Үнемділікке үн қосты

 Бесінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс қырық екінші сессиясы болып өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Сергей Кулагин қатысып, сөз сөйледі.

  Депутат Елена Мащинскаяның төрайымдылы-ғымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс қырық екінші сессиясына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлгаждаров баяндама жасады.
Ол бюджеттік комиссия осының алдында қарап, мақұлдаған облыс бюджетін нақтылау жөнінде ұсынысты қарауды ұсынды. Оның айтуынша, бюджет қаржысын игеруге жан-жақты талдау жүргізіліп, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, жаңа жобаларды келесі жылға қалдыруға байланысты және мемлекеттік сатып алулар  бойынша өткізілетін байқаулардан барлығы 597,9 миллион теңге қаржы үнемделген екен. Бюджетті нақтылау кезінде  Мемлекет басшысы мен ел Үкіметінің жаңа экономикалық саясатқа және бастау алған жобаларды аяқтауға баса назар аударылғанын атап көрсетілді. Мысалы, Целиноград ауданындағы Оразақ ауылының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындары мен Калачи және Красногорск кенті тұрғындарын көшіруге байланысты тұрғын үйлерді іске қосуды дер кезінде  қаржыландыру аясында облыстық бюджеттен 190,5 миллион теңге қарастырылмақшы. Мұның сәйкесінше 155,7 және 34,8  миллион теңгесі Целиноград, Есіл және Жарқайың аудандарында  тұрғын үйлер мен инженерлік жүйелерді  аяқтауға жұмсалатын болады.
Облыстың жылумен жабдықтаушы  кәсіпорындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында  75 миллион теңге қарастырылады. Сонымен бірге, өткен жолы депутаттар бюджетті нақтылау кезінде  «Воздвиженка-Талапкер» тас жолына күрделі жөндеу жұмысын аяқтау мәселесін көтерген еді. Бюджет мүмкіндігіне орай бұған ағымдағы жылға 54,0 миллион теңге бөлінбекші. Ал, қалған 38,0 миллион теңге келесі  жылдың бюджетінде қарастырылатын болады.
Одан әрі сессияның күн тәртібінде Ақмола облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадралинаның облыстың елді мекендеріндегі жер телімдерін жекеменшікке беру кезінде базалық мөлшерлеме ақыны белгілеу,
Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы және Волгодонский селолық округтерінің шекарасын өзгерту жөнінде баяндамасы тыңдалды.
Депутаттық сағатта кең талқыға түскен  басқа да мәселелер  бойынша депутаттардың бірауызды шешімімен  қаулылар қабылданды. Оның ішінде Қорғалжын ауданындағы Дружба орта мектебіне Ақтан Төлеубаевтың есімін беру және Атбасар ауданындағы селолық округтер мен селолардың атауларын өзгерту жөніндегі қаулылар да бар.
Сессияда облыстық әкімдік жанындағы әртүрлі комиссиялар құрамын  бекітіп, облыстық мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгертулер енгізді. Онда қаралған барлық мәселелер бойынша арнайы шешімдер шығарылып, қаулы қабылданды.
Өңір басшысы Сергей Кулагин сөз алып, бюджетті нақтылаудағы мәселелерге байланысты өз ойын білдірді. Бюджет қаржысын жұмсау аса күрделі жағдайда жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті. Жаңа экономикалық өзгерістерге байланысты алдағы күндерді болжау қиын екенін де айтты. Әсіресе, несиесіз бюджетті қалыптастырып, қарызсыз жұмыс істеу жөніндегі мәселеге баса назар аударды.
Биылғы егін орағының нәтижесі де жаман болмағанын атап өтті. Біздің облыс мемлекет сұранысын толық қамтамасыз еткен бірден-бір өңір екенін де жеткізді. Жиналған астықтың 93 пайызы сапасы қалыпты өнімді құрайды.
Калачи тұрғындарын басқа өңірлерге көшіру жайы да  жан-жақты шешілуде деуге болады.
Бақыт СМАҒҰЛ.
Суретте: депутаттардың бір тобы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар