Көкшеде туып, қазақты танытқан халық ұлы

Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мәлік Ғабдуллин хақында  жазылып та, айтылып та жүр. Десек те, жазушы, академик, даңқты жерлесіміз туралы тағы бір мәрте әңгімелесек, артық болмас. Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада бұрынғы Көкшетау облысының Зеренді ауданы Қойсалған ауылында туған.

Жазушының балалық шағы жайлы мәліктанушы ғалым Серік Негимов:
– Мәлік бір үйдегі он баланың бірі.  Онымен бірге туған бауырлары алты  ұл мен үш қыз  шешелері Әлиямен қоса,  1932 жылғы ашаршылықтың құрбаны болған. Аман қалғаны тек Мәлік қана, – деп жазады. Тағы бір деректе Мәлік Ғабдуллиннің немере інісі Сәкен Бекенов оның жастайынан батыл болып өскенін айтады.
– Бекен деген атамыз болды. Ол – мерген, аңшы екен. Мәлік ағамыз сол кісінің тәрбиесін көрді. Алладан тілеп алған жалғыз ұл еді. Мәлік ағамыз дүниеге келер кезде Бекен атамыз қасқырдың арланын атып алған екен. Оны інісі Ғабдоллаға берген. Құдайға шүкір, батыр ағамыз қазақ елінің мақтанышы болды, – дейді ол «Өмір жолы» атты деректі фильмінде.
Мәлік атамыз жастайынан еті тірі, ақылды, қайсар бала болып өседі. Сегіз жасынан ауылынан екі шақырым жерде орналасқан Құлет ауылындағы мектепке барып оқып, содан бастауыш сыныпты аяқтап, Көкшетау қаласындағы коммуна мектебіне қабылданады.
Бүгінде Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин  музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек жазушы Сәбит Мұқанов пен Мәлік атамыздың қалай танысқанын былайша әңгімелейді:
– Бірде Сәбит Мұқанов іссапармен Көкшетау қаласындағы вокзалға келеді. Онда бір жауынгер тұтқынды алдына салып, айдап барады екен. Қолында қызыл шүберек байланған, қасында бір пионер бар. Баланың түрі есімде қалып қойды. Кейін танысымның үйіне барып дем алдым. Біраз уақыттан соң, мені «сізді бір бала шақырып тұр» деп үйдің иесі оятты. Оянсам, бағана вокзалдан көрген бала маған келіп сәлем беріп тұр екен. Ол маған «сізді мектепке кездесуге шақыруға келдім. Атым Мәлік» деп өзін таныстырады. Мен мектепке баруға келісімімді бердім».
Міне, осыдан кейін қазақтың ұлы жазушысы Мәлік атамыздың шығармашылық қабілетін қалай байқағанын жазады.
«Мені мұғалімнен бастап, оқушылардың өзі жылы қабылдады. Оқушылармен кездесуді өткіздім. Сол кездесуде Мәлік атты бала менің шығармашылығым туралы жақсы баяндама жасады. Мен сүйсіндім». Осылайша 14 жасында Мәлік атамыз сол кездегі қазақ елінің астанасы Алматыға оқуға аттанады. Ол алғашында ауыл шаруашылығы институтының дайындық курсында білім алады. Бірақ, кейіннен ойын өзгертіп, басқа мамандықты таңдайды.
– Мәлік Ғабдуллин Алматы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүрген кезінде Сәбит Мұқановтың ақылымен сол кездегі ҚазПИ, яғни, қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға ауысады. Алғашқы кезде жататын орын болмай, Сәкен Сейфуллинің пәтерінде тұрады. Оқып жүріп, бір күні баспаға келеді. Ауылдан келген бала кітаптың, газеттің қалай басылатынына қызығушылығы оянып, көргісі келеді. Осылайша баспада Мәлік атамыз бен Бейімбет Майлин танысады. Ол кісі сол баспаның басқарушысы болған екен. Екеуі біраз әңгімелескеннен кейін оның зерек бала  екенін аңғарады да баспаға жұмысқа шақырады. Осында оқып, жұмыс істей бер дейді. Қателеспесем, Мәлік атамызға айына 80 тиыннан ақша төлеп тұрған, – дейді Мәлік Ғабдуллин  музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек «Өмір жолы» деректі фильмінде.
Сонымен, Мәлік атамыз 1931 жылдың қыркүйегінен 1935 жылдың шілдесіне дейін Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінің студенті болады.  1935 жылдан 1937 жылдың қарашасына дейін Өзбекстанның Ферғана қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. Одан кейін 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасады. 1938 жылы «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары, КСРО ғылым академиясының қазақстандық филиалындағы тіл және әдебиет институтында ғылыми қызметкер міндетін абыроймен атқарады. Сөйтіп, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Мәлік атамыз алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады. Ол соғыста аға саяси жетекші болады. Осылай Отан үшін от кешкен жауынгердің өмір жолы жалғасады. Ал, бұл туралы «Өмір жолы» деректі фильмінде Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Мұратбек Оспанов:
– Ол жауынгерлердің рухын көтеруге бар күшін салған. Соғысқа аттанған қазақтардың көбі орысша білген жоқ. Мәлік ағамыз олардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Қазақ әскерлерінің рухын көтеріп, оларға білгенін үйреткен, – деп атап көрсетеді.
Батыр атамыздың майданда шыңдалғаны баршамызға белгілі. Ол қан майданда Иван Панфиловтың басқаруындағы 8-гвардиялық дивизияда шайқасады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік Ғабдуллин әскерлердің біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистерге жойқын соққы беріп отырған. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқастарда стратегиялық маңызы зор Бородино селосын жаудан тазартуда ерлігімен көзге түскен.
Немістер шабуыл жасаған сәтте Мәлік бастаған топ соғыстың алдыңғы шебінде болады. Олармен байланыс үзілді. Басшылықтан «кері шегініңдер» деген бұйрық болады. Бірақ, алдыңғы шептегі әскерлер оны естімей, қоршауда қалып қояды. Кейін Мәлік ағамыз әскерімен бірге қоршауға түскенін есіне алады. Ол барлық жауынгерді сапқа тұрғызып, «шепті не бұзамыз, не өлеміз. Жауға берілуге болмайды» дейді. Осылайша ол жау қоршауын бұзып шығады.
Сөйтіп, кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, 12 солдатын тұтқынға түсіреді. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. Соған қарамастан, ол шабуылды тоқтатпайды. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының Жарлығымен 1943 жылдың 30 қаңтарында Мәлік атамызға Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалі қоса тапсырылады.
Мәлік Ғабдуллин қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың қазасынан кейін оған Кеңес Одағының Батыры атағын бергізу үшін бар күшін салады.
Мәлік Мәншүктің қазасын ести салысымен, дереу Невель қаласына келеді. «Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?» деп жанындағы әскерлерге сауал жолдайды. Олар Мәншүкті екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Бұған Мәлік Ғабдуллин қатты ашуланып, «Алматы мен Мәскеудің арасы мейлі, төрт мың-ақ шақырым болсын. Қазақтың жиырмаға жаңа толған қызы алыстан Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып, соғысамын деуінің өзі ерлік емес пе? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар. Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса Калининнің өзіне барамын. Тіпті, Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, «менің Мәлік атым құрысын, өзімнің жұлдызымды берем» деп қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді.
Осылайша арада жарты жыл өткен соң, 1944 жылы 5 наурызда Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Енді батыр атамыздың қазақ әдебиетінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне келер болсақ, соғыстан кейінгі жылдары Мәлік Ғабдуллин ғылым саласында қызмет атқарады. 1946-1951 жылдары Қазақ КСР ғылым академиясының тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, кейін директоры болған. Ал, 1951-1963 жылдары Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының ректоры, 1963 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Мәлік Ғабдуллин 1947 жылы «Қобыланды батыр» жырын ғылыми-зерттеудің проблемалары» атты кандидаттық диссертация қорғаған. Оған қоса, «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген монографиясында халқымыздың лиро-эпосы, батырлық жырлары, ертегі-аңыздары, тұрмыс-салт өлеңдері, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, суырып салма өнері туралы ғылыми-зерттеулер мен қорытындыларын жасаған. Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды. Мәлік Ғабдуллиннің зерттеген негізгі еңбектері – қазақ халқының батырлық эпостары, мақал-мәтелдері, айтыстары мен халық әндері. Ол қазақ әдебиетінің көп томдық тарихын шығаруға күш салды. Оның «Қазақтың батырлық эпостары» атты зерттеу еңбегі 1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болған.
М.Ғабдуллин КСРО Жоғарғы Кеңесінің 2-4 шақырылымдарының депутаты. КСРО Жоғарғы Кеңесі парламенті тобының құрамында 1953 жылы Финляндияда, 1957 жылы Бельгияда болған.
Мәлік атамыз  «Алтын Жұлдыз», «Майдан очерктері», «Менің майдандас достарым», «Сұрапыл жылдар», «Ел намысы – ер намысы» атты шығармаларын жазды. Әдеби туындылары И.П.Щеголихиннің көмегімен орыс тіліне аударылған.
Мәлік Ғабдуллин 1973 жылы 2 қаңтарда 58 жасқа қараған шағында Алматы қаласында дүниеден өтті. Оның Алматыда тұрған үйі мен қызмет атқарған институтында батырға арнап мемориалды тақта орнатылған.
Бүгінде өзі туып-өскен Зеренді ауданындағы мектеп пен көше Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады. Көкшетауда батырға ескерткіш орнатылған. Сондай-ақ, музейі жас ұрпаққа қызмет етіп келеді. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы  көшелерге Мәлік атамыздың есімі берілген. Міне, біздің даңқты жерлесіміздің ерлік пен өнегеге толы өмір жолы осындай.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретте: қазақтың қос ержүрек ұлдары Талғат Бигелдинов пен Мәлік Ғабдуллин.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар