Жағдай аздап тұрақталды. Бұл – карантиннің нәтижесі.

Облыс бойынша қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдайды тұрақты деп айтуға болады. Соңғы екі-үш күндегі статистика негізінде біздің өңір коронавирус жұқпасының таралу деңгейі бойынша жасыл аймаққа өтті. Осы ретте, қолданыстағы қаулыға қосымша өзгертулер енгізілді. Бұл туралы облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте жан-жақты айтып берді.

Ақмола облысы бойынша ағымдағы жылдың 1-17 қараша аралығында коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны 871 адамға жетті. Бұл науқастардың басым көпшілігі, яғни, 517-сі Көкшетау қаласында тіркеліп отыр. Одан кейін Степногорск қаласы. Облыс бойынша жасалған саралау қорытындыларында Көкшетау мен Степногорск қалалары және Сандықтау ауданы қызыл аймақта тұр. Сонымен бірге, бұл аймақпен Бурабай және Зеренді аудандары шекараласыпты, ал, сары аймақта Астрахан ауданы тұр. Қалған аудандар жасыл аймаққа еніпті. Дегенмен, жағдай тұрақталып келе жатса да, облыс аумағында індеттің тіркелу оқиғалары айтарлықтай азаймай отыр.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің облыста да індеттің тіркелуі бойынша жасыру фактілерінің анықталғанын ескерткен болатын. Бұл орайда, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
– Иә, шынымен ондай жағдайлардың болғаны рас. Қазан айында вице-премьер министр Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссиясына дайындық кезінде осындай фактілер орын алды. Бұл жерде барлық лабораториялар біріктірілген арнайы бір дерекқорға анықталған фактілерді уақытында салмаған, яғни хаттамалар мен індет бойынша есепке алынғандарды уақытынан кешіктіріп дерекқорға енгізудің нәтижесінде осындай олқылыққа жол берілді. Наурыз айынан бері алатын болсақ, індеттің анықталуы туралы ақпараттарды ұлттық сараптама орталығы ғана дерекқорға енгізетін, кейін мұндай тестілеуді Олимп клиникалық-диагностикалық емханасы да жүргізе бастады. Одан кейін басқа да лабораториялар қосылды. Олардың барлығы бір дерекқорға мәлеметтерді бірден енгізіп отырулары тиіс. Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, уақытынан кешіктіріп отырған. Сондай-ақ, субъективті тұрғыдан да олқылықтар орын алды. Бұл ретте, медициналық ұйымдар да шұғыл жағдайларды уақытында жеткізбеген. Ақылы түрде тексерістерден өткендер бойынша да ақпараттар уақыты берілмеген. Қазіргі уақытта біріктірілген ақпараттық дерекқорды жетілдіру бойынша жұмыстар жасалып, анықталған фактілер бойынша мәліметтерге салыстырулар жүргізілуде, – деп журналистерге бар жағдайды түсіндірді.
Соңғы аптада облыста індеттің таралуы аздап болсын төмендеп отыр. Өткен тәулікте 41 оқиға тіркелген. Оның 30-ында індет белгілері байқалса, 11-інде симптомсыз түрде өтуде. Дертті жұқтырғандардың 22-сі Көкшетауда, 5-еуі Степногорск қаласында. Астрахан, Бурабай аудандарында 4 оқиғадан тіркелген, Сандықтау ауданында – 3, Целиноградта – 2, Зерендіде –
1 жағдай анықталды. Сонымен бірге, вирустық пневмония бойынша екі оқиға Целиноград пен Ақкөл аудандарында анықталып отыр.
Оқу жылы басталғалы облыста 47 оқушы аты жаман індетке шалдыққан. Олардың 11-і дәстүрлі режимде оқып жүргендер болса, қалғандары қашықтықтан білім алып жатқандар екен. Ал, мектепке дейінгі ұйымдарда 20 бүлдіршіннен індет анықталды. Мұнда да басым бөлігі, яғни, 15-і Көкшетау қаласында, қалғандары Астрахан, Аршалы, Бурабай, Жарқайың аудандарынан тіркелген. Барлық білім мекемелерінде тиісті санитарлық – эпидемиологиялық шаралар ұйымдастырылып, карантиндік талаптар бойынша шектеулер қолданылған.  Осыған орай қазіргі уақытта 193 адам үй карантинінде ем қабылдауда екен. Айнагүл Мусинаның айтуынша, Көкшетау мен бірнеше ауданның мектептеріне енгізілген карантиндік шектеулерді жеңілдету, олардағы әрі қарайғы оқу режимі бойынша мәселе облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, қарастырылуда екен. Облыстағы 6 лабораторияда коронавирус жұқпасын анықтау бойынша күніне 1600-1800 зерттеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, бұл лабораториялар ақылы тексерулер де жүргізеді. Қазіргі уақытта өз еркімен барып, ПТР тестіні ақылы өтіп жатқандар көбейген. «Бұл індетті ертерек анықтау үшін көп көмегін беруде» деп атап өтті бас санитарлық дәрігер. Осылайша ақылы тестіден өткен 9 мыңға жуық адамның 228-інен індет анықталыпты.
Бүгінде облыс бойынша індеттің екінші толқынына әзірленген төсек-орындардың 28 пайызы бос емес. Індет жұқтырушылар саны азайып келе жатқандықтан, кейбір қоғамдық тамақтану, азық-түлік дүкендері секілді мекемелердің жұмыс уақытын ұзарту бойынша соңғы қаулыға өзгертулер енгізіліпті. Сауда орталықтары мен дүкендердің жұмыс уақыты сағат 20.30-ға дейін, тапсырыспен алдыратын тағамдарды жеткізіп беру қызметі 23.00-ге ұзартылды. Фитнес орталық, тренажерлар таңғы сағат 07.00-ден 20.30-ға дейін созылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаушылар Көкшетау қаласының аумағына орналастырылған санитарлық бекеттерден өткенде енді айына бір рет ПТР тест өтулеріне рұқсат етілді. Қоғамдық көліктер 20.30-ге дейін жүреді. Ал, көшеде кешкі 21.00-ден таңғы 06.00-ге дейін жүруге болмайды деген тыйым бұрынғыша сақталады.
Егер отбасы мүшелері толығымен үй карантинінде болса, әкімдіктерге хабарласып, азық-түлік өнімдерін жеткізіп алу мәселесін шешіп алулары тиіс. Сондай-ақ, санитарлық бекеттерде ауырып жатқандар мен үй карантиніндегілердің де тізімі бар. Бұл ретте, күн сайын шамамен 300-ге жуық көліктер кейін қайтарлып жатыр.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар