Қауіпті індеттің жайы алаңдатарлық

Әлемде өткен тәулікте Covid-ке шалдыққандар 59,1 миллион адамнан асқан. 1 миллион 395 мың адам адам қайтыс болып, 37,8 миллион адам аурудан жазылған. Ал, Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус жұққан 678 науқас анықталды, 840 адам жазылып шыққан.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша дүйсенбі күні ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (154) тіркелген. Павлодар (108) мен Солтүстік Қазақстан облыстарында (105) бір күнде 100-ден астам науқас анықталған. Қостанай облысында – 70, Ақмола облысында – 68, Алматы қаласында 46 адамнан коронавирус табылған. Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында бір тәулік ішінде науқастар тіркелмеген.

Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендер 126 860 адамға жетсе, оның 113 мыңнан астамы жазылып, 1990-ы қайтыс болған. Қазақстанның коронавирус статистикасына коронавирус пневмониясына шалдыққандар есебі енгізілмеген. 1 тамыздан бері 41 203 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған, 427 адам қайтыс болған, 30 мыңнан астамы жазылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус картасында екі мәлімет, яғни, коронавирус пен коронавирус пневмониясы есебі қосылып көрсетілгенмен,  Джонс Хопкинс университеті коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендерді ғана картасына енгізіп отыр. Қазақстан билігі басында бұл екі мәліметті біріктіріп көрсетуге уәде бергенімен, оны орындамағаны анықталған.

Қазақстанның коронавирус статистикасына Covid жұққан, бірақ, «ілеспе аурудан қайтыс болды» делінген жүздеген адам өлімі де енгізілмеген. Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус мәліметіне күмәнмен қарайды.

***

  • 23 қарашадағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда 167 мыңнан аса адам індетке шалдығып, 2300-ден аса адам қайтыс болған. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да, анализі теріс, бірақ, клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар да енген.
  • Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирус жұқтырған және коронавирустық пневмонияға шалдыққан 142 мыңнан аса адам дертінен айықты.
  • Үкімет кейінгі күндері елде вирус жұқтырғандардың саны өсіп келеді деп мәлімдеді. Қазақстан билігінің мәліметінше, инфекциялық ауруханалардағы орындардың 22 пайызы, реанимациялық ауруханалардың 17 пайызында Covid індетіне шалдыққандар жатыр.
  • Елде R көрсеткіші 1,07-ге тең. R – бір адамның қанша адамға вирус жұқтыратынын көрсететін өлшем бірлігі. Әдетте R көрсеткіші 1-ден төмен болған жағдайда вирустың тарауы бақылауда деп есептеледі.
  • Үкіметтің хабарлауынша, ШҚО, Павлодар, СҚО, Қостанай, Ақмола облысы «қызыл аймақта», Нұр-Сұлтан мен БҚО «сары аймақта», қалған облыстар мен Алматы қаласы «жасыл аймақта». Министрлік вирустың тарауына байланысты елдегі облыстар мен ірі қалаларды «қызыл», «сары» және «жасыл» деп үш аймаққа бөлген. Вирус қатты тарап жатқан облыстар «қызыл», ал, вирус жұқтырғандар саны аз облыстар «жасыл аймақта».
  • Министрліктің дерегінше, қазір елде коронавирус жұқтырған 11386 адам емделіп жатыр. Олардың 3225-і ауруханада, 8161-сі үйде. Вирус жұқтырып емделіп жатқандар арасында 644 бала бар.
  • 200 науқастың жағдайы ауыр. Оның 30-ының халі өте ауыр. 22 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
  • Вирус өршіп тұрған ШҚО-да 180 науқасқа иммундық плазма (коронавирустан жазылғандардың қаны) құйылған.

 ***

Astra Zeneca компаниясының вакцинасы 70 пайыз тиімді екенін көрсеткен

Astra Zeneca компаниясы мен Оскфорд университеті бірігіп жасап шығарған коронавирустың жаңа түрінен қорғайтын вакцина өзінің 70 пайыз тиімді екенін көрсетті. Сынақ барысында еріктілерге екі түрлі жолмен вакцина егіліп, нәтижесі әртүрлі болып шыққан.  Бірінші жағдайда шамамен 3 мың адамға жарты доза егілген, бір айдан соң толық салынған. Мұндай амал 90 пайыз тиімді екенін көрсеткен. Екінші жағдайда еріктілер бірден толық дозаны қабылдап, бір айдан кейін осы процедура қайталанған. Бұл амал 62 пайыз тиімді екенін көрсеткен. Осылайша екі тестің нәтижесін біріктіріп, орташасын шығарғанда Astra Zeneca компаниясы шығарған коронавирус вакцинасы 70 пайыз тиімді екенін көрсетті деп айтуға болады. Компания таратқан хабарламада вакцинаның +2 мен +8 градус аралығында сақтала беретіні, вакцина салуға ерекше жағдай керек еместігі айтылған.

Astra Zeneca компаниясы өнімді пайдалануға рұқсат етілсе, 2021 жылы 3 миллиардқа дейін өндіруге дайын екенін айтып отыр. Осыған дейін Pfizer дәрі-дәрмек компаниясы Covid-19 індетіне қарсы сынақтан өтіп жатқан вакцинасының коронавирустан 95 пайыз қорғай алатынын көрсетті деп мәлімдеген. Бірақ, бір кемшілігі, ол -70 градус аралығында сақталып, тасымалдануы тиіс. Қараша айында америкалық Moderna компаниясы да вакцинасының коронавирустан 94,5 пайызқорғай алатынын көрсетті делінген.

Ресейдің Гамалея атындағы институты Спутник V вакцинасы вирустан 92 пайыз қорғай алады дейді. Ресейлік вакцина клиникалық сынақтың үшінші кезеңін аяқтамаса да, тіркеуден өткізілген.

Moderna вакцинаның әрбір дозасы 25-37 доллар аралығында болады деп отыр. Pfizer вакцинасының дозасын 18 долларға бағалайды. Спутник V жасаушылар вакцина дозасы бұдан да арзан болатынын айтуда. Ал, Astra Zeneca вакцина құны бәсекелестері айтқан бағадан арзан болады деп мәлімдегенмен, бағасы нақтыланбаған.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар