Тұтынушылар құқы ескеріле бермейді

 Ақмола облысы тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мен «Sara» қоғамдық қоры бірлесіп, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің тұтынушылармен кездесуін ұйымдастырды. 

  Жиын барысында облысымызда үстіміздегі жылы тұрғындар арасында өткізілген сауалнама қорытындылары жария етілді. Соның нәтижесінде салон, шаштараз бен дүкендерде, қоғамдық көліктерде тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылатыны белгілі болды. Ұялы телефон байланысының сапасыздығына, дәріханаларда мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектердің сатылуына, банкоматтардың дұрыс жұмыс істемейтініне да біраз азаматтар наразылық білдірген екен. Бір өкініштісі, тұрғындардың көбі өздерінің тұтынушы ретіндегі құқықтарын жете біле бермейді. Тіпті, білген күннің өзінде құқығын қорғауға асықпайды. Заңға сәйкес, дәрі-дәрмек, шұлық, ішкиім және өсімдік, жан-жануарлардан басқа,  сапасыз тауарларды сатып алғаннан кейін он төрт күннің ішінде дүкен иесіне қайтарып беруге болады.       
Кездесуде сөз алған Ақмола облысы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Қайрат Баймұхамбетов былтырғы жылдан бері департаментке тұрғындардан 200-ге жуық шағым түскенін және соның 90 пайызы оң шешімін тапқанын атап өтті. «Sara» қоғамдық қорының президенті Сара Баймағанбетова азаматтық сектор өкілдерінің бүгінгі қоғамдағы рөлін айта келе, жиынға қатысушыларға тұтынушы ретіндегі құқықтары аяқ асты етілген жағдайда аталған қоғамдық ұйымның көмегіне жүгіне алатындықтарын еске салды.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар