Ет дегенде бет бар ма?!.

Ақмола облысының полицейлері жыл басынан бері тиісті құжаттарсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдаудың 73 фактісін анықтады.

Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл мақсатында Ақмола облысы полиция департаментінің қалалық және аудандық бөлімшелерінде үнемі рейдтік іс-шаралар өткізіледі.
Республикалық маңызы бар тас жолдарда және аудан ішіндегі жолдарда тәртіп сақшылары үй малын тасымалдаумен айналысатын автомашиналарды күнделікті бақылауды және тексеруді жүзеге асырады.
Мысалы, ағымдағы жылдың 31 қазанында Егіндікөл ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері жедел алдын алу іс-шарасы барысында Бауман ауылында Лада 212114 маркалы автокөлігінде бір бас ірі қара мал сойып, тасымалдаған Астрахан ауданының екі тұрғынын тоқтатты. Тексеріс барысында тасымалданатын жүкке тиісті құжаттардың жоқ екендігі анықталды. Осылайша азаматтар Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 406-бабы «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша әкімшілік құқық бұзушылыққа барғаны анықталып отыр.
Облыстық және аудандық бағыттарда мал ұрлығының алдын алу мақсатында 2020 жылдың басынан бастап полиция қызметкерлері мал тасымалдайтын 3000-ға жуық көлікті тексерді. Үй малын немесе етін тиісті құжаттарсыз тасымалдағаны үшін полиция бөлімдеріне 73 азамат жеткізілді, барлық жиналған материалдар ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша хаттама жасау үшін ветеринариялық қызметке жолданды.
Осыған байланысты Ақмола облысының полицейлері облыс тұрғындарына мал басын тірідей тасымалдау кезінде ауыл округінің ветеринариялық дәрігерінен №1 нысандағы ветеринариялық анықтама немесе жануардың паспорты не паспортының көшірмесін алып жүру қажеттігі туралы еске салады. Сонымен қатар, ет өнімдерін тасымалдау кезінде ауылдық округтің ветеринария маманынан ет өнімдерін қайдан сатып алғаны туралы № 2 анықтама болуы қажет, онда мал сойылған цехтың атауы көрсетіледі.
Альмира МАНАТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар