Ауқымды жұмыстар қолға алынады

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті ұйымдастырған баспасөз турында «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық бағдарламаны іске асыруының жай-жапсарына назар аударылды.

Жалпы «Көкшетау Энерго» серіктестігі бұрынғы Көкшетау облысы, Солтүстік Қазақстан облысының бес ауданы, Ақмола облысының төрт ауданы мен Көкшетау қаласының 16593,99 шақырым электр тарату желісіне, 207 тірек шағын станциясы мен 2801 трансформаторлық шағын станциясына қызмет көрсетеді. Кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы Энергетика министрлігінің бұйрығымен бекітілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жүйелердегі электр қуаты мен пайдалану шығындарын азайту, тозған қондырғыларды жаңарту, жүйелердегі апат санын азайту, қазіргі заманғы қызмет сапасын арттыру. Инвестициялық бағдарламаны «Көкшетау Энерго» серіктестігі өз кірісінен қаржыландырады. Кіріс қызмет тарифімен тікелей байланыс-ты екені белгілі. Келешекте кәсіпорын Көкшетау мен Щучинск қалаларындағы кабель желісін жөндеу, электр желісінің бағанасы мен трансформаторлық шағын станцияларды қалпына келтіру сияқты өзге де ауқымды жұмыстар жүргізуді қолға алғалы отыр.
Департамент басшысының орынбасары Әсет Құрмашев бастаған жұмыс тобы қомақты қаржы қайда бағытталғанын, қандай экономикалық тиімділік алынғанын және жаңғыртуды қажет ететін қандай проблемалық нысандар бар екенін анықтамақшы болып, шағын станцияларды аралап көрді. Алдымен, олар кәсіпорын маңындағы №4 таратушы шағын станциясына келді. Шағын станциялар қызметінің басшысы Владимир Сәлімжановтың айтуынша, Васильковка шағын ауданында екі электр желісі бар. Бұлар аталмыш аудан, Жансая тұрғын үй кешені және Абылай хан даңғылының бір бөлігіне электр қуатын таратады. Жаңа қондырғының артықшылығы апатты жағдайды азайтады. Апат болардың алдында қондырғы нақты жұмыс істеп, электр желісінен ажыратылады. Жансая тұрғын үй кешені пайдалануға берілгеннен бері электр қуатын тұтынушылар саны көбейді. Осы орайда, аталмыш қондырғы электр қуаты деңгейін өзі реттеп отырады. Бүгінгі таңда Көктем мен Васильковка шағын аудандарының сыртында жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бұрын қондырғының электр қуатын өткізу мүмкіндігі 2-3 мегаВатт болса, қазір ол 8 мегаВатты құрайды. Жаңа шағын ауданның ұлғаятыны да есепке алынып отыр.
  Кәсіпорында 110 килоВаттық шағын станцияларға арнайы бригада қызмет көрсетеді. Оған қоса апатты нысанды қалпына келтіретін бригада жұмыс істейді. Бірқатар шағын станциялар жаңа технология бойынша алыс қашықтықтан басқарылады. Сондай-ақ, мұнда есептегіш көрсеткіші бойынша әлгі жаңа әдіспен ақпарат алынады. Мұндай жаңа технология бірқатар шағын станцияларда жұмыс істейді. Ендігі уақытта бригаданы қаланың шетіне тасымалдаудың қажеті жоқ. Аспап істен шыққан кабель мен құлаған бағана жөнінде ақпарат береді. Мұндағы қондырғылар Қазақстан мен Ресейде жасалған.
Қопа көлінің жағалауына жаңа көпқабатты үйлер салынады деп көзделген. Шағын ауданда электр қуатын арттыру үшін жаңа кешенді трансформаторлық шағын станция салынды. Станциядағы қондырғылардың 100 пайызы Қазақстанда жасалған. Трансформатор Кентау трансформатор зауытында құрастырылады. Келешекте шағын станцияның қуаты 2 мегаВатқа дейін арттырылмақшы.
«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Иван Тренбачтың айтуынша, № 64 трансформатор пунктінің ғимараты апатты жағдайда тұр. Мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қаржының жетіспеушілігінен жаңа ғимарат салынбады. Ендігі үміт инвестициялық бағдарламада болып отыр.
№ 307 трансформатор пунктінің маңындағы электр тарататын желінің 1954 жылдары орнатылған ағаш бағаналары темір бетонға ауыстырылыпты. Ескі мешіт маңындағы барлық есептегіштердің ақпараты осы пунктке жиналады да радио жүйесі арқылы қалалық электр жүйесіне келіп түседі. Бұл әдіс электр қуаты ұрлығы мен пайдалану шығынын азайтты. Соңғы кезде электр желісінен ажырату азайып, электр қуатын сату көлемі көбейген. Соңғы жылдары салынған тұрғын үйлерде жаңа есептегіштер орнатылған. Мұндай мүмкіндік тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары салынған тұрғын үйлерде жоқ. Есептегіш пәтерде орнатылғандықтан, электр қуатын ұрлаушылар саны көбейген. Бүгінгі таңда есептегіштер үй сыртындағы арнайы темір жәшік ішіне орнатылып, ұрлыққа тосқауыл қойылды. Бұрын бұл тұрғын үйлердегі электр қуатының шығыны 20 пайызды құраса,  6 пайызға дейін төмендепті. Қазір әр тұрғын үйде дүкен, дәмхана, ұйымдар орналасқан. Тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 400 килоВаттық №35 трансформатор пунктінің қуаты жетіспейтіндіктен, бір мегаВатт қабылдауға мәжбүр. Барлық трансформатор пунктінің 30 пайызы әбден тозған. Нысандарды қалпына келтіру үшін қомақты қаражат қажет. Ал, ол тарифке тікелей байланысты екені белгілі.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар