Инвестициялық бағдарламалар іске асырылуда

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақмола облыстық департаменті мен «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» акционерлік қоғамы (АЭҮК) бірлесіп, республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырып, кәсіпорынның активтерін жаңғырту жұмыстары және инвестициялық бағдарламалардың орындалу барысын таныстырды.

Аталмыш компанияның инвестициялық бағдарламасы облысымыздың 14 ауданындағы электр желілерін және электр құрылғыларын қайта құруға бағытталған. Жыл сайын бұл бағдарлама аясында күрделі жөндеу жұмыстары мен тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету тұрғысында көптеген шаралар жүзеге асырылуда.
Журналистер үшін арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы жаңадан орнатылған қосалқы станса мен  Целиноград ауданындағы Қабанбай батыр ауылындағы электр қуатын үлестіру желісі нысандарымен танысты.
Жібек жолы ауылындағы «Новоалександровка» қосалқы стансасы Астана қаласы жанында қарқынды дамып келе жатқан елді мекенді электр қуатымен толық және сапалы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған стансада бұған дейін қолданылып келген ескі қондырғылар алынып, оның орнына әлемдік стандарттарға сай микропроцессорлық блоктар мен элегаздық ажыратқыштар орнатылған.
Ал, Қабанбай батыр ауылында электр қуатын үлестіру желілерін қайта құруға ұзындығы 17 шақырым аспалы, оқшауланған сымдар тартылған.
Жалпы, компания 2015 жылға бекітілген барлығы 2,32 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобаны толық жүзеге асырған. Қызмет көрсету аумағының жалпы көлемі 114 мың шаршы метрді құрайтын бұл компания, барлығы 2,9 мың шақырым электр желілері арқылы облысымыздың 14 ауданын қамтамасыз етеді.
Қорыта келгенде, «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» ационерлік қоғамы облыс аудандарына электр қуатын тарату тұрғысында өз жұмысын сапалы атқарып отыр деуге толық негіз бар. Оған үздіксіз берілетін электр қуаты мен уақытында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар айқын дәлел.

Талғат ҚАСЕН.
Аршалы, Целиноград аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар