Есімі ардақтыларымыздың қатарында

Шағалалы ауылындағы агротехникалық колледжінің тарихы ұжым мүшелерінің шығармашылық өмірбаяны, іргелі істерінен құралған. Олардың арасында қажымайтын еңбеккерлер өте көп.

Оқу орнының негізі қаланып, қалыптасуы, қарқынды дамуы, қайта құрылуы сияқты кезеңдері оның тарихының жарқын парақтарында айшықты әріптермен жазылған. Осы жылдар аралығында бірталай талантты педагогтар жас мамандарды білім беру шеберлігінің қыр-сырына, өз істеріне адал болуға, таңдаған кәсібіне қызығушылықпен қарауға, кәсіби біліктілікті арттырып отыруға үйретіп, үлкен абыройға бөленді. Қазір біз өткенімізді ескере отырып, бүгінгі күнімізді түсініп, бағамдай аламыз. Колледжімізде бірнеше мәрте ауыл шаруашылығының білікті мамандарының буынын даярлап, еліміздің лайықты азаматтарын қалыптастырып, тәрбиелеуде зор еңбек сіңірген біздің ардагерлеріміз білім ордасының алтын қорына енді. Олардың арасында оқу орнының қалыптасуына ерекше үлес қосып, өзімен бірге қызметтес болған адамдардың жүрегінде ұмытылмастай орын алған Күнсұлу Мәулиқызы Ақынова бар. Ол – ғұмырының 30 жылдан астам уақытын білім беру саласына арнаған ардагер педагог. Еңбек жолын Зеренді ауданының Зеренді орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып бастаған.
Ол колледже жұмыс істеген уақытында, яғни, 1989 жылдан бастап, құрметті зейнет демалысына шыққанға дейін қызмет сатысының барлығынан абыроймен өтті. Қарапайым мұғалімнен бастап, куратор, пәндік циклдік комиссия жетекшісі, бөлім басшысы, директордың орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Қандай мансаптық лауазымда жүрсе де, өзінің адамгершілігін, принципшілдігін, әр нәрсеге шығармашылық тұрғысынан келуін, кәсіби шеберлігін сақтай білді. Оның тікелей қатысуымен колледж-
де оқу жүйесі, тәрбие және әдістемелік жұмыстар бір қалыпқа келтірілді, бұл оқу орнының негізгі миссиясының, яғни, бәсекеге қабілетті мамандар даярлап, әлеуметтік табысты тұлға қалыптастырудың толық орындалуына мүмкіншілік берді.
Күнсұлу Мәулиқызының тұла бойынан бастамашылық, көшбасшылық, жол көрсетушілік қасиеттер айқын байқалып тұратын. Білім саласының қыр-сырын жете меңгерген оның қарым-қабілетінің негізінде білім мекемесінде бірталай оңтайлы жұмыстар атқарылды. Ол колледждегі оқыту мен тәрбие беру ісінің жақсаруына бағытталған көптеген идеялардың авторы бола білді. Бөлім басшысы болып жүргенде еліміз нарықтық экономикаға ауысып жатты. Сол тұста білікті маман қаржы саласы мамандарының маңыздылығы артатынын түсініп, «Салық және салық ісі», «Қаржы», «Есеп және аудит» мамандықтары бойынша жастарды оқуға қабылдау жұмыстарын ұйымдастырды. Мемлекеттік тілге баса көңіл аударыла бастаған кезде де, Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің тәжірибесіне сүйене отырып, бірталай игі істің басын қайырды.
Күнсұлу Ақынова сонымен бірге, жас педагогтар тәрбиелеген озат тәлімгер. Студенттермен де жұмыс істеп үлгеретін. Жастармен қайырымдылық акцияларын, концерттер, КВН ойындарын өткізіп, студенттік газетке дейін шығаратын. Өзінің жүрек қалауымен таңдап алған ісіне адал қызмет еткені жоғары бағаланды. Білім беру саласындағы ерен еңбегі үшін бірнеше мәрте Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің және білім басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды. Бірақ, ұстаздың ең басты жеңісі – бұл емес, ол біздің оқу орнында білімін ұштаған түлектерінің кәсіби ортада, өмір жолында өз орнын тауып, қызметтік көтерілуі болатын. Міне, ұстаз мерейі деген осы болар…
Біздің аға буынның үздік еңбегі бізді жаңа идеялар мен жаңа мақсаттарға жетелейді. Осыншама қазыналы қарттары, яғни, ақылшы ардагерлері бар ұжымның күш-жігері мықты болу керек. Солай болып та келеді.
Жаңа жыл қарсаңында Күнсұлу Мәулиқызының туған күні. Осы орайда, мақаламның басты кейіпкері болған ұстазымызды мерейлі жасымен құттықтаймын! Күнсұлу Мәулиқызы Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір, мол бақыт тілеймін! Сіздің біздің ұжымымызға сіңірген зор еңбегіңізге алғысымыз шексіз.
Қайыргелді ҚАРАБАЕВ,
Шағалалы жоғары агротехникалық колледжінің директоры.

Суретте: ерлі-зайыпты Амангелді және Күнсұлу Ақыновтар.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар