Бөгенбай сөресі жаңартылды

Аласапыранды ХVІІІ ғасырдың айшықты тұлғаларының бірі – Қанжығалы Бөгенбай батыр Ақшаұлы. Бұл кісінің сол замандағы ерлік істері, әскери стратег ретіндегі дарыны, елшілік мәмілегерлігі жайлы жазылып жүр. Сондықтан, ол әңгімені қозғамай-ақ қоялық. Абылай ханның: «Бәрін айт та, бірін айт, Қанжығалы Бөгенбайды айт, ақылдың жатқан үйін табушы еді!» – деген бір ауыз сөзі ғана оның қандай тұлға болғанын айқындап тұрғандай.

Бөгенбай бабаның сүйегі Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінен мәңгілік мекен тапқан. Батыр 1778 жылы дүниеден өткен дейді тарихи деректе. Бір айта кететін жайт, ғаламтордағы уикипедия желісінде «Бөгенбай батыр Торғай өзенінің жағасында қайтыс болған» деген жаңсақтау дерек жазылған. Торғай өзені Сілетіге құятын көп өзекшелердің бірі, Сілетінің оң жақ бетінде жатыр. Бүгінде Астана-Павлодар автожолы осы өзеннің үстінен өтеді.
Ал, Бөгенбайдың тікелей ұрпағы, шежіреші, өлкетанушы марқұм Қазыбек Нұралинның дерегі бойынша, Бөгенбай батыр Сілеті өзенінің сол жақ бетінде, Киікбай өзенінің бойында қайтқан. Осы дерек дұрыс секілді. Себебі, бүгінде «Бөгенбай сөресі» деп аталатын жер Киікбай өзенінен 25 шақырымдай жерде. Батырдың Киікбай өзенінің бойында ақтық демі үзілгесін, ауыл бір көштік жерге көше жылжып, мәйітті Ақсу өзенінің бойында сөрелеген секілді. Ал, уикипедиядағы Торғай өзенімен бұл екі аралық тым қашық, 50-60 шақырымдай, қисынға келмейді.
Осы «Бөгенбай сөресі» бұрынғы Бөгенбай кенішінен («Бөгенбай» совхозы) 6-7 шақырым, бұрынғы «Совет» совхозына (Ақсу ауылы) 1,5 шақырымдай жерде, Ақсу өзенінің жағасында. Бұл ара Степногорск қаласына 35-40 шақырымдай жерде тұр.
Бөкең бабамыз осы жерде жайлауда қайтыс болғасын, сүйегі Түркістанға жеткізілгенше құрымға тігіліп, сөрелеп сақталған екен. Бұл жер қазір «Бөгенбай сөресі» деп аталады деп айттық. «Сөре» – Бөгенбайдың Ерейментаудағы өз қонысы Қоржынкөлден туралап жүргенде 120-130 шақырымдай болып қалар. Осы сөренің орнына 1991 жылы батырдың 300 жылдығы тойланғанда, шағын белгі қойылған болатын. Шынын айту керек, бұл Бөгенбай батыр сөресіне лайықсыздау еді. Дегенмен, былтырдан бері сол өңірдегі Степногорск қаласы мен Бөгенбай, Ақсу ауылдарында тұратын және басқа да азаматтар жабыла қолға алып, сөрені қайтадан көтеріп, көзге көрінетін нысан етіп жаңғыртып қойған.
Осы игілікті шаруаға ұйытқы болып жүрген Қазыбек Алғожин атты азамат. Қазақ жолымен айтсақ, бұл кісінің сүйегі – Керей. Бүгінде әркім атаға бөлініп, өз ру-тайпасының күйін күйттеп жүргенде, ештеңеге қарамастан, осындай шаруаға бастамашы болған Қазыбек Боранбайұлына ел атынан айтар алғысымыз шексіз дейді ерейментаулықтар.
Қазекеңе ақылдас болып жанында жүрген Амантай Байбисенов, Бейсенбай Шайкин деген ақсақалдар. Ал, сөрені қайтадан көтеріп, оның барлық қара жұмысын атқарған құрылысшы бауырымыз Жәнібек Медрисов екен.
Қазыбек Боранбайұлының айтуынша, бұл шаруа көптің көмегімен біткен. Мысалы, Мағзұм Батығаев, Бауыржан Керейбаев, Серікбай Әбжанов, Бауыржан Қайыров, Азынабай Қалиев, Манарбек Бектасов, Қуандық Елеусізов, Дариға Кәрімбергенова, Нэлля Жанайдарова, Қайдар Әкімов, «Астана-Керамит» зауытының директоры Сәбит Жәміш, жүргізуші Рамазан Ташматов секілді адамдардың кейбірі қаржылай көмек берсе, енді бірі кірпіш, басқа да құрылыс материалдарын ұсынып, енді бірі ол дүниені өзінің көлігімен тегін жеткізіп берген.
Бұлардан бөлек Хабиболла Төкенов, Жұмаш Хасенов, Нұрлан Сағындықов, Өсербай Қанафин, Арыстанбек Таңқыбаев, Асылбек Медебаев, Ақылбек Құлмағамбетов, Рамиль Рақымжанов, Мадияр Жапаров, Азамат Оқанов секілді жігіттер қол көмегін берген екен.
Осындай игілікті шаруа іске асқанын естіген ерейментаулық азаматтар да үнсіз қалмай, аталмыш шаруаның басы-қасында болған Қазыбек Алғожин, Амантай Байбисенов, Бейсенбай Шайкин, Жәнібек Медрисов секілді азаматтарды арнайы елге шақырып, аудан әкімі Абай Әлжанов оларға әкімдік атынан Алғыс хат пен басқа да марапаттар тапсырып, «Қанжығалы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайыркен Жақып меймандардың омырауларына «Бөгенбай батыр» медалін қадап, куәліктерін тапсырып, ата салтымен дәм беріп, бас тартты.
Осындайда «алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген халық даналығы еріксіз еске түседі. Арамыз тату болса, ағайыншылық үзілмесе, алғы күндегі тірлігіміз де түзу болар еді.
Сайлау Байбосын.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар