Қашан көлік жүргізушілері мәдениеттілікке, жаяу жүргіншілер тәртіпке үйренеді екен?!.

Қараша келіп, қар бір еріп, бір қатып жатқан кез. Самал әдеттегідей кешкі эфирді жүргізу үшін телеарнаға қарай аяңдап келеді. Күнде жұмысына барып жүрген жаяу жүргіншілер жолынан өте бергенінде әлдебір көлік қатты жылдамдықпен тура жамбасынан соққанда бойжеткен жаңа қатқан мұздың үстіне ұшып түседі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын басынан өткерген көлік апатын Көкшетау қаласының тұрғыны Самал Жүсіпова әлі күнге дейін қорқынышпен еске алады. Бұл жағдайдан кейін кейіпкеріміз мүгедек болып қала жаздаған.  Осыдан бірнеше жыл бұрын басынан өткерген көлік апатын Көкшетау қаласының тұрғыны Самал Жүсіпова әлі күнге дейін қорқынышпен еске алады. Бұл жағдайдан кейін кейіпкеріміз мүгедек болып қала жаздаған.  –Кеш болатын. Жер де тайғанақ еді. Ойымда дәнеңе жоқ, жұмысыма бара жаттым. Жаяу жүргіншілер жолынан өте бергенімде кенеттен бір көлік шыға қалып, мені аударып түсірді. Содан жамбасым сынып, бас ми жарақатымен бірнеше ай ауруханада төсек тартып жаттым. Мүлде тұра алмайтын шығармын деп ойладым. Екі жылдай оңалту курстарынан өткеннен кейін ғана денсаулығым қалпына келе бастады. Соның өзінде қазір сүйектерім сырқырап, басым  ауырады. Ұзақ уақыт түрегеп тұра алмаймын. Апаттан кейін еңбекке қабілеттілігім төмендеді, – деген  кейіпкеріміз өзін соғып кеткен көлік жүргізушісі тиісті жазасын алғанын және материалдық шығындарын өтегенін айтты. Алайда, сол кеште Самалдың жүрегін билеген үрей әлі де кетер емес. Жол апатына түскелі ол жолдан өтуге қорқатын болған. Иә, бүгінде кейіпкеріміз секілді жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен жандар қаншама?! Ақмола облыстық полиция департаменті  жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың он айында облыс аумағында 486 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 87 адам қаза тапқан, тағы 743 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Бұл қайта азайғаны дейді аталған басқарма бастығының орынбасары Әсет Байтеленов. Оның айтуынша, былтырғы жылдың есепті мерзімі ішінде бұдан 14,6 процентке көп, яғни, 569 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Жол-көлік оқиғаларына көбіне-көп көлік жүргізушілерінің жол-көлік ережелерін сақтамауы, тәртіп деңгейінің төмендігі себеп болатын көрінеді.  –Бізде айына екі рет жол қозғалысы ережелерінің сақталмауының себебін анықтау бойынша рейд жүргізіледі. Одан бөлек, алты автопатруль мен жаяу құрам облыс орталығындағы жолдарды тексеріп отырады. Сондай кезде жол жүрісі қағидаларын бұзатын,  белгіленбеген жерде жолды кесіп өтетін жаяу жүргіншілер, жылдамдықты асыратын көлік жүргізушілері жиі ұсталады. Біреу жұмысына, енді біреу маңызды кездесуге баруға жанталасатынын түсінеміз.  Бірақ, қанша кешігіп бара жатса  да, адамдар жолда абай болуы керек. Әр адамның жауапкершілік сезімі болуы тиіс, – деген полиция подполковнигі Әсет Байтеленовтың тұрғындарды жолда барынша сақ болуға шақырған пікірі орынды-ақ. Осыны жол қозғалысына қатысушы әр адам ұғынса ғой. Әсіресе, мас күйінде көлік жүргізетіндерге жазаны қатаңдату қажет секілді. Масайған күйінде рөлге отырған адам үшін өзге біреудің өмірінің көк тиын да құны жоқ. Жуырда Бурабай ауданында мас көлік жүргізушісінің патрульдік көлікті қатты жылдамдықпен соғып, соның салдарынан екі тәртіп сақшысының қаза тапқаны осы сөзімізге дәлел емей немене?! Ішімдікке сылқия тойған бәзбіреудің кесірінен екі бірдей отбасы қара жамылды. Жалпы, 2020 жылдың он айында облыс аумағында 928 мас көлік жүргізушісі ұсталып, оларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 608-бабы бойынша жаза тағайындалған. Мас күйінде ұсталған тағы 153 көлік жүргізушісі Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша жауапқа тартылған. Осы арада айта кетейік, бірінші рет мас күйінде ұсталған көлік жүргізушісі 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылады және 20 сөткеге әкімшілік қамауға алынады. Ал, егер жүргізуші куәлігінен айырылған адам көлік жүргізсе, оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, темір торға тоғытылады.   Жасыратыны жоқ, кейде жаяу жүргіншілерге арналған жолмен келе жатқанда көліктер өткізбей зуылдап алдыңнан өте шығады. Ондайларға республикамыздың Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңында жаза қарастырылған. Аталған заңның 600-бабы бойынша жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн көлік жүргізушісі бiр жыл iшiнде әлгі әрекетін қайталаса, оған он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Бұлар да біздің ойымызша, жеңіл жаза.  Жергілікті полиция қызметі басқармасының бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың он айында жылдамдықты асырған 25887 көлік жүргізушісіне әкімшілік айыппұл салынған. Бұл былтырғы жылдың есептік мерзімімен салыстырғанда 7382-ге көп. Демек, жылдамдықты асыратын көлік жүргізушілері де көбейген. Жол-көлік ережесін бұзатындардың қатарында такси, автобус секілді қоғамдық көлік жүргізушілері де бар. Биыл «Автобус» шарасы кезінде сондай 728 дерек тіркеліпті. Мәселен, автобус жүргізушілері аялдамаға әріптесінен бұрын жетуі үшін бірін-бірі басып озып, бәсекелесетін кездерін де көріп қаламыз. Ал, бұлай өздерін еркін сезіну жазатайым оқиғаға да алып келуі мүмкін. Мүмкін емес-ау, кей кездері солай болып та жатады. Осы арада біз тәжірибелі такси жүргізушісі Ғалихайнар Жоламановты әңгімеге тартқан едік. Оның пікірінше, қазіргі заманда жүргізуші куәлігін сатып алып, жол ережелерін білмей көлік айдайтындар көп. Күн сайын жолда келе жатып қымбат көлік мінген жастардың жылдамдықты асырып, басқаларды жолда ығыстыратынын жиі байқайды екен. –Техниканың аты техника, қанша тырыссаң да, бірден тоқтата алмайсың. Әсіресе, тайғанақ күндері қауіпті. Сол үшін адамдар жолдан өтерде жан-жақтарына қарау керек. Тіпті, бағдаршам бар жерден, жаяу жүргіншілер жолынан өткенде де, көліктің қандай жылдамдықпен келе жатқанын қарап алу қажет. Тағы бір айтарым, көліктің артқы шамдарын тонировкалаған дұрыс емес. Ондай шамдар дұрыс көрінбейді. Сосын бұрылу сигналы мен тежеуіш шамдары әрдайым үлкен болу керек. Осындай жайттарды техникалық байқаудан өткізу кезінде дұрыстап қараса, – дейді такси жүргізушісі.   Биыл күз ұзақ болғанымен, қаһарлы қыстың ауылы да алыс емес. Жол сақшыларының айтуынша, бұл – жол-көлік оқиғаларына нағыз қолайлы мезгіл.  Сол себепті, тәртіп сақшылары көлік жүргізушілеріне қазірден қамданып, дөңгелектерді қысқыға ауыстыруды ескертеді. Жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында облыстық полиция департаментімен «Қауіпсіз жол», «Салауаттылықты бақылау», «Автобус» секілді іс-шаралар күнделікті өткізіліп, жолдардың апатты-қауіпті бөліктері патрульдеу маршруттарымен күн сайын тексеріледі. Облыс орталығындағы көшелерде жол қозғалыс ережелерінің сақталуын жедел басқару орталығының мамандары қадағалап отырады. Мәселен, биыл Көкшетау қаласына жаңадан 25 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сонымен қаладағы бейнебақылау камераларының саны елуге жеткен. Ресми мәліметтерге сүйенсек, дамыған Еуропа елдерінде соңғы жылдары жол-көлік оқиғалары әжептәуір төмендеген екен. Оның себебі – фото-бейнеге түсіру камераларын көбейтуде. Мәселен, Мәскеу бүгінде автоматтандырылған кешендерге толы. Мұнда автокөліктердің көптігіне қарамастан, шағын қалаларға қарағанда апаттар аз болады екен. Осылайша әлемдік тәжірибе жол апатының алдын алу үшін бақылау- техникалық құралдарын дамытып, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде фото-бейнеге түсіру жүйелерінің мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігін көрсетіп отыр. –Қазір көлік көп. Армениядан қаншама көлік әкелінді. Облыс орталығындағы көліктердің 10-12 пайызы осы елдікі. Қырғызстаннан да әкелінген көліктер жүр. Көкшетаудағы көліктердің жартысына жуығы Ресейден әкелінгендер. Бір сөзбен айтқанда, көліктер көбеюде. Ал, жолдарымыздың көбі Кеңес заманында салынған жолдар. Былтыр облыс орталығындағы Горький, биыл Ғабдуллин көшелері кеңейтіліп, қала көшелеріне түсетін жүктеме біраз азайғандай болды, – деген облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция подполковнигі Қуанышбек Әбенов әр жүргізушіде мәдениеттілік, жауапкершілік болса, жол-көлік оқиғаларын камераның көмегінсіз-ақ азайтуға болады деген пікірін жеткізді. – «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, қазір тіпті, жаяу жүргіншілер жолынан өтетін кезде де, алдымен келе жатқан көліктерді өткізіп, сосын барып қана өзім өтем. Ешқашан белгіленбеген жерде жолды кеспеймін, – дейді жоғарыда әңгімеге тартқан кейіпкеріміз Самал Жүсіпова. Осы мақаладағы қай пікірді алып қарасақ та, көлік жүргізушілеріне мәдениеттілік, жаяу жүргіншілерге сақтық керектігін аңғартып тұрғандай.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ, «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар