Зейнетақы қорындағы ақшаны қалай алуға болады?

Зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беретін заң қабылданды. Енді құжатқа Президент қол қойса, жинаған қаржының бір бөлігін жеке мақсатта пайдалана аласыз.

Зейнетақы қорындағы ақшаны алу туралы құжат жылға жуық әзірленіп, қоғамның қызу талқысына түскен болатын. Және депутаттар да оны бірден қабылдаған жоқ. Сенаторлар бұл заң жобасына түзетулер енгізіп, оны Мәжіліске қайтарғаны да белгілі. Бүгінде төменгі палата ондағы түзетулерді мақұлдап, құжатты бірден Президенттің қарауына жіберді.  Енді оған Мемлекет басшысы қол қойса, жинақтың бір бөлігін пәтер алуға, алғашқы жарна мен ипотекалық несиені төлеуге, жер алып үй салуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және емделуге жұмсай алады. Соның ішінде ақшаны денсаулығына байланысты алатын болса, денсаулық сақтау министрлігі жариялаған ережеге сай, емдеу мекемесінен осыны растайтын анықтама алу керек.
–Бұл орайда, министрдің бұйрығымен бекітілген қағида бойынша зейнетақы жинағындағы артық ақшаны диагностика жасатуға, тіс емдетуге, пластикалық ота жасатып, радиохирургиялық ем қабылдауға төлеуге болады. Сондай-ақ, оңалту-сауықтыру орындары және тағы басқа ақылы қызмет түріне қолданылады. Бірақ, қаражат қолыңызға тимейді. Сол зейнетақы қорынан тура емдеу мекемесінің есепшотына аударылады. Бұл ретте, алдымен, өзіңіз тіркелген жердегі медициналық ұйымға барасыз. Онда дәрігерлік комиссия құрылады. Жинақтаушы сол комиссияға жүгінгеннен кейін оның өтініші қаралып, шынымен емделу бағасы, не болмаса жасалатын операция құны секілді мәселелердің бәрін анықтап, сәйкесінше белгілі бір қорытынды береді.  Ақшаны алуға egov арқылы өтініш берген кезде, сол медициналық қорытынды қоса жіберіледі. Баспана алу үшін зейнетақы қорындағы ақшаңызды шешіп алу үшін де оны растайтын құжаттар қажет. Бұл қаржы қолыңызға берілмейді. Ипотеканы жапқыңыз келсе, несиеңіз бар банкке бірден аударылады, – дейді «Отбасы банкі» акционерлік қоғамының орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.
Сонымен жоғарыда атап өткеніміздей, қордағы ақшасының бір бөлігін тек 721 мыңнан астам адам ғана ала алады. Өйткені, олардың жинағы жеткілікті мөлшерден асып тұр. Егер заң мақұлданса, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өтінішті қай күннен бастап беруге болатынын хабарлауы тиіс.
Сарапшылар бұлай болған кезде нарықта үй бағасы өсе түседі дейді. Себебі, есепшоттан ақшаны шешіп алу рұқсат етілісімен, халық пәтерлерді сату бөлімдеріне барады. Осылайша сұраныстың лезде артуы тұрғын үйлердің бағасының көтерілуіне әкеледі. Сондықтан, баға шамамен 10 пайызға дейін өсетін көрінеді.
Енді зейнетақы қорындағы ақшаны алу үшін сіз 30 жаста болсаңыз, онда шотыңызда 2,5 миллион теңге шамасында қаржы қалуы тиіс, 40-тан асқан болсаңыз, 3,5 миллион теңге қалу керек. Яғни, заң күшіне енгенімен, оны әркім ала алмайды. Зейнетақы қорындағы есепшотыңызда жиналған қаржы жас шамаңызға орай, белгіленген сомалардан асып тұрса ғана бұл мәселені оң шеше аласыз.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар