Ұмтылыс болса, іс ілгері басады

Шынымды айтсам, ауыл жайлы мақала жазардың алдында көп ойланамын. Себебі, санамның бір бұрышында ауылдың жайсаң адамдары тұрса, екінші жағынан сұлу табиғаты, тұрғындардың тыныс-тіршілігі, бір-біріне деген сыйластығы, бауырмалдығы еріксіз сүйсіндірмей қоймайды. Таяуда Ақкөл ауданында болған  іссапар барысында да көңілімізді қуанышқа бөлеген сəттер көп болды.

Новорыбинка селолық округінің əкімі Күнтуар Бəпішев бізді қуана қарсы алып, кабинетіне қолтықтап алып кірді. Бұл қызметке 2002 жылы кіріскен ол бұдан бұрын ауыл шаруашылығы саласына көп еңбек сіңірген адам екен. Алғашқы еңбек жолын Азат ауылында агроном болып бастап, 1987 жылы Новорыбинкаға көшіп келген.  Іссапарымыздың мақсатын сұрап білгеннен кейін Күнтуар Сапарұлы ауылдың бүгінгі  тыныс-тіршілігі жайлы əңгіме тиегін ағытты. Оның айтуынша, аталған селолық округке үш ауыл қарайды. Олар осы Новорыбинка ауылы мен Құрылыс жəне Қараөзек ауылдары. Сапалы ауыз су мəселесіне қатысты «Сапалы су» бағдарламасының қызығын алғаш көргендердің бірі де осы ауыл тұрғындары. Республикалық бюджеттен бөлінген 180 миллион теңге көлеміндегі қомақты қаржыға 2007-2009 жылдар аралығында аталған үш ауылға кезек-кезекпен сапалы су жүйесі тартылған. Ал, 2013 жылы жолға жөндеу жұмыстары жүргізілген.
–Біз ауыл ішіндегі тазалыққа да баса мəн береміз. Санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық қалдықты  сыртқа шығардық, – деді ауыл əкімі бізбен əңгімесінде. Ілкімді істің нәтижесіне ауыл ішін аралағанымызда анық көз жеткіздік. Тұрғын үйлердің аулалары, көшелердің бəрі мұнтаздай тап-таза.
 Қазіргі таңда селолық округ бойынша тұрғындардың саны 1300 адамды құрайды. Оның басым бөлігі Новорыбинкада тұрса, Құрылыс ауылында 120 жəне Қараөзек ауылында 130 адам тұрып жатыр. Арасында мүгедектер де бар. Талғат Мусин есімді кəсіпкер азаматтың жекеменшік серіктестігінде 200-ге тарта ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр.
Ауылдың қақ ортасында орналасқан балалардың заманауи жабдықталған ойын алаңы көзімізге оттай басылды. Тіпті, кейбір қала балаларының өзі ойын алаңдарына енді-енді қол жеткізе бастағанда, қарапайым ауылдардағы бұл көріністі өркениетке ұмтылыс деп түсінуіміз қажет. Бұл жерге балалардың ойын алаңы биыл салынған екен. Енді жергілікті əкімдік оның айналасын қоршап, тұрғындар бос уақыттарын өткізетін, серуендеп, демалып қайтатын саябақ етіп ыңғайламақшы. Бірер күннің ішінде саябаққа 300 түп ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын əкімнің айтуынан білдік.
Ауылда болғанымызда мұндағы спорттық клубты, мəдениет үйін де көріп қайттық. Біріншісінің ғимаратын жөндеу үшін əкімдік келер жылға жобалық-сметалық құжаттарды дайындап қойса, ал үстіміздегі жылы өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында мəдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Осы орайда, аталған мəдениет ошағының  директоры, əрі аудандық мəслихаттың депутаты Надежда Низинамен кездесіп, бір ауыз тілдесудің сəті түсті.
Бүгінде əсем кейіпке енген мəдениет үйінің сырт келбетіне қарап тұрып ауылдарымыздың осылай жаңарып келе жатқаны үшін кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Директор мұнда би, вокалдық топтар, халықтық ансамбль өнер көрсететінін айтты. Өкінішке орай, өнерге қызығушылығы бар балғындарды кəсіби дайындайтын мамандар жоқ екен.
Ауыл ішін жаяу аралап келе жатып, Күнтуар Сапарұлынан осы өлкенің не себепті Новорыбинка деп аталғанын сұрадық. Сөйтсек, оның тарихы өзенмен, бір кездері көлде балықтың көп болуымен тікелей байланысты болып шықты. Колутон өзені ауылды қақ жарып Шортанкөлге құяды. Бұрындары суы арнасына сыймайтын Колутон жылдар өте келе тартыла бастапты.
Бұл күні ауылдық амбулаторияға да соқпай кете алмадық. Біз барғанда отыз жылға жуық еңбек өтілі бар мейірбике Людмила Щекатурова науқастың қан қысымын тексеріп жатыр екен. Ал, қалған дəрігерлер көрші ауылдардағы халықтың денсаулық жағдайын білуге кетіпті. Айта кетейік, бұл амбулаторияға Новорыбинкамен қатар, тағы бір селолық округ қарайды. Биыл Мағрипа Оразбаева, Бақыт Əбдірахманова есімді екі дəрігер құрметті зейнет демалысына шықса, олардың орнын кейін келген жастар толықтырып жатыр. Солардың бірі  Астана медициналық университетінің түлегі Диляра Асқарованың осында жұмыс істеп жатқанына екі ай уақыт өтіпті. «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша келген жас маман көтермеақы, үй де алған. Ендігі мақсатым ауылда кемінде бес жыл еңбек ету дейді шырайлы Шымкенттің қызы. «Жастардың жұмысқа келгеніне қуанамыз. Біздің жігіттер ауыздарын ашып жүргенде, сені басқа қаланың серісі алып қашпасын», – дейді əріптестері Дилярамен қалжыңдасып.
Тұрғындармен болған емен-жарқын жүздесуден кейін селолық округке қарасты Қараөзек ауылына бет алдық. Жол бойы қоңыр күздің құшағына енген тамаша табиғаттың сұлулығына тамсанып келе жатқан  біз қалың қарағай қоршаған ауылды, əсіресе далаңқы жерде тігілген ақшаңқан киіз үйді көріп тіпті жадырай түстік. Жергілікті тұрғын Серік Асқаровтың киіз үйі екен. Жуырда ғана ол 75-ке, ал жұбайы 65 жасқа толып, бұл қуаныштарын ағайынмен осы киіз үйде атап өтіпті. Бір қызығы ағаштан жасалған киіз үй қысы-жазы жиналмай тұра береді. Ішіне бір мезетте 300 адам оп-оңай сыйып кетеді.
 Журналистер ауылға көп келе бермегендіктен бе, тұрғындар да абыр-сабыр күйге енді. Көліктен түскен бетіміз сол-ақ екен, жүрісі ширақ ақсақал алдымыздан шықты. Караөзектің бетке ұстар азаматы, «МММ» шаруа қожалығының басшысы Серік Асқаров екен.
Отанасы мен келіні дастархан əзірлегенше, қарт кəсіпкермен біраз əңгіме-дүкен құрдық. Бес-алты жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мемлекеттен берілген несиеге 80 бас ірі қара мал сатып алған ол бүгінде ісін өрге домалатып отырған, күллі аудан танитын кəсіпкер. Шаруа қожалығында төрт түлік малдың бəрі бар. Сонымен қатар, сəйгүлік баптайды, бие сауып, қымызын аудан, облыс орталығындағы дүкендерге жөнелтеді. Ал, ұлдары ұзақ мерзімге жалға алған он мың гектар жерде орман шаруашылығымен айналысуда.
Қымыз тоқпен пісіледі, ал, сауын биені күтіп-баптайтын, əр сағат сайын сауып отыратын жұмысшылары бар. Шаруа қожалығында барлығы жиырма адам жұмыс істейді. Еңбекақылары да уақытылы төленіп тұрады.
 –Социалистік Еңбек Ері Айтпай Құсайынов атындағы мектебімізге жылу қазандығын салып бердік. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, майдан даласында опат болған жерлестерімізге арнап ескерткіш тақта орнаттық. Осы ауылда туып-өскеннен кейін оның əрбір тау-тасын, тұрғындарын құрметтеу перзенттік парызым. Халқым үшін, елім үшін еңбек етуден аянбаймын, – деп Серік Балағазыұлы сөз соңында ағынан жарылды.
Иə, жүрегі елім деп соғатын осындай пейілі кең ағаларымыз барда ауылдарымыз да көркейе түсетіні айдан анық. Олардың бүгінгі тірліктері «ауылда күн көру мүмкін емес» дегендердің аузына қақпақ боларлықтай.

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар