«Туған елге тағзым»

Осындай тақырыппен таяуда еліміздегі барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде зерттеу өлкетану экспедициясы қатысушыларының жобалары мен шығармашылық жұмыстарының онлайн байқауының ашылу салтанаты болып өтті.

Аталған жоба «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен туған өлкені танып білуге, оқушылардың бойында туған елдің ерекшелігі мен оның қыр-сырын білуге, оқушы бойында патриоттық сезімді арттыруға бағытталған. Дәстүрлі іс-шара биыл алғаш рет онлайн түрінде өтуде. Дегенмен, бұл жағдай қатысушылардың санына кері әсерін тигізген жоқ. Қазылар алқасы 200-ден астам жұмысты қарап, бағалайтын болады. Экспедиция «Ұлы дала өркениеті» тарихи мұра, «Туған өлкем – жұмақ мекен!» табиғи-қорықтар, «Ұлт руханияты – бабалар аманаты» мәдени мұра, «Өндірістік инновация кепілі – зияткерлік әлеует» инновациялық және индустриалды даму маршруттары мен «Селт еткізер ерен ой» шығармашылық жұмыстары және «Туған жер – тұғырым» тақырыбына эссе жазу сынды алты бағыт бойынша өтеді деп жоспарланған.
Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің намысын 13 жас зерттеуші қорғамақ. Мәселен, «Ұлы Дала өркениеті» және «Туған өлкем – жұмақ мекен» бағыттары бойынша 10-сынып оқушысы Арайлым Сатиева мен 11-сынып оқушысы Аружан Жангутенова өз жобаларын қорғады. «Көкшетау-аңыздар мекені» атты жобасын әзірлеу кезінде Арайлым Бурабай демалыс орнына барып, зерттеу жұмыстарын жүргізгендігін айтады. Басты мақсаты – зерттеу арқылы жергілікті туризмді дамытуға үлес қосу. Арайлым өз жобасын сенімді қорғап, қазылар алқасының сұрақтарына да мүдірмей жауап берді.
– Менің жобамның мақсаты құрылыс жұмыстарына да жарайтын, емдік қасиеттерге де ие Қараүңгір көлінің ерекшеліктерін анықтау. Табиғи балансты сақтап қалу үшін мен сол өңірде салуға болатын экоүйлердің бірнеше түрін ұсынамын. Бұл Қазақстанда туризмді дамытуға айтарлықтай әсерін тигізеді,– дейді 11-сынып оқушысы Аружан.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: іс-шарадан көрініс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар