Атамды мақтан тұтамын

Ұлы Отан соғысы жылдарында елімізде соғыс жалыны шарпымаған бірде-бір отбасы қалған жоқ. Бұл кезеңде  республика аумағында 50-ден астам әскери бөлім мен 25 құрылым жасақталып, олардың құрамында болғандардың жарты миллионға жуығы елге оралмады.

Осы орайда, мен 56 жасында бақилық болған майдангер атам Дүйсембек Көселбаев туралы естігенімді қағаз бетіне түсіруді парыз санадым.
Ол  1918 жылдың 9 мамырында бұрынғы  Целиноград облысының Вишневка ауданына қарасты Ералы ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепте білім алып, кейін колхозда еңбек етіпті. Шөп шабу, егін-орақ науқандарына жас күнінен қызу араласқан кісі болған деседі көргендер. Жиырма бір жасқа толған кезде Қызыл Әскер қатарына шақырылып, 245-інші атқыштар полкіне жіберілген. Сержанттық шендегі атам фин майданында пулеметші, бөлімше командирі болыпты. Ну орман, қалың қар мен сақылдаған сары аяздың алға  жылжуға қиындық тудырғанын айтып отырады екен көзі тірісінде. Алайда, жеңіліс дегенді білмеген біздің жауынгерлерге ештеңе де кедергі бола алмапты. Бұдан кейін неміс әскері Ленинград пен Кронштадты алуға күш салады. Сол 1941 жылы атам құрамында болған полк «Ленин» орденді 123-інші дивизияның 114-інші атқыштар полкі болып өзгеріп, Ленинград майданына жіберіледі. Дивизия орманды-батпақты жерлермен жүріп, 90 шақырымдық  темір-бетондық қорғаныстан өткен екен. Ал, полк бір жылдай Ленинград қаласының солтүстік жағын қорғаған. Ауыр танкілер қалаға қарай ағылып, ұшақтар көктен лек-легімен бомба тастап, «Өмір жолы» аталынған саяз су жолын қалт жібермей аңдиды.  Өлім мен өмір арасындағы сәтті сезген әрбір сарбаз жанын шүберекке түйіп, жауды жер жастандырып, шепті бұзғызбауды ғана ойлаған.
Атам Оразбек деген үлкен ұлына бірде мынандай оқиғаны айтып беріпті. «Өліп қаламын-ау деген үрей болды. Қарша бораған оқ. Жарылып жатқан бомба, снаряд. Жаудың қаруы көп. Ал, бізге барын сақтап, үнемдеп ату керек болды. Қару-жарақ тапшы. Көмек келіп үлгере ме, үлгермей ме белгісіз. Сондықтан, әрбір оғымызды көздің қарашығындай сақтап, нысанаға дәлдеп қана ататын болдық. Сөйтіп, қоршауды ұстап тұрдық»,  – депті қарт майдангер. Қандай ерлік десеңізші!
Дүйсембек Көселбаев «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығы», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталған. 1942 жылдың көктемінде атам ауыр бас жарақатын алып, госпитальге түсіп, артынша  елге қайтарылады. Бейбіт күнде  ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, Вишневка май зауытында директор болса, кейіндері аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Михайлов кеңшарындағы жұмысшылар кооперативінің төрағасы, сол жердің мұнай базасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Сондай-ақ, ол бір кездері Михайлов селолық кеңесінің депутаты да болыпты. Ал, әжеміз небәрі 45 жасында өмірден озған екен. Он баламен атам жалғыз қалады. Араға екі жыл салып, ол да бақилық болды. Марқұм асыл әжем Айтжанның орнын жоқтатпай балалардың барлығына да тағылымды тәрбие беруге, олардың адал болып өсулеріне ықпал еткен Оразбек пен Роза тәтеміз. Әкем Жанат Дүйсембекұлы ата-анасы туралы айтқанда, жүрек түбіндегі сағынышын жасыра алмай, көзіне ылғи жас алады. Ата-ананың орны бала үшін қашанда бөлек қой.  Міне, содан қырық жыл өтсе де, әкесі мен анасына деген әкемнің сағынышы артпаса, кеміген емес.
Біз – Көселбаев отбасының балалары мен немерелеріміз. Бәріміз майдангер атамыздың өнегеге толы істерін ойға түйіп, оны мақтан тұтамыз. Сонау сұрапыл соғыста біздің бейбіт өміріміз үшін жан берген әрбір жауынгерге мың тағзым. Олардың есімі біз үшін аса қастерлі де қасиетті болып қала бермек.
Динара КӨСЕЛБАЕВА,
немересі,
Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі.
Астана

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар