Өз үйіміздей болып кетті

Туған жердің тарихында  есте сақталатын сәттер көп. Мен Еңбекшілдер ауданы Макинка ауылының байырғы тұрғынымын. Тәттімбет өзенінің жағасындағы, қайыңды-қарағайлы тоғайдың қойнында орналасқан бұл елді мекен табиғатының көркемдігімен ерекшеленеді. Жыл өткен сайын елге ел қосылып, ауыл іргесі кеңи түсуде.  

Өзен жағасына 1912 жылы аурухана салыныпты. Арада тағы бір он бес жыл өткеннен кейін балалардың туберкулезге қарсы ауруханасы болып қайтадан құрылған. Әлі есімде, жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде балалардың сүйек-буынындағы бұл дерт тіпті ушығып, елімізде туберкулез ауруына қарсы күрес ерекше екпінмен жүріп жатты. Сүйек туберкулезіне шалдыққан балаларды емдеуге, сауықтыруға арналған шипажай да жұмыс істеді. Сол кезде ауруханаға өте ауыр  халдегі   балалар жиі  түсетін.
Сүйек туберкулезі жуыр маңайда жазыла қоймайды. Емдеу үшін де көп уақыт керек. Сырқат балалар осы жерде емделіп әрі білім алып, жылдап жататын. Әр балаға жеке күтім керек болатын. Өйткені, жеткіншектердің көбі төсек тартып жатты. Гипске оранған балғындардың түрлеріне қараудың өзі өте аянышты еді. Қазіргі замандағы дәрігер мамандардың тапшылығы сол кезде де өзекті мәселелердің бірі еді. Балаларды күту үшін  тәрбиешілер, мұғалімдер, дәрігерлер ауадай қажет болатын.
Мектеп бітірген соң мен шипажайға тәлімгер болып жұмысқа орналастым. Сабақтан бос уақытта балалардың көңілдерін кітап оқуға, сурет салуға аударатын едік. Көбінесе балалардың қолдары жаттығатын тапсырмалар беретінбіз. Біз оларға ілмек сыммен тоқуды, тігуді, қолдан түрлі заттар  жасауды  үйрететінбіз. Сол кезден бастап мен де жаныма жақын іс – қолөнермен айналыстым. Жоғарыда айтып өткенімдей, мамандар жетіспегеннен кейін  шипажайда математика пәнінің мұғалімі болып та он жылдан астам уақыт еңбек еттім.  
Ғылымның дамуымен бірте-бірте бұл қатерлі дерт жойыла  басталды. Осыған байланысты облыстық денсаулық сақтау бөлімінің шешімімен шипажай 1984 жылдың қыркүйек айында  жабылды. 1989 жылы 22 ақпанда облыстық Халық Депутаттар Кеңесінің отырысында Макинка ауылында еңбек және соғыс ардагерлеріне арналған 110 орындық  интернат үй ашу туралы  облыстық ардагерлер кеңесінің  ұсынысы  мақұлданды.
Сөйтіп, көп ұзамай Макинск  интернат үйі өз есігін айқара ашып,    қамқорлыққа зәру қарт адамдарды алғаш рет қабылдады. Бір айдан соң  интернат үйіне 65 жалғызбасты зейнеткер келіп түсті. Бұл істің басы-қасында облыстық басқарма өкілі, зейнеткер Галина Алексеева жүрді. Біздің мекеме сол кезде облыстағы жалғыз интернат үйі болатын. Одан бұрын мемлекет қамқорлығына мұқтаж барлық жалғызбасты қарттар Петропавл қаласына кетуге мәжбүр еді. Интернат ашылған бір айдың ішінде қариялардың саны 70 адамға, ал кейіннен 110 адамға жетті.
Сол кезден бері көп нәрсе өзгерді. Интернат-үйі медициналық-әлеуметтік мекемесіне айналды. Бұрынғы директор Юрий Савченко зейнетке шыққан соң қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеге директор болып Мұрат Қабенұлы тағайындалды. Қазір мұнда  93 адам тұрып жатыр. Осы қарттар үйінде  қалған өмірімді өткіземін деп ешқашан ойлаған емеспін, бірақ  тағдырдың жазуы солай болды.
Замандастарым қоғамдық істерге белсене қатысады. Оларға қосылып мен де көп жылдар  бойы  мәдени-тұрмыстық комиссияның мүшесі болып келемін. Жыл сайын өтетін спартакиадаларда, түрлі байқауларда бақ сынаймыз. Мұндағы қарттардың барлығы медициналық-әлеуметтік мекемені өздерінің туған үйіндей көреді. Құдайға шүкір, ештеңеге де мұқтаж емеспіз, күтім жақсы. Медицина қызметкерлері әлдене қажет болса, әрдайым көмекке келеді. Мейірбикелер медициналық көмектен басқа, психологиялық қолдау көрсетеді. Ал, аспазшыларымыз күн сайын  дәмді ас мәзірін ұсынады.
Шыны керек, өмірден түңілуге, жаман ойға берілуге уақытымыз жоқ. Бильярд, теннис ойнаймыз, қызықты кітаптар  оқимыз. Газет-журналдардың арқасында барлық жаңалықтарды уақытылы біліп отырамыз. Өзен жағасында орналасқан мекемеміз жаз мезгілінде тіпті құлпырып кетеді. Кешқұрым уақытта субұрқақтардың қасында серуендеп, сүйікті әндерді еске түсіреміз. Тамаша табиғаттың аясында серуендеп, тіпті, Астана қаласының,  Бурабай баурайының көрікті өңірлеріне саяхат та ұйымдастырылады.
Қамқорлығы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, бізге үнемі қарайласып жүретін медициналық-әлеуметтік мекемесінің  қызметкерлеріне зор алғысымызды білдіреміз. Дүниеде әркез адамгершілік қасиеттер үстемдік етіп, қарттарға деген құрмет арта берсін, еліміз өркендей түссін деген тілегіміз бар!

Фаина РЯБУНЕЦ,  
қарттар мен мүгедектерге
арналған медициналық-әлеуметтік
мекемесінің қамқорлығындағы қария.  
Макинка ауылы,
Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар