Алуы ғана оңай онлайн несие…

Жасыратыны жоқ, қарыз әр қазақтың басында бар мәселе. Әрбір адам өмірінде бір рет болса да қарыз алып көрген болар. Алмағаны ілуде біреу шығар. Себебі, бүгінгінің адамы тұрып жатқан баспана да ипотекаға алынған, үйдегі жиһаз да несие арқылы рәсімделген, астындағы автокөліктің де қаржысын банкке бөліп-бөліп төлеп жүр. Дәл осылай қалада көп қазақ тіршілік кешіп жатыр. Бұған әбден көндігіп кеткенбіз. Күндегі күнкөрісті айтпағанда қолда бар ақша кейде қарыз төлеуге де жетпей қалатыны бар.

Осындайда көп адам жедел берілетін несиелер мен артық құжатты талап етпейтін ғаламтор арқылы оңай берілетін онлайн несиелерге жүгінеді.
«Қарыз күліп кіріп, күңіреніп шығады» дейді қазақ. Жасырары жоқ, қарапайым халық көбіне сол несиелерге үстемақы ретінде төленетін пайыздық көрсеткіштерге аса мән бермейді. Бұл несие деген талайды түңілдіргенін білсе де қарапайым халық бірінен соң бірі қаржы қақпанына түсіп қала береді. Бір банктегі қарызын өтеу үшін екінші банктен қарызға ақша алып жатқан қаншама адам бар. Қаржыгер мамандар халыққа мұндай әрекетке бару басты қателік болып саналатынын жарыса жеткізсе де, несие алатындар құлақ асатын емес. Себебі, амал жоқ!
Жұрттың онлайн несиеге көп жүгінетін басты себебі – артық құжатты талап етпейді. Тіпті басқа банктің «қара тізімінде» тұрсаңыз да қалаған қаражатты ала аласыз. Жұмыссыздардың да жолы болып, несие рәсімдеуге мүмкіндігі бар.
Көкшетау қаласының тұрғыны Ризагүл Сағынайқызының айтуынша, неше күннен бері телефонына микрокредиттік ұйымдардан күніне бірнеше рет қоңыраулар келіп түседі екен. «Сізге 130 мыңға дейін несие бере аламыз» деген сипаттағы смс хаттар да келетін көрінеді. Кейбірі екі миллионға дейін несие бере алатынын айтып хабарласады. Ризагүлдің көп балалы ана екенін ескерсек, бала-шағалы үйге қашанда қаражат қажет екені айтпаса да белгілі ғой. Күндердің бірінде Ризагүл қаржыдан қиналып, сондай ұйымнан онлайн несие рәсімдесе, құтыла ала ма жоқ па, кім біледі? Себебі, жалғыз отағасының жалақысы кімге жетеді дейсіз? Міне, осыдан барып, үйде кикілжің орын алады. Содан кейін несиені несіне аласыз деп сұраудың өзі қисынсыз.
Ғалымдардың пайымдауынша қарызы көп адамдардың сарыуайы-мы көп. Ал, аурудың бәрі уайымнан дейді дәрігерлер. Иә, рас бұл өмірде мұңсыз адамдар жоқ-ау, сірә. Тек ішкі сырын жасыратындар ғана бар. Күліп келетін қарыздың күңіреніп шығатын осы екі аралығында жүйкеге де салмақ түспей қоймайтыны бар.
Бір ғана мысал Еуропа елдерінде несие халыққа 5-6 пайызбен беріледі екен. Ал, біздің елде несие 17-25 пайызбен беріледі. Ай сайын безектеп жұртшылықты әбден әуре-сарсаңға түсіретін несие көп адамды сары уайымға салып қойды. Сондай жандардың бірі Бауыржан Қайырболатұлы. Оның айтуынша, жұмысы тұралап қалып, біраз қаржы тапшылығына тап болған екен. Пәтерақысын уақытылы төлеу үшін, онлайн несие рәсімдеген көрінеді. Отағасы болғасын отбасын асырау керек. Алайда, белгіленген уақытта төлеу қиынға соғып, несиеге алған 80 мың теңгені 320 мың қылып қайтарған екен.
Осындайда, ойыма ауылдағы көрші аға оралатыны бар. Бірде ол ойда-жоқта лоторейден миллион теңге ұтып алып, бір күннің ішінде миллионер атанып шығады. Көп балалы отбасында қашанда қаржы тапшы болатынын айтпаса да түсінікті ғой. Ол да ағайын-туыстан қарызға ақша сұрап, несие рәсімдеп, әбден тіршіліктің тауқыметін тартып жүргендердің бірі еді. Содан болар, көрші аға ақша ұтып алғанда отбасы ғана емес, әлеуметтік мәселесі оңалатын болды деп өзгелер де қуанды. Барлығы сүйіншілеп үйіне барып, қуанышына ортақтасты. Сонда бір жолдасы қомақты қаржыны қайда жұмсайтынын сұрайды. Көрші ағай күмілжіместен несие қарызым бар еді, соны қайтарамын десе керек. Ауылдасы да қайтпайтын біреу болуы керек, тәптіштеп қалғанын қайда жұмсайтынын сұрап қоймайды. Сонда аңғал ағатай, қалған несие қарай тұрар десе керек.
Өмірдің өзінен алынған бұл оқиға шынында да қазақтың не нәрсеге болмасын сабырмен қарайтын терісі кең, жаны жомарт халық екендігін аңғартып отыр. Абзалы, қаржыдан қиналғанда оп-оңай береді екен деп онлайн несиеге жүгінбеген дұрыс екен.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар