Кінәлілер жауапқа тартылды

Аграрлық мәселелер және үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында өңірде орман шаруашылығы саласының жағдайы мен болашағы туралы мәселе қаралды.

Тұрақты комиссияның төрағасы Нартай Ысқақов жүргізген шараға облыстық мәслихаттың депутаттары, басқарма, ведомство және орман шаруашылығының басшылары қатысты.    Облыстың орман шаруашылығы дамуының жағдайы мен келешегі жөнінде тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Ғалымбек Баймышев хабарлама жасады. Орман шаруашылығы – облыс экономикасының маңызды салаларының бірі. Жыл өткен сайын саланың дамуына бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Өңірдегі мемлекеттік орман қорының жері 1044329 гектар болса, оның 379422 гектары орманды алқап. Ал, жекеменшіктегі орман қоры 657 гектарды құрайды. Бұлар орманды күтімге алып, кесілген бір ағаштың орнына екі ағаш көшетін отырғызады. Жиналғандардың көбі орман қорын жекеменшік иелігіне беруді қолдап отырғанын аңғардық.
Ақкөл, Бұланды, Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандарында орналасқан орман алқаптарында 22 мемлекеттік мекеме жұмыс істейді. Жуырда тұрақты комиссияның жұмыс тобы Маралды және Сандықтау оқу өндірістік орман шаруашылықтары мен «Ақмарал-Әмина орманы» серіктестігінде болып, материалдық-техникалық базаларымен танысып, өрт сөндірушілермен кездескен. Маралды орман шаруашылығы ағаш көшеттерін отырғызумен, жекеменшік иесі отын дайындаумен айналысады. Орман шаруашылықтарының 16 бөлімшесі 10 және 49 жылға жалға беріліпті.
Тұрақты комиссияның отырысында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Айдар Дәрібаев пен Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Бақтияр Ерназаров есеп берді. Жыл сайын орман қоры аумағында 140-144 мың текше метр отын дайындалады. Оның заңдылығын аумақтық инспекция жиі тексереді. Нәтижесінде орман мекемелерінің 14 маманы жауапқа тартылып, айыппұл төлеген. Тексеріс барысында кесілген ағаштың орнына ағаш көшеттері екі есе аз отырғызылғаны анықталыпты. Мұндай келеңсіздікке жол берген 5 адам әкімшілік жауапқа тартылыпты. Сондай-ақ, көптеген шаруашылықтар өртке қарсы және санитарлық шараларға дұрыс көңіл бөлмейді. Осындай келеңсіздіктерге әкімшілік материалдар толтырылып, кінәлілер жауапқа тартылған. Орман заңнамасын сақтау бойынша табиғатты қорғау прокуратурасы тексеріс жүргізіпті. Өткен жылы 65 заң бұзушылық анықталған. Оның көбі заңсыз ағаш кесуге қатысты. Кінәлілер тиісті жазаларын алған.
Шара соңында тұрақты комиссия атқарушы органдардың заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде қаулы қабылдады.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар