Боз кілемнің шебері

Боз кілемнің шебері

Жетпіске келсе де, қара күші бойынан әлі кетпеген Рамазан Шәймерденовтың есімі кіндік қаны тамған Қорғалжыннан тысқары жерлерде тұратын күрес жанкүйерлеріне де жақсы таныс. Ол ұзақ жылдар полицияда қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан соң шәкірт тәрбиелеумен айналысты. Ұлы Қайрат қазақ күресінен облыс намысын қорғады.

Бүгінгі күні немересі Нарғыз дзюдо күресінен талай биіктерді бағындырған бұрымды балуандардың көшін бастап жүр. Рамазанның бала кезінде Қорғалжын өңірінде малшылар тойы жиі өткізілетін. Бастауыш мектепте оқып жүрген тарамыстай тартылған сары бала да қай салмақ болсын, белдесуден тартынбай, талай жүлдені қанжығасына байлады. Күреске деген қызығушылығы сол кезеңнен басталды.
–Бастауыш сыныпта оқып жүргенде біздің мектепке еркін күрестен КСРО спорт шебері Борис Ехритов деген якуттық азамат келді. Ол күреспен айналысуға жасөспірімдерді таңдап алып жүр екен. Біздің сыныптан мен және өзге де үш баланы күреспен шұғылдануға шақырды. Талай байрақты бәсекелерде Кеңес Одағының намысын лайықты қорғаған осы адамның біздің өңірге нақақтан-нақақ сотталып, шартты мерзімін өтеуге келгенін кейін білдік. Борис ағай мықты бапкер еді. Еркін күрестің небір тәсілдерін осы бір тамаша жаннан үйренгенімді ешқашан ұмытпаймын,–дейді Рамазан аға.
Бірнеше жыл бойы самбо, еркін және қазақ күресімен шұғылданып, спорт шебері атанған Рамазан Шәймерденовтың өзі тәрбиелеп шығарған шәкірттері қаншама. Ал, өзінің үлкен ұлы, танымал балуан Қайраттың қызы, он төрт жастағы Нарғыздың ата жолын лайықты жалғастырып, соңғы жылдары жеңіп алған медальдар саны сексенге жетіпті.
–Бос уақытым болса, Қорғалжын ауылында тұратын ата-әжем мен бауырларыма асығамын. Спорттағы табыстарымды айтып қуантамын. Осындағы колледждің спорт залына келіп, атаммен бірге жаттығып, ол кісіден әртүрлі айла-әдістер үйренемін,–дейді дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шебері Нарғыз Қайратқызы.
Белгілі балуан Рамазан Шәймерденов біраз жылдар Қорғалжын агротехникалық колледжінде болашақ ауыл мамандарын күрес өнеріне баулыды.
–Рамазан ағамыздың боз кілемдегі талай күресін көзбен көріп өстік. Жауырыны жерге тимеген керемет балуан болды. Біздің колледжде бапкер болып жүрген кезде талай жасөспірімді мықты спортшы етіп шығарды,–дейді Қорғалжын агротехникалық колледжінің директоры Қайрат Сүйіндіков. Қорғалжын ауданының бірнеше мәрте түйе балуаны атанған жетпіс жастағы Рамазан Шәймерденов кейінгі ұрпақтың үлгі алар азаматы.

Қалымбек МҰХАМЕДЖАНОВ.
Қорғалжын ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *