атам қазақ айтпақшы, менің еңбегімді бала мен ел құрметтесе, мен өз кезегімде  ұстаздарымды ардақтап өтемін.

Ақмарал АҒАЙДАР.
Жолдыбай ауылы,
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар