Аудио кітаптардың екінші сериясы оқырманға жол тартты

Аудио кітаптардың екінші сериясы оқырманға жол тартты

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен ZOOM платформасында «Ақмола облысы және тұлғалары жайлы қазақ қаламгерлерінің шығармалары» атты екінші аудио кітаптар сериясының таныстырылымы болып өтті.

Онлайн форматта өткен іс-шарадағы жазбаның әрқайсысына оқырманды тарту мақсатында триллер дайындалған. Аудио кітаптың бір артықшылығы, кітап оқуға уақыт таппайтын жастар үшін қолайлы екені сөзсіз. Бұл өткен жылы көпшіліктің көңілінен шығып, қолдау тапқан «Ақмола облысы ақын-жазушыларының аудиокітаптары» сериясының жалғасы.
– Аудиокітаптың екінші сериясы жалпы еліміз бойынша танымал қаламгерлер мен ақын-жазушылардың шығармаларына арналған. Оның бір ерекшелігі – осы өзіміздің өңіріміздің, Көкше елінің ұлы тұлғаларын, хандарын мен билерін, ақын-жазушыларын дәріптеген дүниелер таңдалып алынды. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ішінде 17 арнайы жоба бар. Айталық, біздің жасаған жобамыз «Ұлы даланың ұлы тұлғасы», «Сананың ашықтығы», «Білімнің салтанат құруы» соның қай-қайсысына болса да сәйкес келіп отыр. Өйткені, «білімнің қайнар көзі – кітапта» екенін ұғынған әр адамға кітапты насихаттаудың мәні зор, – деп түсіндірді облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Марал Жақыпова.
Аудиокітаптың шығарылуына бірден-бір қолдау танытқан «Рух-Алдаспан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мерген Тоқсанбай болса, поэма, романдарды театр және кино актері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жарас Қалдаров оқыған. Ал, өлеңдерді
«EL Jastar» эксперименталды лабораториялық жастар театрының актерлері дыбыстаған.
Аталмыш шараға облыстық ішкі саясат басқармасы, мәдениет, білім, туризм саласымен қоса, басқа да облыс бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты мамандар онлайн режимде қатысып, мағлұмат алып отырды.
Сонымен, оқырманға жол тартқан аудиокітаптың екінші сериясына Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау моншақтары», Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» және Кеңшілік Мырзабековтің «Біржан сал» поэмалары, Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» және Зейтін Ақышевтың «Иманжүсіп» романдарынан үзінділері, Иран Ғайыптың «Жәпек-Шаған» драмалық дастаны, Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» халықтық қаһармандық драмалық дастаны, Мәшһүр Жүсіптің «Кенесары-Наурызбай» дастаны енген болса, оныншы кітапқа он ақынның Көкше еліне арналған өлеңдері еніп отыр. Олар: Хамит Ерғалиевтің, Жұмағали Саиннің, Қасым Аманжоловтың және Қалқаман Сариннің «Көкшетау» атты өлеңдері, Ерлан Жүністің «Жұмбақтас», Назира Бердәлінің «Сұлу Көкше», Ғафу Қайырбековтің «Көкшетау естеліктері», Ғалым Жайлыбайдың «Бұландының бұлттары» және Тұрсынбек Кәкішевке арнаған «Көркем сөздің төресі, снайпері», Күләш Ахметованың «Көгілдір кештерінде Көкшетаудың» сынды таңдаулы өлеңдері енген.
Оқырманға жол тартқан аудиокітаптарды «Әдебиет» порталынан және «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің сайттарынан тыңдауға мүмкіндік бар.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *