Домбыраны үйренсе, сүйсе дедім…

Домбыраны үйренсе,  сүйсе дедім…

Қазақ баласының домбыра тарта білгені жақсы ғой деген оймен, немерем Әлиханды домбыра үйірмесіне беруді қаладым. Аян мен Мәдина қолдап, бірнеше ай ақылы үйірмеге апарып жүрдік. Басында құлқы онша болмағанымен, кейін төселіп, әжептәуір нәтижеге қол жеткізді. Тіпті өнер институтының құрамындағы орта мектепке емтихан тапсырып, 1-ші класына қабылданды. Қарағандыдан жақсы шебер кездесіп, өзіне шақ домбыра жасатып бердік. Қатты қуанды. Мен де қуандым. Келешекте домбыра серігі болса дедім. Осындай сәтте өлең жолдары туындады.
Қос шектен күмбір-күмбір күй өткенде,
Құятын нұрлы сезім жүректерге.
Қасиетін ұғар деп үміттендім,
Немереме домбыра сый еткенде!
Домбыраны үйренсе, сүйсе дедім,
Күй тарихын көңілге түйсе дедім.
Күйден сезіп халқының табиғатын,
Құдіретіне оның бас исе дедім.
Домбырадан күш алып шаршағанда,
Күй әуенін сый етіп аңсағанға.
Жүрсе дедім риза ғып айналасын,
Ұлт өнерін дәріптеп барша жанға!
Еран МАҒЗҰМОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *