Жазықсыз тұтқын

Біздің тарихи жадымызда ешқашан ұмытылмайтын төрт жыл бар. Бұл 1941-1945 жылдардағы қан құйлы фашизммен бетпе-бет келген сұрапыл шайқастар. Болашақ ұрпақтардың бақытты өмір сүруі үшін жанын пида етіп, кеудесін оққа төсеген есіл ерлер есімін Ұлы Жеңістің 70 жылдығында жаппай еске алу абзал борышымыз. Бүгінгі әңгімеміз Ақмолада жасақталып, Харьков маңындағы шешуші шайқастардың алдыңғы шебінде ерліктерімен аты шығып, жауға жалаң қолмен шапқан 106-ыншы атты әскер дивизиясы сарбаздарының бірі, фашистік концлагерьдің тұтқыны, кейіннен алаштың арда ұлдарының бірі Мұстафа Шоқайдың есімімен байланысты Түркістан легионының қатарында болған, Югославия, Италия партизандарының құрамында жаудан кегін алған, сұрапыл соғыстан аман-есен оралған соң сталиндік репрессияның құрбаны болып, тағдырдың талай тауқыметін бастан кешірген, бүгінде тоқсан үш жасқа толып отырған Керей (Ғалымкерей) Мұсаұлы туралы.  Талай шырғалаңды бастан кешіп, тар жол, тайғақ кешуден өткен жүздің бер жағындағы қартты тағдырдың батпандай тауқыметі мойытпапты. Ептеп құлағының мүкістігі болмаса, Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдарда да қиямет-қайымға толы басынан кешкендерін тап кеше ғана өткендей баяндап берген еді осы жүздескенде.
Халықтың тұрмыс-тіршілігі, көңіл-күйі әр тарихи кезеңде билік жүргізіп жатқан саясатқа, саяси-экономикалық жағдайға тәуелді десек, біздің қазақ та өзінің тарихында небір зұлматты бастан өткерді.
Аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы «Бірі батыр болғанша, мыңы батыр болсын» деп Ұлы Отан соғысындағы басты тұлға –  қатардағы жауынгерлердің жаппай ерлігін жеңістің жебеушісі деп таныған. Осындай қарапайым қазақ жауынгерлерінің бірі – Керей Мұсаұлы.
Бұл кісі 1922 жылдың 7 қыркүйегінде бұрынғы Көкшетау облысының Қалмақкөл ауылында дүниеге келеді. Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдың желтоқсан айында әскерге шақырылып, өзі сияқты қазақ жігіттерімен бірге Ақмолада жаңадан жасақталып жатқан 106-ыншы атты әскер дивизиясының құрамына алынады. Осы жерде сәл шегініс жасап, аталмыш дивизия жайлы айта кетсек.   Сталиннің жарлығымен 1941 жылдан бастап барлық одақтас республикаларда ұлттық әскери құрамалар құрыла бастайды. Жоғарыдағы дивизия да осы жарлыққа сәйкес жасақталған дивизиялардың бірі еді. Басым көпшілігі қазақ. Соғыс өнеріне үйретілмеген, жөні түзу қару-жарақ та берілмеген бұл солдаттар ашықтан-ашық ажал аузына тасталып, Харьков түбіндегі қоршауда құрбандыққа шалынды. Билік бұл дивизия жөніндегі құжаттарды ізім-ғайым жоқ қылды.
Харьков қырғыны мен 106-ыншы атты әскер дивизиясының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне ең негізгі себепкерлер маршал Семен Тимошенко, генерал Иван Баграмян және әскери совет мүшесі Никита Хрущев бастаған майдан басшылығының шектен тыс қылмыстық жауапсыз әрекеттері болатын.  Харьков түбіндегі жеңіліс туралы Сталинге хабарлағанда, ол мұны жойқын апат деп бағалаған. Мұны «Небары үш аптаның ішінде ойсыз әрекет салдарынан Оңтүстік-Батыс майдан әне-міне дегенше жеңіске жетіп тұрған Харьков операциясында жеңіліп қалғаны былай тұрсын, жауға 18-20 дивизияны тастап кетті… Бұл Шығыс Пруссиядағы Ренненкампф пен Самсонов қырғынымен бірдей жойқын апат болды…» деген сөзі-ақ растап тұр.
Сталин Харьков түбіндегі жеңіліске Оңтүстік-Батыс майдан басшылығында болған жоғарыдағы үш қолбасшыны айыптап: «Егер осы апат туралы бүкіл елге хабарлайтын болсақ, онда ел сендермен басқаша сөйлесер еді…» деген.
106-ыншы атты әскер дивизиясынан әупіріммен аман қалған бірен-сараң сарбаздардың арасында Керей Мұсаұлы да бар еді. Оларды кейін маршал Тимошенко басқаратын 6-ыншы атты әскер корпусына қосады. Осы корпустың құрамында Житомир, Бердычев бағытындағы шайқастарға қатысады. 1942 жылдың мамыр айында қоршауда қалып, қаруластарымен бірге тұтқынға түседі. Ажал фабрикасы атанған Нюхамер, Лейпциг концлагерьлеріндегі тозаққа осылайша тап болған екен.  Аш-жалаңаш, арасында жаралысы бар тұтқындарға неміс басқыншыларының көрсеткен адам төзгісіз қорлықтарын ақсақал күйзеле отырып айтып берді. Бес жүз мыңнан астам тұтқынның көпшілігі ұрып-соғудан, ауру-сырқаудан, аштықтан көз жұмған. Тікенек сымның арғы жағындағы тамұққа татырлық түн мен күн осылайша жалғаса береді. Бірде бұларды концлагерьден бөліп алып, бірнеше күн дәрігерлік тексерістен өткізген. Тұтқындар аң-таң. Бұрын топтан қалған жаралыларды тепкіге алып, соңында атып тастайтын немістер енді сүрініп кеткендердің өзіне шыдамдылық танытып, күтіп тұратын болған. Бұларды қайда, не үшін, кімге апара жатқандары беймәлім. Әйтеуір, жақсылықтың нышаны емес. Мұны әскерилер түйсігімен сезінген. Неміс оккупанттары қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік және басқа да шығыс халықтары өкілдерінен құралған әскери тұтқындарды Кеңес Одағына қарсы пайдалануды көздеді. Қолдарына қару беріп, майданға шығаруға ниеттенді. Керей ақсақал осылайша Түркістан легионына еріксіз қабылданады. Легион қатарында жүрсе де өзіміздің әскерге қосылуды армандаған бір топ жолдастарымен қашуға бел буады. Ақыры, бұл әрекеттері де жүзеге асады.
–Қашып шыққан соң қалың тұманды орманға сүңгіп кеттік. Қалың орманмен түнде жүріп, күндіз бой тасалаймыз. Осылай қашып жүріп, бір айдың шамасында қарулы адамдардың жасағына кезіктік. Бұлар югославиялық партизандар екен. Мақсатымыз да, тілегіміз де бір, яғни, неміс басқыншыларынан кек алу болғандықтан, олар бізді өздерінің қатарына қосып алды. Кейін біздің отряд Италия партизандарына қосылып, үлкен бір құрамаға айналдық. Содан соғыс аяқталғанша Италия жерінде жаумен айқасып, Жеңіс күнін жақындатуға бір кісідей үлес қостық. Соғыс аяқталған соң жергілікті партизандар үйлеріне тарай бастады. Біз қайда барарымызды білмейміз. Елге қайтайық десек, кеңес заңынан қорқамыз. Жау тұтқынында болғандарды аямайды деп естігенбіз. Осы жерде қалайық десек, туған елді аңсаймыз. Осылайша әрі-сәрі болып жүргенде Кеңес Одағынан консулдар келіп, бәрімізді Пези деген қалаға жинап, жиын өткізді. Олар бізге «елге қайтыңдар, үйде әке-шеше, жарларың мен бауырларың күтіп отыр» деген соң бөркімізді аспанға атып, қуандық. Бәрімізге екі пардан киім үлестірді. Содан не керек, үш ай жаяу жүріп, Украинаға келдік. Осы кезде жапондармен соғыс жүріп жатқан, бізді соған дайындай бастады. Кенет жоғары жақтан басқаша бұйрық келіп, бізді жау тұтқынында болғандар ретінде Сталинград қаласындағы Қызыл Октябрь деген танк жасау зауытына қара жұмысқа жіберді. Осында бір жыл жұмыс істеген соң қырық алтыншы жылдың жазында елге оралдым. Әлі күнге дейін ойлаймын, қаншама тозақ отын басымнан кешірсем де, елге аман-есен оралуыма шешемнің ақ батасы себепші болды ғой деп. Соғысқа аттанар алдында шешем «балам, от пен оқтың ортасына кетіп барасың, еңсеңді түсірме. Қандай жағдайға душар болсаң да жауға басыңды име, мына бәкі бойыңдағы бойтұмарың болсын. Аман барып, сау қайт» деп аналық ақ батасын беріп, кішкене ғана жаппа бәкіні беріп еді. Қандай қиыншылық көрсем де, сол бәкіні жанымнан бір елі тастаған емеспін. Соғыстан кейін өзіммен бірге алып келдім, – деп еске алады ақсақал.
Үйдегілердің қуанышында шек жоқ, шешесі жылап жүрсе, бауырлары қайта-қайта құшақтай береді. Кейіннен білсе, соғыс жылдары мұның атына екі бірдей «қара қағаз» келсе керек. Әйтсе де, «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген ғой бабаларымыз. Бірден астық дайындау пунктіне жұмысқа тұрады. Алдында күтіп тұрған құқайды  ол кезде сезбеген еді. Өшіккен ауылдастарының бірі үстінен пәле жауып, жау тұтқынында болған деп «домалақ арыз» айдап жібереді. Содан тұтқындалып, Көкшетау түрмесінде үш ай бойы азап пен қорлықтың сан түрін бастан кешіреді. Күні-түні бітпейтін бір тергеу, санаға қонбас сансыз сұрақтар. Содан не керек, Кащеев деген тергеуші бастаған «үштік» мұны ату жазасына кеседі. Әйтсе де, көрер жарығы әлі алда екен. КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы, халық
аузында «Бүкілодақтық староста» аталып кеткен Михаил Калининнің Жарлығымен ату жазасы 25 жыл түрмеге алмастырылады.
–Тағдырдың жазуы сол шығар, жазықсыздан-жазықсыз 25 жылды арқалап кете бардым. Ең алдымен, Башқұрстанның түрмелерінде, кейін Сібірдегі Прийск қаласында болдым. Ондағы көрген қорлықты ауызбен айтып жеткізе алмайсың, балам. Көреріңді көрмей, көрге кірмейсің деген осы екен. Қолымызда қайла мен күрек, жердің астынан алтын қазамыз. Күніне беретіні 150 грамм нан. Егер норманы артық орындасақ, оны аздап көбейтеді. Бара-бара токарьлықты үйрендім, сол жердегі қазақ жігіттерінің ішінен шыққан алғашқы токарь мен едім. Соның арқасында маған нанды да нормасынан артықтау беретін болды. Әлі күнге дейін есімде, қасымда Қарақалпақстанның Нөкіс қаласынан Әбдіхалық Наурызов деген жігіт бірге болды. Өзі бір пысықтау жігіт еді. Жарты нанды бірге бөлісіп жедік. Елу үшінші жылы Сталин өлген соң, бізде де ептеп жылымық сезіле бастады. Жігіттер біртіндеп босап жатты. Біз Әбдіхалық екеуміз де жоғары жаққа бірнеше мәрте хат жазғанымызбен, жауап жоқ. Бірде түнде түсіме шешем кіріп «Балам, жабығып жүрсің ғой, қамықпа, көп ұзамай елге, ортамызға аман-есен ораласың» деп аян берді. Бұл түсімді жақсылыққа жорыдым. Елу алтыншы жылдың басында Әбдіхалықты шығарды да, мені босатқан жоқ. Ол болса еліне бармай, бірден менің ауылыма жол тартады. Елде есепші болып істейтін ағайым бар еді, соның үйіне түседі. Ауылдағы кісілерден сұрастырып, маған пәле жауып, арыз жазған адамды іздеп табады да: «Керей Мусин үшін мен сенің жаныңды шығарамын, тезірек Ворошиловқа бар шындықты баяндап хат жаз», – дейді. Соның дүмпуімен мен елу алтыншы жылдың қыркүйек айында елге оралдым. Қараша айында үйлендім. Мен келген соң үш айдан кейін анам да бақилық болды. Әйтеуір, көзі тірісінде көріп қалдым,  – деп өткен күнді кемсеңдей еске алды ақсақал.
Күлбаршын атты қызға үйленген Керей Мұсаұлы Лавровка ауылындағы өрт сөндіру депосына жұмысқа орналасады, кейін сол мекеменің бастығы болып, зейнеткерлікке шыққанша сонда істейді. Құдай қосқан қосағы биылғы жылдың мамыр айында бақилық болып, өмірден озды. Екеуі үш ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, саналы тәрбие берді. Балаларының бәрі өмірден өз орындарын тапқан, бір-бір шаңырақтың иесі. Сол ұл-қыздарынан 12 немере, 20 шөбере сүйіп отыр, құдды бір тамырын тереңге жайған алып бәйтерек іспеттес. Қазір Көкшетау қаласында кенже ұлы Сейілбекпен бірге тұрады.
Керей ақсақал тек 1985 жылы ғана толық ақталып,  Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бірдей құқыққа ие болды. Оған дейін Жеңіс күнін үйде жалғыз қарсы алатын. Ордені де, медалі де жоқ, ешкім құттықтамайды да. Сонда да іштей езіліп, егілгенімен, жан күйзелісін ешкімге сездірмейтін. Осынша тозақ отынан өтіп, тағдыр тауқыметін қанша тартса да 93 жасар қария өткен күнге өкпе артпайды. «Жас буын, келер ұрпаққа не тілейсіз?» деп сұрағанымда: «Отаныңды сүй, халқыңа  адал қызмет ет және ешуақытта адамшылығыңды жоғалтпа!» деп жауап бергені де содан болар.
 Сөз соңында айтарым, бір ғана ақиқат бар. Керей Мұсаұлы сияқты қарапайым қазақ жауынгерлері ешқашан Отанын сатқан жоқ, оған опасыздық жасаған жоқ. Олар қайта Отанды сүюдің нағыз ерен үлгісін көрсетті.

 

Жанат СӘБИТОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар