Өз денсаулығың – өз қолыңда

Ақмола облысында өткен тәулікте коронавирус инфекциясын 61 адам жұқтырған. Олардың басым көпшілігі Көкшетау қаласының тұрғындары. Өңірдегі жалпы ахуал тұрақталып, жасыл аймаққа жатқызылса да, Көкшетауда әлі де жағдай күрделі.

Қарашаның 22-сіндегі статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, бір тәулікте коронавирус жұқпасын жұқтырғандар саны Қазақстанда 716 адамға жетіп, 7 адам аталған індеттен көз жұмды. Елімізде індет басталғалы 126182 оқиға тіркеліп, оның 4624-і біздің облыстан анықталыпты. Өткен тәулікте 514 адам аты жаман індеттен емделіп шықса, Ақмола облысында бұл көрсеткіш 42 адамды құрады.
Мамандардың мәлімдеуінше, күніне шамамен 20-30 адам ауру жұқтыруда. Осы айда қалада жұқпалы ауруларды емдеу орталығы ашылғаны белгілі. Қазір бұл медицина мекемесінде 50-ден астам науқас ем қабылдап жатыр. Олардың арасында жүкті әйелдер де бар. Көкшетауда індетке шалдыққандар қатары азаймай отыр. Сондықтан, мамандар санитарлық талаптарды қатаң сақтау керектігін тағы да ескертуде.
–Қазір қауіпті кезең. Бұл уақыт жыл сайын түрлі вирустар қозып, дендеп кететін мезгіл. Күн суытуда, ылғал да көп. Сондықтан, тұрғындарды сақ болуға шақырамын. Бетперде кию, зарарсыздандыру заттарын қолдану, адамдар көп шоғырланатын жерлерге бармау сияқты қарапайым ережелерді ұстану керек. Әркім өзінің және жақындарының денсаулығына жауапкершілікпен қарау қажеттігін түсінгені абзал, – дейді Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нариман Сыздықов.
Індет қайта өршіп, белең алып кетпеуі үшін мамандардың кеңесіне құлақ асып, қалай болғанда да, сақтық шараларын сақтайық.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар