Ауылдың рухани айнасы

Бүгінде Целиноград ауданындағы мәдениет ошақтарының атқарып жатқан жұмыстары аз емес десек, артық айтпаған болар едік. Әсіресе, жуырда ғана ашылған Талапкер ауылдық клубының жұмысы жайлы ерекше тоқталғымыз келіп отыр.

Клубтың жас өнерпаздарының өнері халықтың көңілінен шығуда. Бүгінгі күні ауылдағы мәдениет ошағында би, домбыра, фортепиано және вокал үйірмелері жұмыс істейді. Үйірмеге қатысушылар – ауыл балалары. Сонымен қатар, ересектерге арналған домбыра үйірмесі де бар. Жаңа мәдениет ошағының өнерпаздары шығармашылық белсенділік танытып, көптеген іс-шараларды ұйымдастыруда. Ауыл сахнасында өнер көрсетіп қана қоймай, аудандық іс-шараларға да белсенді қатысуда.
Ауылдық клубтың жас өнерпаздары Нұр-Сұлтан қаласындағы «Бәйтерек» кешенінде, Тұңғыш Президент мұражайында өнер көрсетті. Клуб меңгерушісі Гүлнәз Бекмағамбетованың ауыл жастарының өнерін шыңдап, бос уақыттарын тиімді пайдалануға елеулі үлесін қосып жатқан жайы бар. Қарттар үшін «Әжелер тобын» да құрған. Ақ жаулықты әжелер үйде отырған жас аналарға, оқушыларға ою оюдан, құрақ көрпе тігуден онлайн шеберлік сыныптарын өткізуде.
Ауыл мәдениеті ұрпақтан ұрпаққа сақталған салт-дәстүрімен, қаймағы бұзылмаған ана тілі, құндылығы арта түскен қолөнерімен құнды. Осы орайда, мәдениет ошақтарының ауыл жастарының музыкалық және басқа да қабілеттерін ашуда, бос уақыттарын тиімді пайдалануда сіңіріп жатқан үлестері зор.
Ықылым заманнан қазіргі кезге дейін ауылдар дарынды адамдарға бай. Дауысы таңдай қақтыратын әнші де, домбыраның құлағында ойнайтын күйші де ауылдан шыққан. «Ауылдың алты ауызынан» дес бермейтін өнерлі үлкендер де, талантты жастар да көп.
Талапкер ауылдық клубында балалар өздерінің талантын шыңдайды. Үйірмелерде жан-жақты дамып қана қоймай, рухани дем алады. Үйірмелерге тәжірибелі, білікті мамандар жетекшілік етеді. Атап айтсақ, домбыра үйірмесінің жетекшісі Мендабике Үркімбаева, вокал үйірмесінің жетекшісі Рашида Оспанбаева, сурет салу үйірмесінің жетекшісі Балтабек Рақымжанов, тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Фарида Әуесбаева. Сонымен қатар, клубтың Нұрсағат Тайырқызы, Гүлбаршын Орақбаева секілді ансамбль мүшелерін, Ару, Сұлу Көпжасаровалар, Наргиз Бегалина, Назерке Бақытханқызы, Асылай Ертасова секілді талантты шәкірттерін де айта кеткіміз келеді. Жас өнерпаздар республикалық деңгейде ұйымдастырылған балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының республикалық «The Birth of a Star» онлайн фестиваль-байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. «Жақсы келін – ырысың» атты аудандық деңгейде өткізілген келіндер сайысында Шырайлым Төкенова I орынға ие болды. Үйірмелердің басым бөлігі онлайн форматта жүргізілуде. Клубта Нұр-Сұлтан қаласы филармониясының эстрада жұлдыздарымен «Жұлдызбен жүздесу» онлайн кеші ұйымдастырылды. Ауыл әжелері қолөнер бұйымдарын әкеліп, онлайн шеберлік сыныптар өткізді. Солардың бірі, ауылдың өнерлі әжесі Жұмабике Мұхамедиярқызы жастарға ұлттық нақыштағы көрпе, жастық, кестелердің жасалу жолын көрсетті. Мәдениет ошағында осындай игі шаралар ұдайы өз жалғасын табуда.
Ұлттық құндылықтарымыздың бастауы мәдениетімізде. Ауылдың рухани бай мұрасы мен құндылықтарын, өнерін жас өскелең ұрпаққа насихаттап, мәдениет ұлттың мәйегі екенін дәлелдеп, өскелең ұрпақты шыңдап келе жатқан Талапкер ауылдық мәдениет ошағының ұжымына биіктерден көріне беріңіздер демекпіз!
Дидар ОРАЛБЕК.
Талапкер ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар