Сағыныш екен сол бір кез…

Ең алғаш сол кездегі облыстық «Көкшетау правдасы» газеті редакциясының есігін имене ашқаны күні бүгінгідей есінде. Арада аттай 41 жыл өтсе де. Орта мектепті бітіргеннен кейін бірден аталмыш газеттің бет оқушысы ретінде жұмысқа орналасқан.

Күнделікті басылымды алып, онда жарияланған әрқилы тақырыптағы материалдарды оқитын оқырмандар сол газеттің қандай қияпат еңбекпен жарық көретіндігін ескере бермеуі мүмкін. Мәселен, көрермен театрда сахна үстіндегі өнерді тамашалаған кезде оның әр жағында сахнаны безендіруші, әрлеуші, киім пішуші тәрізді әлденеше мамандық иелерінің жарғақ құлақтары жастыққа тимей, қаншама еңбек
сіңіретіндігін ескере бермейді ғой. Мұнда да солай. Газет-журнал оқырманның қолына тигенше, жазылуы, өңделуі, безендірілуі тәрізді үлкен шаруа атқарылады.
Бет оқушының да ортақ іске қосатын еңбегі аз емес. Арада бірер жыл өткен соң облыстық баспаханаға ауысып, әріп теруші болып алты жыл еңбек етті. Ауасы тар, түтін исі аңқыған, отқа балқыған қорғасынның ыстық лебі шарпыған бөлмедегі түннің бір уағында аяқталатын тынымсыз еңбегі ауыр, бейнеті
шаш-етектен келетін шаруа. Әріп қорғасыннан құйылғаннан кейін ағзаға зияны да көп. Қазіргідей компьютермен әрлендірілетін, өңделетін, безендірілетіндей емес, ол кездегі тасқа басылатын әрбір әріп қорғасынмен құйылатын. Қате кетсе, жасаулы тұрған бетті бұзып, қайтадан теретін.
Баспасөз саласында 41 жыл қызмет еткен Ботагөз Тарбакова өз ісін жүрегімен қалағандықтан да, суығына тоңып, ыстығына күйе білді. Алғаш келген бетінде Зәуре Жанаева,
Орынбасар Төкенова, Күлзейнеп Айсина тәрізді тәжірибелі апаларынан көп үйренді. Жылдар өтіп, тәжірибе жинақтай келе, өзі де кейінгі жас толқынға білгенін үйретуден жалыққан емес. Әне бір жылы Көкшетау облысы әкімшілік-аумақтық
өзгеріске ұшырап, облыс орталығы Петропавл қаласына көшірілген кезде тәуелсіз «Бұқпа!» газетінде де қызмет істеді.
2005 жылдың қыркүйек айында облыстық «Арқа ажары» газеті редакциясын Астанадан облыс орталығы Көкшетау қаласына көшіру кезінде өз ісіне әрдайым тиянақты, мұқият Ботагөз Хасенқызы тәжірибелі маман ретінде жұмысқа шақырылды. Содан бері облыстық «Арқа ажары»
газетінде он жыл бойы үздіксіз еңбек етіп келеді.
Оқырмандар газет бетінде авторлардың, оның ішінде өнімді жазатын журналистердің есімдерін жақсы білулері мүмкін.
Ал, түпкі нәтижеге толымды үлес қосатын, есімдері көп ретте атала бермейтін мамандар да бар. Жалпақ жұрттың ішіндегі жақсы мысалды жария етуге асығып тұратын газет қыз-меткерлері өздерінің жанында жүрген еңбек адамдары туралы бір ауыз жылы сөз білдіруге толық хақылары бар.
Сондықтан, бүгінгі зейнет жасына жеткен, бүкіл саналы ғұмырын баспасөз саласына арнаған әріптесіміздің еңбегін таратып айтып жатсақ, ең алдымен, бұл ыстық ықыласымыз
бен құрметіміз.
Ботагөз алғаш жұмысқа келгенде  өзін газет ісінің әліппесіне үйреткен аға-апаларын бүгін де ұмытпайды. Ыстық ықыласпен есіне алып отырады. Шынында да, сағыныш екен сол бір кез…

 

Б.ҚАЙЫРЛИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар