Мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы жақсарып келеді

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Респуб-ликасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дархан Хайруллин «департаменттің негізгі бағыттары бойынша 9 ай ішінде атқарылған жұмыстың қорытындылары туралы баяндады.

Облыстың мемлекеттік аппараты кадрларының жай-күйіне жүргізілген мониторинг қорытындысы мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамының жақсарғанын көрсетеді.
– Мемлекеттік қызметшілердің 88 пайызы жоғары білімді, оның ішінде 17 пайызы екі не одан да көп жоғары оқу орындарын бітірген. Олардың мемлекеттік қызметтегі орта еңбек өтілі тоғыз жылдан, лауазымдағы орта еңбек өтілі төрт жылдан асады. Қызметшілердің 65,3 пайызы әйелдер, олардың 21 пайызы басшылық лауазымдарды иеленген, – деді Дархан Хайруллин өз сөзінде.
Қазіргі таңда облыс бойынша мемлекеттік қызметтің беделі артып келеді. Жыл басынан бері мемлекеттік қызметке алғаш рет 420 адам қабылданса, бұл ретте конкурстарға қатысушылар санының 12 пайызға артқаны байқалады. 2232 азамат заңнаманы білу бойынша тестілеуден өтіп, оның 48 пайызы оны сәтті тапсырған. Қызметшілердің мансаптық өсу қарқыны да ойдағыдай. Бұған қоса, мемлекеттік тәртіпті нығайту және әдеп бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі жұмыстың қорытындыларымен бөліскен департамент басшысының орынбасары облыста 67 Әдеп жөніндегі уәкіл жұмыс істейтінін, олардың жұмысы Әдеп кодексінің нормаларын бұзудың алдын алуға, мүдделер қақтығысын болдырмауға немесе оларды жоюға, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауға бағытталғанын жеткізді.
Ақмола облысында 880 өзіне-өзі қызмет көрсету мүйістері жұмыс істейді. Онда еріктілер азаматтарды Egov.kz порталымен жұмыс істеу дағдыларына үйретеді. Барлық мүйістер қажетті компьютерлік техникамен және перифериялық құрылғылармен жабдықталған. Көкшетау қаласындағы жалпыға қолжетімді орындарында орналасқан олардың мекен-жайларын 2GIS мобильді қосымшасынан табуға болады.
Жалпы, жыл басынан бері мемлекеттік қызметтің 94 пайызы электронды түрде көрсетілген. Бұл көрсеткіш өткен жылы 83 пайызды құраған. Сонымен қатар, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жалпы санының артып келе жатқаны да байқалады. Биылғы жылдың 9 айы ішінде барлығы 4 миллион 569 221 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Жұмыстың маңызды бағыты халықпен сапалы кері байланысты қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударылған. Аталмыш департамент «Шанс» қоғамдық қорымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды қызметтерді электронды түрде алу дағдыларына оқытқан. Бұл бағыттағы жұмыс оларға уақыт пен қаржы шығындарын азайтып, анықтамалар, куәліктер, басқа да қажетті құжаттар алуды жеңілдетуге әрі жылдамдатуға мүмкіндік берері сөзсіз.
Брифингте мемлекеттік қызметшілерге сыйлық беруге тыйым салынатын қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер де түсіндірілді. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны белгілі. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілерге қатысты қабылданған заңның тармақтарының бірі сыйлықтар алуға тыйым салу мәселесі болып табылады. Егер бұрын Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексіне сәйкес құны 10 АЕК-тен асатын сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынған болса, қазір Заңмен мемлекеттік қызметшілерге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған өзге де тұлғаларға беруге рұқсат етілген сыйлықтың шекті құны жойылды. Яғни, Азаматтық Кодекстің 509 бабына сәйкес бұдан былай мемлекеттік қызметшілерге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған өзге де адамдарға, сондай-ақ, олардың отбасы мүшелеріне сыйлық беруге, егер мұндай әрекеттер аталған адамдардың қызметтік өкілеттіктеріне кіретін болса немесе лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге ықпал етуі мүмкін болса жол берілмейді. Оған қоса, мемлекеттік қызметшіге және оның отбасы мүшелеріне тіпті олардың қалауынсыз немесе білмеуінсіз келіп түскен сыйлықтар 7 күн ішінде Ақмола облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне жіберілуі тиіс. Осы сыйлықтарды белгіленген тәртіпте сатып алу мүмкіндігі сақталатынын да баса айтқан спикер бұл ретте, аталған заңнамалық шектеу мемлекеттік қызметшінің жеке өмірінен туындайтын жағдайларға қолданылмайтынын жеткізді. Мысалы, отбасылық-салтанатты іс-шаралар барысында ол туыстары мен жақындарынан сыйлықтар ала алады. Бұған қоса, Заңда мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген өзге де адамдардың жақын туыстарымен, жұбайларымен және жекжаттарымен бірлесіп жұмыс істеуіне жол бермеу туралы нормаларды күшейту көзделген.
Брифинг барысында хабарламашы департаменттің жұмысы туралы жан-жақты айта келе, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар