Жер иесіз жатпай, толық айналымға енгізілуі керек

Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа арнаған Жолдауында жердің шетелдіктерге сатылмайтыны, жалға да берілмейтіні айтылды. Алайда, ұлан-байтақ жерімізді толық игеріп, экономикалық айналымға енгізу өз қолымызда.

Үкіметтен жер алып, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер баршылық. Соның бірі – Қазбек Нұрсайынұлы Бурабай ауданына қарасты Қоянды елді мекенінен 1200 гектар жер алып, егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысып жүр. Қаңырап бос қалған ауылға 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысынан көшіп келіп, 2018 жылы «Сыбаға» бадарламасы бойынша 50 миллион теңге несие алып, Чехиядан асыл тұқымды мал әкелген. Мал басын көбейтіп, биыл тауарлы сүт фермасын да ашты. Мал азығын сатып алмайды. Өздері егеді. «Қоянды» агрошаруашылығының басшысы Қазбек Ахметов өз сөзінде мал басын 250 басқа дейін көбейткісі келетінін, ол үшін 2 мың гектар жер керектігін айтты.
Шаруашылықта он бес шақты жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Олар үшін жатақхана салынған. Кәсіпкер өз сөзінде ауылдарында жұмыс істеймін деп өтініш білдірген еңбеккерлер бірден жұмыспен қамтылатынын, барлық әлеуметтік жағдай жасалатынын айтты. Жолдауда Мемлекет басшысы Үкіметке ауыл шаруашылығы секторын жетілдірудің әдіс-тәсілін әзірлеуді міндеттеді. Бұл – аграрлық ғылымды дамыту мәселесінің түйінін шешетін негізгі бағыт. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Әбілжан Құсайыновтың айтуынша, отандық ғалымдар ауыл шаруашылығына қажетті сапалы әрі арзан тыңайтқыштар ойлап тауып, тиімділігін дәлелдесе де, бизнес тарапынан сұраныс аз.
– Өнімді жақсы әрі тұрақты алу үшін топырақтың құнарлығын сақтап қалу керек. Ал, тыңайтқыштардың бағасы қымбат. Сондықтан, бізде өнімділікті арттыру үшін тыңайтқышты аз қолданады. Біз жергілікті кәсіптің қалдықтарын тыңайтқыш ретінде пайдалануды қарастырдық. Көкшетау өңірінде көмірдің күлі негізінде тыңайтқыш шығарып, Агробионат деп атадық. Үш патентіміз бар. Бірақ, өндіріске енді деп айта алмаймын,–дейді академик.
Ақмола облысының жалпы жер қоры 14 миллион 600 мың гектарды құрайды. Оның 10 миллион 800 мың гектарын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға болады. Яғни, облыс аумағының 74 пайызы егіншілік пен жайылымға жарамды. Алайда, жыл басында ғарыштық мониторинг арқылы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмаған 1 миллион 500 мың гектар бос жатқан жер анықталған. Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы Нұрболат Бөкен өз сөзінде жоғарыдағы 1 миллион 500 мың гектар жердің 1 миллионға жуығы айналымға тартылғанын айтты. Тексеріс шаралары жүргізілгеннен кейін 600 мың гектар алқап пайдаланыла бас-тапты. 200 мың гектар жердің пайдалану құқығы басқа субъектілерге берілген. Мемлекеттік меншікке 195 мың гектар жер қайтарылыпты. Жалпы сараптаудан өткеннен кейін облыстағы игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 502 мың гектарға дейін қысқарған көрінеді.
Боранбай КӨМЕКЕЙ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар