Ісмерлікті әжесінен үйренген

Ісмерлікті әжесінен  үйренген

Қазақтың ұлттық қол өнерінің атажұртты аңсап келген қандастардың да еңбегі бар. Олардың қазақтың ою-өрнегін, бесігін, ұлттық тағамдарын саф алтындай сақтап, бүгінгі күнге дейін жеткізгенін, оны өздерімен бірге алып келіп, ата жұртына насихаттағанын естігенде риза боласың. Сондай он саусағынан өнер тамған жандардың бірі Фариза Хавдеш Аршалы ауданының Волгодоновка ауылында тұрады.

Фариза Моңғолияның Баян Өлгей аймағынан ата-бабасының туған еліне көшіп келіп, шаңырақ көтеріп, баста-
уыш сынып мұғалімі болып еңбек етуде. Бойындағы қайраты пен жігері оның қызмет баспалдағында жоғарылауына мүмкіндік берді. Қатардағы мұғалімнен мектеп директорының міндетін атқаруға дейін қол жеткізіп отыр. Міне, осындай жауапты қызметте жүрсе де, Фариза қолынан ине-жібін тастаған емес.
Жалпы, адамның өзіне ұнайтын, жаны қалаған сүйікті ісі болады. Сол арқылы әркім өзінің қажеттілігін өтейді. Сүйікті іспен қалаған сәтте айналысу демалыстың да бір түрі. Ал, табыс көзі ретінде бағаласа кәсіпке жататыны тағы бар. Бала күнінде үлкен әжесінің бауырында болған Фариза киіз басу, төр көрпе тігу, әр түрлі бояуларды қосып, киізді өңдеу технологиясына дейін жетік меңгеріп алған. Қаймағы бұзылмаған нағыз қазақы жер – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы ұлдарын атқа мінгізіп, тұлымшағы желбіреген қыз баланы кесте тігуге тәрбиелейтіні Фаризаның әңгімесінен жақсы аңғарылады. «Ине ұстай алмау қыз бала үшін ұят» деген қағидамен өскен Фариза бой жетіп келе жатқан екі қызын да осы тәрбиенің жетегімен өсіріп келеді.
– Келін боп түскен жерім де өнерден кенде емес. Жолдасым Ардабек өнер адамы, әрі ұстаз. 2014-2015 жылдары отбасылық ансамбль құрып, аудандық, облыстық байқаулардан жүлделі оралдық. Енем де он саусағынан өнер тамған шебер адам, – дейді Фариза.
Иә, ата-әженің тәрбиесін көрген баланың жөні бөлек. Үлкеннің жанында жүріп, ғибратты әңгімесін тыңдап өскен баланың сана-сезімі де тез жетіледі. Сондықтан, Фариза әжелердің таптырмас тәрбие мектебі екенін жақсы сезінеді. Оны да әжесі ес білгеннен қасына ертіп, үй шаруасына аралас-
тырып, жүн түту, ұршық иіруден бас-
тап, киіз үйдің бау-шуын дайындауға баулыды. Баулып қана қоймай, әжесі ою-өрнек ойып, әр оюдың ерекшелігін түсіндіріп отырған. Сөйтіп, 15-16 жасқа келгенде әжесімен бірге жүріп, тұрмысқа шыққан қыз баланың артынан баратын жүгін қамдауға кірісті. Тәрбиенің ең тамашасы айтуда емес, көрсетіп, үйретуде екенін ұғынған Фариза арнайы сандыққа әр затты ұқыптап салып, сол уақыттан бастап өз үйінің іргетасын қалады деуге болады.
Үнемі жұмыспен жүріп, мемлекеттік қызметтен қолы босай бермейтін Фаризаны көрген сіңлісі Күмісжан бүгінде қолөнерді өзі жалғастырып жүр. Тігін машинасын қолға алып, киізден аяқ киім, көрпе-жастық, қыз жасауын тігіп, шағын кәсібін ұйымдастырған. Ұсақ моншақтарды матаға тігіп, көздің жауын алар тамаша дүниелер жасайды. Нағыз өнер туындысы ма дерсің. Апалы-сіңлілі Фариза мен Күмісжан жаһандану заманынан қалыспай, батысқа еліктеген жастарға салт-дәстүрді, ұлттық ою-өрнекті заманауи тұрғыдан әспеттеп ұсынуда. Түп-тамырымыз бен бүгінгі ұрпақтың арасын жалғап, ізгілікті істің басы-қасында жүрген осындай ісмер жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Динара ЖӘМШИТОВА.
Аршалы ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *