Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

Тері – адам денсаулығының айнасы. Егер теріміз бөртіп, қыши бастаса, «не қылар дейсің, өзінен-өзі кетер» деп, дәріханадан кез-келген жақпа майды ала салып, өз бетімізше емдей бастаймыз. Дегенмен, дәрігер мамандардың кеңесіне жүгінбей, өздігінен ем жасаған қаншама адам, бүгінде сырқатын асқындырып, бармақ тістеп отыр. Сондықтан, мамандарға жүгінген абзал.  

Дәрігердің ақыл-кеңесінсіз кез-келген жақпа майды пайдалану өте зиян. Себебі, антибиотиктерді дұрыс пайдаланбаудың салдарынан тері мутацияға ұшырап, дәріге төзімді болып алады. Яғни, дәрі-дәрмектердің әсерінен тірі қалған бактерияларға одан әрі ол дәрі мүлдем әсер етпейді. Бұны медицина тілінде бактерия-лар әлеміндегі эволюция үдерісі дейді екен. Ал, сол дәріні келесі жолы пайдаланатын болсаңыз, терінің жазылып кетуі екіталай. Бұдан сырқат ұзаққа созылып,  асқына түседі, өйткені дәрі әсер етпейтін бактериялар одан әрі дамуын жалғастыра беретін көрінеді. Мұндай жағдайға жетпеу үшін дерматолог дәрігерлерге жүгінген жөн. Әсіресе, жаз мезгілінде терінің түрлі ауруларға шалдығу себептері көбейе түседі. Алайда, көптеген адамдар тері-венеролог мамандарға қаралмай, өз беттерінше ем-дом жасап, ауруларын асқындырып алып жатады.
Ақмола облыстық тері – венерологиялық диспансері тері ауруларын емдейтін өңіріміздегі жалғыз медициналық мекеме. Диспансердің тәулік бойы ем жасайтын стационарлық бөлімінде 70 төсек орын, ал күндізгі бөлімінде 23  төсек орын бар. 2015  жылдың алғашқы жарты жылдығында мұнда 11 549 адам ем қабылдаған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға көп. Сонымен қатар, күндізгі стационарда 3975 адам емделіп шығыпты, бұл да өткен жылғы көрсеткіштен 4,5 пайызға артық. Өкінішке орай, тері ауруларына ұшыраған адамдар санының жыл сайын көбейіп келе жатқаны қынжылтады. Облыс бойынша дерматолог мамандардың жалпы саны – 33. Оның он бесі облыстық тері-венерология диспансерінде қызмет етеді. Биылғы жылы тағы үш жас маманды қабылдау жоспарда бар.
Жартыжылдықтың есебі бойынша диспансерлік есепке 1890 науқас алынса, 1851 науқас есептен шығарылған және 3578  адам әлі де диспансерлік есепте тұр екен.  
–Бүгінде диспансерлік топтағы тері патологиясы арасында псориаз сырқатына ұшырағандар өте көп. Одан кейін венерологиялық аурулар арасында уреаплазмоз ауруы да алдыңғы қатарда. Биылғы жылы уреаплазмозбен 30 адам, псориазбен 96 адам ем қабылдады.  Уреаплазмоз – жыныстық жолмен жұғатын ауру. Қазіргі таңда бұл сырқатпен ауыратындар арасында 18 бен 29 жас аралығындағы жастар көп. Ал, псориаз жұқпалы емес. Терінің шамадан тыс құрғап, денедегі қызыл дақтардың пайда болуы – псориаз ауруының алғашқы белгілері. Осындай белгілер орын алса, жедел түрде дәрігер мамандарға жүгініп, асқындырып алмай, алдын алған жөн. Өйткені, аталмыш сырқатты кейін емдеу үшін көп уақыт қажет болады, –дейді сол кезде біз әңгімелескен  бас дәрігер Серік Нәбиұлы.
Диспансер бір ауысымда 150-ден астам адамды қабылдайды. Есептік мерзім кезінде 67038 адамға қызмет көрсетіліпті. Олардың ішінде ауылды аймақтардан 1117 адам, қаладан 65731 адам, ал басқа қалалардан 190 адамға дәрігерлік кеңес беріліп, ем жүргізілген.
Диспансерде халыққа емдік көмек көрсету үшін 3 құпия кабинет жұмыс істейді. Микологиялық науқастарды қабылдауға арнайы жасақталған микология кабинеті бар. Сондай-ақ, екіқабат әйелдер мен 1 жасқа дейінгі сәбилерді қарау тәртібі қатаң қарастырылған. 2015 жылдың алғашқы жартыжылдығының есебі бойынша 349 адам жалпы емханалық қабылдаудан өткен. Республикалық тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу институтына квота бо-йынша 19 науқас жолданған.  Сонымен бірге, биылғы жылы мұнда санитарлық-ағартушылық жұмыстар бойынша 24 отырыс өткізілген. Физиошаралар өткізу үшін 8 физиокабинет жасақталған. Оған қоса, диспансерде жедел топ жұмыс істейді. Топтың негізгі жұмысы – түрлі себептермен емделуден бас тартып, емделмей жүрген науқастарды іздестіріп, тауып, оларды  диспансерлік есепке алу. Диспансердегі тері-таз бөлімшесінде балаларға арналған 10 төсек орын жабдықталса, ересектерге 30 төсек орын қарастырылған.
– Соңғы алты ай ішінде дермотомикоз ауруының өсуі байқалып тұр. Дерматиттен 110 адам емделіп шықты. Бұл аурулардың өсу себептері негізінен климаттық өзгерістерге, психо-эмоционалдық стреске,  кейбір жағдайда тұқым қуалаушылыққа байланысты. Сондай-ақ, облыс бойынша мерез ауруының көрсеткіштері былтырғы жылдың есебімен салыстырғанда 1,7 пайызға жоғарылап отыр. Диспансерде  89 адам аурудың осы түрімен емделсе, уреамикоплазмозбен 261, хламидиозбен 55 науқас ем қабылдаған. Соз ауруымен 13 науқас емделген.  Бұл жыныстық жолмен жұғатын ауру түрлері.  Олар тұқым қуаламайды. Алайда, емделмеген жағдайда, нәрестелер туа бітті мерез ауруымен  туылуы мүмкін.  Егер анасы мерезбен ауырып, дұрыс емделмей, жүктілік кезінде дәрігерлік есепке алынбаса, ол балаға да беріледі. Биылғы жылы Еңбекшілдер ауданы бойынша жүктілік кезеңінде гинекологқа тексерілмеген бір әйел туа біткен мерез ауруына шалдыққан баланы дүниеге әкелді. Бұл өте қиын жағдай, – дейді одан әрі бас дәрігер.
Облыстық тері-венерологиялық диспансерінде науқастарды қабылдап, ауруды дер кезінде анықтап тиісті ем-шара жүргізу үшін барлық жағдай жасалған.  «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстанған диспансер дәрігерлері мектеп, колледж жоғары оқу орындарының студенттерімен дәріс өткізіп тұрады. Облыс орталығындағы әрбір оқу орны белгілі бір дәрігерге бекітілген. Онкүндік, айлық, дөңгелек үстел, әңгімелесулер өткізіп, тері күтімі, венерологиялық аурулардың алдын алу жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру жоспарға қойылған. Дермотолог мамандар халықты, оның ішінде жасөспірімдерді бассейн, суға шомылу кезінде тазалықты сақтап, абай болуға шақырады.
Қазір диспансер басшылары ауысып, бұрынғы бас дәрігердің орнына бұл қызметке білікті маман Қайыр Хамитұлы Әбдірахманов келді. Демек, емдеу орнының ұжымы тері-венерологиялық аурулардың алдын алып, емдеу жолында нәтижелі жұмыс істей береді деген сенімдеміз.  

Динара ЖӘМШИТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар