Құтқару қызметіне – жиырма жыл

Облыс әкімі Сергей Кулагин «Көкшетау» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының Азаматтық  қорғаныс қызметінің құрылғанына жиырма жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Осыдан тура жиырма жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетін құру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері еліміздің төтенше жағдайлар саласы нығайып, оның қатарындағы құтқарушылардың да кәсіби деңгейі артып келеді. Біздің облыста осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны бір жарым мыңнан асады. Тілсіз жау төтеннен тап беріп, адам өміріне қауіп төндіргенде көмекке келетін осы сала мамандары. Жыл сайын облысымыздың құтқарушылары қар көшкіні, су тасқыны, тілсіз жау – өрт секілді түрлі табиғи апаттардан мыңдаған адамды құтқарады екен.
Мәселен, өткен жылы олар Атбасар ауданында болған су тасқыны кезінде 6 мыңнан астам мал басын аман алып қалып, екі мың адамның өміріне  араша түсті. Биыл осындай шетін оқиға Астананың іргесіндегі ауылдарда қайталанғанда тағы да құтқарушылар көмекке келді. Мінеки, құтқару қызметінің қаншалықты маңызды екенін осындай мысалдардан көруге болады.
Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі Сергей Кулагин құтқару қызметі қатарында еңбек етіп жүрген жерлестерімізге тұрғындардың атынан алғыс сезімін білдіріп, әр шаңыраққа бақ-береке тіледі.  
Айта кетейік, Сандықтау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, өртке қарсы қызмет майоры Ерлан Жолдин, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің қызметкері, өртке қарсы қызмет майоры Асылбек Сәдуов облыс әкімінің Алғыс хаттарына ие болса, облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Жайлаубек Халықұлы, облыс прокуроры Мұратбек Исаділов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Дәулет Қысталасов және аталмыш салаға бар ғұмырын арнаған Сапарғали Асылбеков, Қанат Байжанов, Боранбай Сыздықов секілді бір топ ардагерлер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.
Салтанатты шарада сөз алған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Әбдіхалықовтың баяндамасынан да облыс құтқарушыларының тынымсыз еңбектері анық байқалды. Мерекелік шараның соңы көркемөнерпаздардың шағын концерттік бағдарламасына ұласты.         
*  *  *
Сондай-ақ, бұл күні Азаматтық  қорғаныс қызметінің құрылғанына жиырма жыл толуына арнап облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, Көкшетау техникалық институтының басшылығы мен курсанттары «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар