Ауыл ажары айшықты

Сонау бір жылдары Кеңөткел ауылынан 200 шаңырақ тұрмыстың тауқыметімен өзге елді мекендерге қоныс аударды. 2011 жылы мұнда белгілі кәсіпкер Серік Биімжанов «Кеңөткел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашты.

Аталмыш кәсіпорын негізінен асыл тұқымды мал және егіншілік шаруашылығымен айналысады. Биылғы жылы серіктестік 600 гектар алқапқа бидай мен арпа септі. Сондай-ақ, 100 гектарға көп жылдық шөп сеуіп, шашпай-төкпей жинап алды. Шаруашылықта малды бағу үшін барлық жағдай жасалған. Ветеринарлық және зоотехникалық қызметтермен қамтамасыз етіліпті. Бұл салада білікті маман Қайрат Биімжанов жұмыс істейді.
– Менің негізгі мамандығым құрылыс инженері. Әлеуметтік саланың ғимараттарын тұрғызуда біраз тәжірибе жинақтадым. Соңғы жылдары біздің компания Астанадағы денсаулық сақтау саласының бірқатар нысандарын салды. Мал шаруашылығымен айналысуды жақсы көргендіктен, осы саланы дамытуға өз үлесімді қосқым келді. Көптеген әдебиеттермен танысып, тәжірибелі фермерлердің кеңесін тыңдағаннан кейін асыл тұқымды ірі қара мал ұстауды жөн көрдім. Бұл мал тез салмақ қосады. Біздің фермада салмағы 500-ден 800 келіге дейін тартатын ірі қара мал бар, – дейді Қазақстанның құрметті құрылысшысы Серік Биімжанов.
Серіктестік биылғы жылдың қаңтарынан бастап асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне ие болды. Малдың алғашқы легі Солтүстік Қазақстан облысының «Алабота» асыл тұқымды шаруашылығынан әкелінді. Мал қораларын аралап көрдік. Оның іші-сырты мұнтаздай таза. Бұзаулайтын сиырлар үшін арнайы орын жасалған. Қазір шаруашылықта бұзауларды есептемегенде 330 бас ірі қара бағылады. Серіктестік өткен күзде экспортқа 20 тонна ет шығарыпты. Алдағы уақытта асыл тұқымды бұқа өсіру де қолға алынбақшы. Әзірше табынға жыл сайын 50 бас сиыр қосылады. Шаруашылық мал санын 500-ден асыра алмай отыр. Өйткені, жайылым жер тар. Әзірше, серіктестік бұзауларды өсіріп, ауданның шаруашылықтарына сатпақшы. Табын басында болып, үшінші жыл мал бағып жүрген Қоныспай Амангелдиновты жолықтырдық. Ол өз сөзінде жұмыстың жағдайы мен еңбекақысына көңілі толатынын айтты. Өзіне тұрғын үй сатып алуға көмектескен серіктестік басшысына алғысын білдірді.
Шаруашылық «Гиссар» тұқымдас қой өсірумен де айналысады. Ет бағытындағы бұл қойдың салмағы 100 келіге, алты айлық қозысының салмағы 60 келіге дейін жетеді. Оның үстіне егіз қоздайды.  Қой қырқу үшін қосымша жұмыс күші тартылады. Қазір серіктестікте қозыларды есептемегенде 500-ге жуық қой бағылады. Жаз айларында қолдағы мал үшін екі қора салынды. Біз отар басында шопан Алексей Ярмоленкомен әңгімелестік. Серіктестікте үшінші жыл жұмыс істейтін көрінеді. Өзі малшылардың жатақханасында тұрады. Мұнда барлық жағдай жасалыпты. Жөндеуден өткен үйлерде төрт отбасы тұрады. Шаруашылық басшысы Марат Биімжанов үшін қазіргі заманғы жаңа үй салынуда. Әр үй мен өндірістік бөлмелерге сусорғыштар орнатылған. Жарық жел мен күннің қуаты арқылы беріледі. Қуат жинайтын аккумуляторлар арнайы бөлмеде тұр.  Үйдің маңында 20 және 500 тонналық көкөніс қоймалары қалпына келтірілді. Оның бірінде жергілікті кәсіпкер Александр Микша көкөніс сақтайтын көрінеді. Серік Секенұлы жылқы десе ішер асын жерге қояды. Тұлпарларын мақтан тұтатыны бар. Өзі ұлттық спорт түрлерін дамытуды қолдап, Ақмырза ауылының көкпаршылар командасына демеушілік көрсетуде.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар