Көрме арқауы – Елбасы

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мұражайы қорынан ұйымдастырылған «Қазақстан: бейбітшілік, руханият және келісім аумағы» тақырыбында көрме өтуде.

Көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті -Ұлт Көшбасшысының қызметі арқылы еліміздегі достық пен келісімді нығайтып, дамытатын рухани, мәдени орталық ретіндегі рөлін, этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісімнің іргетасына айналған бірегей институттың құрылуы мен қызметін,  Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шеше білетін ел ретіндегі халықаралық беделінің нығаюын көрсетуге мүмкіндік береді.   
Қазақстан халқы Ассамблеясы – Қазақстанның бірегей саяси бастамаларының, жаңашылдығының нәтижесі. Қазіргі таңда оның тәжірибесі әлемнің көптеген елдеріне тартымды әрі пайдалы бола түсуде. Бүгін Конституция мен Ассамблея жай ғана құрдастар емес. Бұл тұрақтылықтың, жаңарудың және гүлденудің іргетасына айналған екі ұлы құндылық. Сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік – бұл біздің гүлденіп келе жатқан көпұлтты еліміздің негізгі тіректері. Мемлекеттің этносаралық саясаттың негізіне «Әралуандықтағы бірлік» қағидаты алынған. Осы құндылықтардың барлығы көрмеде айшықталып көрсетілген.
Көрмеге тәуелсіз еліміздің, яғни, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы тәрізді мерейтойлық күндерімен байланысты 111  құжат пен фотосурет және жәдігерлер қойылған.
– Көрменің негізгі мазмұнын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Музейі қорындағы бірегей материалдар жинағы ашып отыр. Олардың арасында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жеке заттары мен құжаттары, шетел мемлекеттерінің басшылары мен үкіметтерінен берілген сыйлықтар, жас мемлекеттің дамуы мен халықаралық беделін нығайтуға бағытталған Елбасының қызметін,  бастамаларын көрсететін фото және мұрағат құжаттары бар.
Сонымен қатар, мұражай қонақтарына Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетін, тілін және әдет-ғұрпын көрсететін күміс бұйымдары, көркемсуреттер, мүсіндер, мүсіндік композициялар, бейнелеу өнері және сәндік-қолданбалы өнер туындыларын да ұсынып отырмыз, – дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Кенжебай Мұқышев.
Аталған көрмені көкшетаулықтар ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін тамашалай алады.

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар