Сөзімен демеп, әнімен жебеп, өнерімен тербеп…

Сәрсенбай елді өнерімен тербеп, үш жинақ шығарды

Жан жадыратар жанашырлық, қолтығыңнан демер қайырымдылық хақында сөз сабақтаған кезде әдетте қолында барымен бөліскісі келіп тұратын жомарт жандар туралы шынайы разылық пейілмен айтып жатамыз. Бұлар жалпақ жұртқа өнеге, кейінгіге үлгі ұялатады. Ал, пандемия кезінде көпшілікке рухани нәр беріп, әнімен жебеп жүрген өнерпаздың жөні бөлек қалайда…

Ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкшетаудың қасиетті дәстүрін өз мақамымен жалғастыра білген, ән сүйер қауымға табиғи талантымен, көркем мінезімен, ажарлы азаматтығымен танылған өнерпаздың бірі – Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасенов екендігі анық. Мұны сеніммен айтуға негіз бар. Халқымыздың рухани асыл қазыналарымен қуаттанған Хасеновтер отбасы, ел Тәуелсіздігінің елең-алаңында, шалғайдағы Жетіауылда өз шаңырағынан ансамбль құрып, шашу шашқаны санамызды селт еткізген. Сәрсенбайдың әкесі Оразалы, анасы Айман, інісі Нұрқасым, қарындасы Сымбат та айтулы әншілер. Яғни, бесігі әсем әнмен тербеліп, самала үнді ата-ананың тәрбиесінде өскен Сәрсенбайдың дәстүрлі әннің жаршысы болмауға хақысы жоқтай.
Шын өнерпаз сахнасыз отыра алмайды. Әсіресе, жаман кесел дендеп, шектеулер енгізілген шақта кеудесі лықсып шарқ ұрғаны бар. Оны толқынсыз қалған әндерден бұрын, ауыл тұрғындарының бұйығыланып бара жатқан тіршілігі қинайтын. Серпіліс керек елге. Ақыры, шектеулер жұмсартылған сәттерде, сері жүрек ауыл ішіне аттанды да кетті. Өз қалауымен, азын-аулақ қаражатымен Біржан сал, Айыртау, Зеренді, Уәлиханов, Ақжар аудандарын ән-жырға тегіннен-тегін бөлеп шықты. Сахналар шағын болғанымен, ауылдардың алақай көңілі аспандай түскені сөз суретіне сыймай жатқанына кәмілміз.
–Ел ішіне бұрынғыдай концерттік бригадалар бара бермейтіндіктен бе екен, әнге сусап отырған жандардың ықыласы керемет болды, – дейді Сәрсенбай бауырымыз. Мен де бойымдағы барымды төгіп, ағыл-тегіл қанаттандым. Әнмен бірге ән тарихын, Көкше өнерінің маржан туын көтерген, рухани әлемімізге мәңгі өлмес байлық сыйлаған Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Орта жүздің ішінде алдына ақын салмаған Орынбай тәрізді тұлғалардың ертегідей сұлу, ғажайып өмірлерін, мол мұрасын тілім жеткенше айтып бердім. Ән сапары басталған Біржан сал елінде дүлдүл композитордың «Жанбота», «Адасқақ», «Теміртас», «Айтпай» тәрізді әндерін шырқадым. Қариялар көздеріне жас алып отырды. Әннің асылы ғой, шіркін. Әсіресе, «Теміртасты» тербегенде тебіренбейтін жанды көрмедім. Мен соған қуандым. Ән тыңдайтын орта бар екен, ел еркесін ұмытпапты.
Сәрсенбай жай жүрістің адамы емес, ел ішінде қалған қазынаның көмбесін ақтарыпты. Ән жинаған. «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз тегін айтылмаған ғой, өнерлі жастармен жүздесіп, ән әлеміндегі ажарлы сипатты, дәстүрлі өнердің сабақтасуы жайлы әңгіме қозғаған. Қызылтудан аспандағы аққуға үнін қосқан Үкілі Ыбырайдың «Гәккуінің» өзгеше бір нұсқасын тауыпты. Құқық қорғау саласында қызмет еткен, ұлттық өнердің үлкен жанашыры, марқұм Тақау Сейітов ақсақалдың жазып алғаны екен. Алғашқыда таңырқаған, бұрын естіп көрмеген, екпіні бөлек туынды. «Гәккуді» өзі де айтып жүр ғой. Талай мықтының орындауында да тыңдаған. Ал, мынау дүние тіпті өзгеше.
Тағы бір олжаға кенеліп, Жаяу Мұсаның «Ақ моншағын» тапқан. Қатты қуанды. Әншіге бұдан асқан олжа бар ма?! Зеренді ауданындағы Қызылсая ауылының тұрғыны Ендіөлмес Қарерұлынан халық әні «Бес саусақты» жазып алды. Нобайы Үкілі Ыбырайдың ән ырғағына келгенімен, әлі де анықтайтын жері, ой елегінен өткізетін тұсы бар көрінеді.
Жаман тұмау жан алқымынан алған кезде де ұлт мұратын көздеген Сәрсенбай қарап отырған жоқ. Үш жинақ шығарды. Алғашқысы әр жылдары Көкшетау топырағында ауыздыға сөз бермеген суырып салма ақындар дүниесі жинақталған «Айтыс керуені» кітабы. Екіншісі «Сұраған саған аманат» деп аталатын Үкілі Ыбырайдың өмірі мен шығармашылығы хақындағы кітап. Ал, Ақан серінің қилы-қилы тағдырын, шығармашылық шыңын арқау ететін «Жігіттің падишасы» жинағы ұлтымыздың рухани әлеміне олжа салған туынды деуіміз керек.
Біз биылғы қазан айында Мұрат қажы Ыдырысұлы ұйымдастырған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының екінші сапарында Сәрсенбаймен бірге болғанбыз. Оның қасиетті Ұлытауда, Түркістанда, тарихи Отырар мен Созақта, Бетпақдаланы кешіп өтіп, Қаратауды жарып өткендегі, мұражайлар мен кітапханалардағы Арқа әнін төгілдіргендегі шабытты шақтары көз алдымызда. Ол өзінің көгілдір Көкшесінің құшағына әйгілі Қазығұрт тауынан алған әсерлері негізінде туған «Сырлы сезім» атты жаңа әнін әуелетіп енді.

Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар