Қадірі біліне түседі

Бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстан экономикасы қарқынды дамып, әлемдегі ең озық 30 елдің қатарынан нық орын алуды басты мақсат тұтып отыр. Елбасының сындарлы саясатының арқасында бұл межені алар күн де алыс емес деп сенемін.

Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпұлтты республикамыздың одан әрі дами түсуі үшін еліміздегі тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің маңызы қаншалықты зор екендігін әрдайым айтып отырады. Елбасының бұл ұстанымы республика халқының кең қолдауына ие болып отыр. Оның айғағы ретінде еліміздегі тұрақтылық пен келісімді, соның нәтижесінде қол жеткен табыстарды айтуға болады.
Жуырда Астана қаласында өткен «Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ел» атты форумда еліміздің түкпір-түкпірінен келген Қазақстанның болашағына бейжай қарамайтын, елінің шын патриоттарымен жолығып пікір алмасудың, ой бөлісудің сәті түсті. Сонда байқағаным, елімізде өз ісін жетік білетін, білікті де білімді, тәжірибелі мамандармен қатар, ел болашағы үшін аянбай еңбек етуге дайын жастардың да көп екендігі.
Мен де ауылдық жердегі мектеп директоры және «Ақбота» қоғамдық қорының жетекшісі ретінде шама-шарқымша болашақ ұрпақ тәрбиесіне өз үлесімді қомақты етіп қосуға тырысып жүрген ұстаздардың бірімін. Біздің Аршалы ауданында да жастарға патриоттық тәрбие беруде біраз игі істер қолға алынды.
Еліміздің болашағы жастардың қолында екендігін назардан тыс қалдырмай, алдағы уақытта олардың өмірде өз жолдарын тауып, өздері қалаған мамандықтарын иеленулеріне ықпал ету біздің міндетіміз. Сайып келгенде, білім мен тәрбиенің негізі мектеп қабырғасынан бастау алады. Сондай-ақ, жастар тәрбиесінде олардың бойына патриоттық сезім ұялату, өзінің туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін ояту тек ұстаздар қауымының ғана емес, ата-аналардың, өмірлік тәжірибесі мол үлкендердің де міндеті.
Елордада өткен форумда осы мәселелердің бәрі жан-жақты талқыланып, талай  салиқалы ойлар ортаға салынды, құнды пікірлер айтылды. Сондай-ақ, еліміздің әр аймағынан жиналған өкілдер өздері атқарып жүрген жұмыстары мен игі істерін ортаға салып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Мен де көптеген адамдармен жүздесіп, біраз мәселеге қанықтым, өзіміз атқарып жүрген бастамалар жайлы айтып бердім.
Жалпы, Мәңгілік ел идеясын кең насихаттау тұрғысында ұстаздар қауымының, зиялы қауымның алар орны ерекше екендігі белгілі. Бұл мәселе ауылдық жерлерде де кең өріс алуға тиіс. Міне, біз осы тұрғыда өз жұмыстармызды одан әрі жандандыра түсудеміз. Ал, «Мәңгілі ел – болашағы біртұтас ел» атты форумға келетін болсақ, мұндай жиындардың тәрбиелік мәні өте зор. Сондай-ақ, олар жоғарыда айтып өткенімдей, ой-өрісімізді кеңейте түсуге, біліктілігімізді жетілдіріп, өзара пікір алмасуға мүмкіндік береді. Ал, бұл өз кезегінде бірлігімізді нығайта түседі деп сенемін. Өйткені, кім болсын, татулық пен ауызбіршіліктің қадірін осындай алқалы жиындарда одан сайын терең түсінетіні анық.

Татьяна Немцан,
Вячеславка орта мектебінің директоры, «Ақбота» қоғамдық қорының жетекшісі.

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар