Ауыр және аса ауыр қылмыстар көбейген

Ақмола облысының әкімдігі жанындағы құқық бұзышылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында өңірде ұсақ және орта дәрежедегі құқық бұзушылықтар 34 пайызға азайғанымен, ауыр және аса ауыр қылмыстар күрт көбейгені айтылды. Аталған комиссия отырысына аймақ басшысы Ермек Маржықпаев төрағалық етті.

Құқық бұзышылықтың алдын алу мәселелері бойынша жұмыс жүргізіп келе жатқан комиссия отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, облыстың бас прокуроры, полиция департаментінің бастығы және салалық ведомстволардың басшылары қатысты.

Карантин өмірімізге көптеген өзгерістер әкелді. Төтенше жағдай жарияланып, елімізде біршама адамдар табыс көзінен айырылып, үйлерінде отырды. Осы тұста еліміз бойынша түрлі дәрежедегі қылмыстар мен құқық бұзушылықтар көбейді. Сонымен бірге, өкінішке орай, облыста «жантүршігерлік оқиға болды», «қайтыс болды», «өлтіріп кетті» деген жаңалықтарды да жиі естіп қаламыз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста құқық бұзушылықтардың саны 34 пайызға төмендеген, бұл ұсақ және ауырлығы орта дәрежедегі қылмыстардың азаюымен байланысты. Ал, ауыр және аса ауыр қылмыстар керісінше күрт көбейген. Бұл жағын полиция департаментінің өкілдері заңға енгізілген өзгертулермен тікелей байланысты деп түсіндірді.

Қылмыс қоғамда болып жатқан жағдайлармен тікелей байланысты. Бұл экономикалық, әлеуметтік және рухани проблемалардың айқын көрсеткіші екені анық. Тұрмыстық жағдайдың нашарлығы, спирттік ішімдіктерді ішудің соңы қашанда жанжалға, тіпті ауыр қылмысқа әкеп соғып жатады. Осылайша, заң бұзышылыққа көбінесе тұрмысы төмен, жұмысы жоқтар барады. Аса ауыр қылмыстардың 90 пайызын ішімдікке тойып алып, мас күйде жасалған дейді мамандар.

Сондай-ақ, комиссия отырысында облыста Интернеттегі онлайн қызмет арқылы алаяқтардың шырмауына түсіп, алданып жатқан адамдардың да құқықтары бұзылып жатқандығы жөнінде, жол апатының салдарынан орын алып жатқан қайғылы оқиғалардың себептері мен оларды алдын алу мәселелері де көтерілді.

Ақмола облысының бас прокуроры Айдос Майлыбаев облыста соңғы кездері адам өліміне қатысты қылмыстардың көбейіп бара жатқандығына ерекше көңіл аударып, 1600-ден астам қылмыскер бұрын да істі болған не болмаса есепте тұрған тұлғалар екендігін атап өтті. Бұл орайда, облыс әкімі қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар