Арыз-шағымдар назардан тыс қалмайды

Облыстық ішкі істер департаментіне қарасты ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлықтарына сәйкес жүзеге асырылады. Осы орайда, Президентіміз бекіткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2020 жылдарға арналған бағдарламаға тоқталып өткім келеді.

Бұл құжатта жемқорлық әрекетке барған тұлғаларды қалай жазалау керектігі емес, елдің сорына айналған бұл қылмыстың нендей жолдармен алдын алуға болатыны, тәртіп сақшыларымен қатар,  қарапайым тұрғындардың да осы іске белсене араласуы жайлы айтылады. Шыны керек, балаларды балабақшаға кезексіз орналастыру, диплом алу секілді кез-келген мәселенің оңай шешімі пара беру деп ойлайтын жандар қоғамымызда бар. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біреуді қылмыстық әрекет жасауға, яғни, пара алуға итермелейтін сондай жаңсақ пікірді ұстанғандар. Өзінің қажеттілігі үшін заңымызды белшеден басқан дұрыс емес.
Қазіргі таңда елімізде қолданысқа енгізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама сингапурлықтардың жемқорлыққа қарсы жүргізген стратегиясына ұқсас келеді. Бағдарламаның аталған елдің тәжірибесіне сүйеніп жасалуының негізгі себебі, Сингапур бірнеше жылдың ішінде жемқорлықты түбегейлі жойған әлемдегі бірден-бір мемлекет. Біздің мекеменің басты міндеті құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында осындай заң бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
Мысал ретінде айта кетсек, 2012 жылы басқармамыздың сенім телефонына Степногорск қаласының тұрғыны хабарласып, өзінен жол полициясы қызметкерінің ақша талап етіп отырғанын мәлімдеді. Тексерістер нәтижесінде мәлімдеме расталып, лауазымдық қызметін асыра пайдаланған жол полициясының өкілі қамауға алынды. Ал, үстіміздегі жылы заңды бұзған тағы бір тәртіп сақшысына 6 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Өткен жылдың есептік мерзімімен салыстырғанда биыл құқық қорғау қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық фактілері біршама азайды. Былтыр полицейлердің қолымен жасалған 25 қылмыстық іс тіркелсе, 2015 жылдың басынан бері 10 жемқорлық әрекет анықталды. Бұл өз кезегінде Елбасымыздың нұсқауымен қабылданған жаңа стратегияның арқасында қол жеткізген жетістігіміз деп білемін.  
Полиция қызметкерлері тарапынан бопсалау, заңсыз ақша талап ету әрекеттеріне тап болған тұрғындар өзіндік қауіпсіздік басқармасына келіп арыз жаза алады немесе 25-50-98, 25-03-60 нөмірлері арқылы сенім телефонына хабарласуларына болады. Бірде-бір азаматтың арызы қараусыз қалмайды. Әр өтініш міндетті түрде тіркеуге алынып, сол бойынша әріптестеріміз тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Барша ақмолалықтарды сыбайлас жемқорлықпен бірге күресуге шақырамын.  
Асқарбек МҰҚАШЕВ,
облыстық ішкі істер департаменті
ішкі қауіпсіздік басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар