Жұмыстарын жүргізуге рұқсат сұрап келді

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мен қоғамдық тамақтану саласы өкілдерінің кездесуі болып өтті.

Онда мейрамханалардың иелері коронавирустың екінші толқынына байланысты өздерінің жұмыс істеулеріне тыйым салуды алып тастауды сұрайды және белгіленген санитарлық талаптарды орындау бойынша барлық міндеттемелерді қабылдауға дайын екендерін жеткізді. Жиынға Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің этика жөніндегі уәкілі Айтмағанбет Жолшоринов арнайы қатысты.
Бұл ақмолалық рестораторлардың облыстың бас санитарлық дәрігерімен алғашқы кездесуі емес. Қоғамдық тамақтандыру өкілдері қайтадан Айнагүл Мусинаға 100 адамға дейін іс-шаралар өткізуге өтініш білдірді. Мейрамхана иелерінің айтуы бойынша, бүгінде олар тек үлкен шығынға ұшырап қана қоймай, бизнестің толық жабылу қаупін бастан кешуде.
–Біздің клиенттеріміз күн сайын біздің мекемелерде іс-шаралар өткізу туралы өтінішпен хабарласады. Сонымен қатар, біз отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шаралардың киіз үйлерде өткізілетінін, санитарлық нормалар сақталмаған тұтас коттедждер жалға берілетінін үнемі естиміз. Ал, біздің банкет залдары санитарлық талаптарға, әлеуметтік арақашықтыққа, термометрияға және басқа да барлық жағдайларға сәйкес келеді. Егер бізге 30 орын емес, кем дегенде 100 қонаққа арналған іс-шаралар өткізуге рұқсат берілсе, бұл біздің жағдайымыздың жақсаруына зор мүмкіндік берер еді. Әйтпесе, қауіпті індеттің екінші толқыны басталған қазіргі кезде онсызда банкротқа ұшыраудың аз-ақ алдында тұрғандықтан, біз мүлдем жабылуға мәжбүр боламыз, – дейді «Дәстүр» мейрамханасының директоры Шынар Әбутәліпова. Сондықтан, егер жағдай өзгермесе, көптеген рестораторлар, яғни, ірі мейрамхана, дәмханалардың қызметкерлеріне жұмыссыз көшеде қалу қаупі тумақ. Қазірдің өзінде қарыздар бойынша берешектер шектен асып кеткен, ал, жұмысшылар ақысыз демалысқа жіберілуде.
Облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның айтуынша, жеңілдіктерді енгізу және шектеулерді жою аймақтағы эпидемиологиялық жағдай кез-келген шараларды қабылдауға мүмкіндік бергенде және COVID-19 ауруының жоғарылауы болмаған кезде ғана мүмкін болады.
Кездесу барысындағы қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмыс реті бойынша білдірген ұсыныстарын Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберуді көздеп отырғаны айтылды. Ұлттық палата пандемия кезінде бизнесті қолдау үшін әр апта сайын ведомствоаралық комиссияның қарауына осындай ұсыныстар ұсынып отырады. Сондай-ақ, ведомствоаралық комиссия Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қоғамдық көлік жұмысын басқа қызмет түрлерімен синхрондау туралы ұсынысын да қабылдаған.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар