Ақмола облысы – қызыл аймақта

Ақмола облысы коронавирус жұқпасының таралуы бойынша бүгін екінші күн қатарынан қызыл аймақта тұр. Өңірде эпидемиологиялық жағдай күрделеніп барады. Соңғы аптадағы індеттің өсім көрсеткіші, алдыңғы аптаға қарағанда 1,5 есеге дейін ұлғайды. Сондықтан, әркім бұл індет белең алып бара жатқанда, өз денсаулықтарына бей-жай қарамауы тиіс. Бұл жөнінде облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте мәлімдеді.

Күні кеше ғана республикалық телеарналар біздің облыстың қызыл аймаққа өтіп, өңірде коронавирус індетінің күшейіп кеткендігі жөнінде дабыл қағып жатты. Шынымен, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай өте қиын деуге болады. Себебі, бір күнде 75 жағдай тіркеліп, оның 42-сі Көкшетау қаласында анықталған. Бұл ресми тіркелгендердің саны ғана.  Ал шалғайдағы емханасы жоқ, не болмаса ауырып жатқанда дәрі жазып берер дәрігері жоқ елді мекендердегі ауырып жатқан адамдар қаншама. Тіпті, отбасымызбен ауырып, қолдағы дәрі-дәрмек пен ыстық сорпа, қымыз ішіп, бері қарадық қой деп айтып жүрген адамдар бірталай. Сондықтан, шынайы өмірдегі көрсеткіштер ресми сандардан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Дегенмен, ресми сандарға сөз берсек, бас санитарлық дәрігердің айтуынша, облыста індеті тарай бастағалы 4700-ге жуық адамнан коронавирус лабораториялық тәсілмен расталыпты. Қазіргі уақытта облыс стационарларында 209 науқас осы дерттен емделіп жатыр. Өкінішке орай, 83 адам осы індеттің құрбаны болған.

Жоғарыда атап өткеніміздей, соңғы тәулікте 75 оқиға тіркелсе,  оның 42-сі Көкшетау, 9-ы Степногорск қалаларында, қалғандары Атбасар, Бурабай, Зеренді, Бұланды, Сандықтау аудандарында. 1-ші тамыздан бері 506 адам вирустық пневмонияға ұшыраған. Соңғы тәулікте мұндай 3 оқиға анықталды. Жалпы, бұл аты жаман ауру Егіндікөлден басқа 18 ауданның бәрінен шығып отыр. Қараша айы басталғаннан бері Көкшетауда – 546, Степногорскіде – 116, Бурабай ауданында – 80, Зерендіде – 36, қалған аймақтарда  20-ға жуық жұқтырғандар бар.

Мектеп оқушылары арасында 68 жағдай анықталғаны белгілі, олардың 23-і дәстүрлі режимде, қалғандары қашықтықтан білім алып жатқан оқушылар. Оқушыларынан індет анықталған сыныптар контактіде болған ұстаздарымен бірге 14 күндік карантинге жіберілген. Балабақшалар бойынша 24 бүлдіршіннен коронавирус тіркелген, оның да 17-сі Көкшетау қаласынан шығып отыр. Мұнда да індет шыққан топтар екі апталық карантинге жіберілген.

–Індеттің бұлай дендеп кетуінің басты себептері – маска тақпау, әлеуметтік арақашықтықты ескермеу, қоғамдық көліктерде дистанция сақтамау, тығылып отбасылық, көпшілік іс-шаралар, тойлар ұйымдастыру және одан қалмау. Мониторингтік топтар жұмыс істеп, айыппұлдар салынып жатса да, оған мән бермей жатқандар бар. Мысалы, осы кезеңде каратиндік шараларды бұзудың 494 оқиғасы анықталып отыр. Бұл жағдайлар бойынша тиісті шаралар қолданылуда. Халық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан ұсынылатын талаптарға түсіністікпен қарап, оларды орындаулары қажет. Карантиндік шараларды сақтау – облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың ушығып кетпеуіне көмегін тигізеді.  Сондықтан, тиісті талаптарға бағынайық, –деді бас мемлекеттік санитарлық  дәрігер Айнагүл Мусина брифингте.

Қазіргі уақытта індеттің күрделеніп кеткені баршамызды алаңдатып отыр. Осы орайда,  облыс аумағына блок бекеттер қойып,  қоғамдық, қаларалық көліктерді тоқтату, халықтың көп шоғырланатын орындарының жұмыс уақытын немесе жұмысын уақытша қысқарту секілді сауалдар әрқайсымыздың көкейімізде туындайтыны заңды. Бұл ретте, бас санитарлық дәрігер бірқатар ұсыныстар әзірленіп жатқандығын, олар алдағы уақытта облыстық әкімдікте коронавирустың алдын алу жөніндегі өңірлік жедел штабтың отырысында қаралып, жақын күндері, яғни, демалысқа қарай карантиндік шараларды қатаңдату бойынша жаңа қаулы шығатынын айтты.

 

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсіргшен Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар