Балғындар қабілеті ұшталды

Бүгінгі таңда еліміздегі ұлағатты ұлттық тәрбие құралына айналып отырған негізгі республикалық телеарналардың бірі – «Хабар» арнасына жиырма жыл толып отыр.

Көрермен ретінде өз пікірімді білдіріп, баға беретін болсам, арна өз миссиясын жоғары деңгейде атқарып келеді деп айтуға болады. Еліміздегі телеарналардың арасында алғашқы болып ең озық, заманауи техникалармен жарақтандырылған арнада жүйрік ойлы, дарынды журналистер жұмыс істеуде. Олардың арасынан Жайна Сламбекқызы, Бибігүл Жексенбай, Арман Сқабылұлы, Серік Жанболат, Қайнар Олжай, Ләззат Танысбай, Айгүл Мүкей, Зейін Әліпбектерді бөле-жара айта кетуге болады. Қазақ журналистикасының бір шоғыр жұлдыздары осы арна арқылы елге танылды. Бүгінгі таңда агенттікте жаңа жобалар қолға алынуда. Қазақ тілінде телесериалдар да көрермен назарын аударуда. Арна әлеуметтік-танымдық маңызы зор бағдарламаларға бай. Оған қоса, саяси маңызды және мәдени, спорт шараларын тікелей таратуға да мүмкіндіктері бар.
«Хабар» арнасы республикамыздағы заманауи медиа кеңістікте елге қоғамда орын алып жатқан жайттар туралы саналуан жаңалықтар мен терең мазмұнды саяси бағдарламаларды үздіксіз және жедел ұсынатын ақпараттық-телевизиялық агенттік болып табылады. Арнаның жас толқынды жақсы істерге жұмылдыру бағытындағы тағылымы айта қаларлықтай. Өз елімізде және әлемде болып жатқан жақсы істерді көріп, көзі ашық, көкірегі ояу жастар жақсылыққа ұмтылады. Білім саласында ғана емес қарапайым тіршіліктегі ілкімді істерді ой елегінен өткізіп өздерінше ой түйіндейді, пікір алмасады. Сондықтан да, зымыран уақыттың қарышты қадамынан қалып қоймауға ұмтылған жас толқын өз бойларындағы талаптарын ұштап, талғамдарын биіктетуде.
Біздің ұжымда аталмыш арнаның жетістігі ұдайы айтылып отырылады. Жақсылыққа сүйсіну, жаңалықтан хабардар болу  олардың бойындағы танымдық қасиетті толайым толықтыра түседі. Әрі кез-келген құбылысқа баға беруге үйренеді. Бурабайдың баурайындағы көзіқарақты біздің ұжым әлем тынысынан әрдайым хабардар.
Біз «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылар арасында «Хабар» арнасының жиырма жылдығына орай байқау өткіздік. Байқауға 64 оқушы қатысты. Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша бірінші орынға астаналық Жұмаділла Бауыржан, екінші орынға павлодарлық Найда Ульяна, үшінші орынға Жамбыл облысының өкілі Маратжан Мирас ие болды.
Оқушыларымыз бақылаушы, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болуы керек. Байқауды өткізгендегі мақсатымыз жас ұрпақтың бойындағы осындай қабілеттерді жетілдіру, ұштау еді.

Сейсен БЕЙМХАН,
«Балдәурен» білім кешені директорының орынбасары.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар