Теңге – экономикалық тәуелсіздігіміздің негізі

Еліміздің егемендігін айқындайтын мемлекеттік рәміздермен қатар, оның тәуелсіздігінің бірдей маңызды атрибуты, экономиканы басқарудың және мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің негізгі құралы –ұлттық валюта. Әр елдің ұлттық валютасының қалыптасуына, сол ел ішіндегі әртүрлі экономикалық және саяси процестерінің ықпалы әсер етті және валютаның пайда болу тарихының өзіндік ерекшелігін айқындады.

Қазақстанның ұлттық валютасының тарихы Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 12 қарашадағы №1399 «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығымен басталды, соған сәйкес 1993 жылғы 15 қарашада ұлттық валюта – теңге Қазақстан Республикасының аумағында айналымға енгізілді.
Қазақстан Республикасында ұлттық валютаны енгізу қажеттілігі ақша айналымының бірыңғай жүйесі ыдырағаннан кейінгі ТМД елдеріндегі апатты экономикалық жағдайға байланысты болды. Гиперинфляциялық процестер Достастық елдерінің ұлттық экономикасының барлық салаларында өндірістің құлдырауын күшейтті, халықтың өмір сүру деңгейі айтарлықтай төмендеді, жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы төленбеді. Мемлекет пен халықтың экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі өздерінің төл валютасын шығару туралы шешім қабылдады. Қазақстанда ұлттық валютаны құру өте қысқа мерзімде жүзеге асырылды – бір жылдың ішінде.
Қазақстандық банкноттардың алғашқы партиясын ағылшынның «Harrison & Sons» компаниясы басып шығарды. Қазақстандық теңге Англияда 1995 жылға дейін шығарылды, ал 1995 жылдың 19 мамырынан бастап барлық теңгелік номиналдар Қазақстан банкнот фабрикасында шығарыла бастады. Елдегі күрделі экономикалық ахуалды және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті ескере отырып, кеңестік рубльді ұлттық валютаға өте қысқа мерзімде – 1993 жылғы 15 қарашада таңғы 8-ден 1993 жылғы 20 қарашадағы кешкі 6-ға дейін ауыстыру туралы шешім қабылданды.
Осы кезеңде тәулік бойы жұмыс істеген Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік банкінің және екінші деңгейдегі банктердің қызметкерлері халық пен кәсіпорындар тапсырған кеңес рубльдерін жинау, өңдеу және қайта санау бойынша орасан зор жұмыс атқарды. Нәтижесінде, аз уақыт ішінде теңге Қазақстандағы жалғыз заңды төлем құралы болды. Біздің аумақта осы компанияны жүзеге асырудың негізгі ауыртпалығын көтерген Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік банкінің Көкшетау облыстық басқармасы қызметкерлерінің риясыз еңбегін ерекше атап өткім келеді.
Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға шығарылуының 27 жылдығы, Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін тарихи маңызды объективті баға беруге мүмкіндік береді. Ұлттық валютаның енгізілуі елдің экономикалық тәуелсіздігіне қол жеткізді, дербес ақша-несие және салық-бюджет саясатын жүргізу мүмкіндігі ашылды, қазақстандық банк жүйесі құрылды, нарықтық экономиканы құруға бағытталған құрылымдық реформалар жеделдетілді. Аталған факторлар мемлекеттің тұрақты экономикалық өсуін және халықтың әл-ауқатының жоғарылауын қамтамасыз етті.
Ұлттық Банктің Банкнот фабрикасы мен Теңге сарайы озық технологияларды қолдана отырып басып шығаратын ұлттық валютамыздың сапасы, дизайны жағынан ғана емес, сонымен қатар, сенімділігі жағынан да халықаралық сарапшылардың танымына ие болуына қол жеткізгенін атап өткен дұрыс. Қазіргі уақытта теңге әлемдегі валюталардың қауіпсіздігі жағынан алдыңғы қатардағы валюталардың бірі болып табылады. Қазақстанның банкноттары мен монеталары жылдан жылға беделді байқаулар мен көрмелерге қатысып, жеңіске жетуде.
Салыстырмалы қысқа тарихи кезең ішінде Қазақстан табысты экономика мен тұрақты қаржылық жүйені құруда орасан зор жұмыс атқарды. Ел басшылығының теңдестірілген және ойластырылған саясаты мен Ұлттық Банктің экономикадағы және оның қаржы секторындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларының арқасында, теңге тұрақты және мойындалған дүниежүзілік ақша бірлігі ретінде орнықты және өзін танытты, ол әрқашан халықтың игілігі үшін қызмет етеді, біздің мемлекетіміздің байып, гүлденуіне ықпал етеді.
Теңгенің тарихы – бұл қазіргі Қазақстанның тарихы.
Баршаңызды ұлттық валюта – Теңге күнімен, Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, қаржылық әл-ауқат, жемісті еңбек және кәсіби жетістік тілеймін!

Марат БАРЛЫБАЕВ,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Ақмола филиалының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар