Арайлы алтын той

Шоқ жұлдыздай ғана шағын елді мекен Ұйымшыл ауылы табиғаты тамылжыған әдемі өңірде қоныс тепкен. Қай жағыңа қарасаң да, қолдың саласындай түп-түзу ақ қайың, мәңгі жасыл қарағайлар. Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер. Амангелді Бекенұлының балалық шағы осы тамаша табиғаттың аясында өткен. Жан дүниесіндегі мөп-мөлдір шуақ осы бір табиғаттың көркем кейпінен көшірілгендей.

Іңкәрлі арман, таңғы шықтай мөлдіреген кіршіксіз сезім де бұлқына аққан бұлақтардан дарығандай. Ол кезде көркемсуреттей келісті табиғаттың ажарына қылау түспеген шақ. Ауыл балалары шілдедегі қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта бүкіл уақыттарын көл жағалауында өткізетін. Ауылдың арғы жағында Жоламан тауы. Ауыл балаларына биіктікті, биік болуды меңзейтіндей. Өмірдің асқарына жетелейтіндей.   
Ұйымшыл ауылындағы жеті жылдық мектептің табалдырығын аттап, ойдағыдай бітіріп шықты. Ендігі арада білім сапары Еңбекшілдер ауданының орталығы Степняк қаласындағы Абай атындағы №2 қазақ орта мектебінде жалғасқан. Сол тұстағы бұрынғы Көкшетау облысының іргелі білім ошақтарының бірі. 1959 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы бригадир Зейніш Әмрин ағасының ақылымен еңбек жолын бастады. Әрі анасы Жәміш те тұрмыс жағдайына орай, мұның жұмыс істегенін қалаған. Көкірегінде білім алсам деген ұмтылыс, ынта болғанымен, үш бірдей баланы жалғыз асырап отырған ананың жайын ойлап, жұмыс істемекке бел буды. Содан Макин селосындағы машина-трактор шеберханасында комбайн жөндеуге кірісті. Жаңа ғана мектеп бітірген тәжірибесіз жасқа бірден техника тілін меңгеру оңайға соққан жоқ. Әуелі комбайншының көмекшісі болған. Ол кезде комбайндарды тракторға тіркеп жүретін. Жетекшілері әмбебап маман Василий Петрий. Қазақ тілін жетік білетін, бауырмал, жанашыр адам. Ұлты неміс болғанымен, жергілікті жұрттың әдет-ғұрпын, дәстүрін жете меңгеріп алған. Осы Василий ағасының арқасында техниканың тілін ұғып, төселіп кетті. Егін орағы аяқталғаннан кейін ДТ-54 тракторына отырған. Мұнда да таңның атысы, күннің батысы жұмыс істеуге тура келді.
Дәл осы кезде шағын колхоздарды біріктіру басталды. Сөйтіп, «Ұйымшыл» колхозы біріккен алты колхоздың бірі болып, ендігі арада Ленин атындағы колхоздың құрамына кіргізілді. Колхоз басқармасы Шәріп Мұқашев ауыл шаруашылығы жұмыстарын ұйымдастырудың шебері еді. Қауырт науқандарда адал еңбегімен көзге түскен колхозшыларды ынталандырып, барлығын ортақ іске жұмылдырып, жұмыс істете білетін. Арада еңбекпен нұрланған әлденеше жылдар өтті. 1961 жылдың көктемінде Ленин атындағы колхоз «Невский» кеңшарына айналды. Сол жылы Амангелді Бекенұлы Ақмола қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Әуел баста біршама ауыр болған. Өйткені, қазақ тілінде білім алған адамға жоғары оқу орнында орыс тілінде берілетін пәндердің барлығын игеріп кету оңай-оспақ шаруа емес еді. Әйтеуір, бойға біткен қажыр-қайратының, зеректігінің арқасында жылдам қатарға қосылды. Қатарының алдына да шықты. Соңғы үш жылда үздік оқуына орай, көтеріңкі шәкіртақы алды. 1966 жылы қолына диплом тигенде нақ бір үлкен өмірге жолдама алғандай, сыбағалы үлесіне қолы жеткендей сезінді.  
Жас агроном еңбек жолын Карловка бөлімшесінде бастады. Бірақ, сол жылдың қараша айында әскерге алынуына байланысты алғашқы еңбек жолында сабақтаған тәжірибелерін жалғай алмай қалды. Тамыз айында дүниеге келген баласы Назар мен жан жолдасы Айман жолын тосумен елде қалды.
Әскерден кейінгі еңбек жолы Щучье ауданында жаңадан құрылған «Климовка» кеңшарында жалғасты. Тағы да тәжірибе жинақтау. Өзінің тындырымды ісімен көзге түскен жас маманды басшылар «Искра» кеңшарына бас агроном етіп тағайындады. Шынтуайтында, бұл – шаруасы өте күрделі кеңшар болатын. Он төрт мың гектар жерге дәнді дақылдар себіледі. Оның үстіне картоп, қант қызылшасы, көкөніс, мал азығы егілетін. Еңсесі көтеріле бастаған шаруашылықтың бағымында жеті мыңға таяу қара мал бар.  1972 жылы кеңшар құрылғалы қол жетпестей көрінген табысқа кенелді. Гектар берекесі 16 центнерден айналды. Дәл осы жылды шаруашылық таза пайдамен аяқтап шықты.
1970 жылдардың басында Целиноград қаласында алты айлық директорлар даярлайтын курсты аяқтаған соң, тәжірибе мен білім одан сайын ұштала түсті. Совхоз директоры Н.Дубков алты ай төсек тартып жатқанда директордың міндетін атқаруына тура келді. Дәл осы кезде аудандық партия комитетінің  бірінші хатшысы Қасқырбай Әбуов «Щорс» кеңшарына директор болып бару туралы ұсыныс жасады. «Щорс» қой шаруашылығымен айналысатын кеңшар еді. Өне бойы ақық дән аялап келе жатқан Амангелді Бекенұлының алғашқыда жүрексінгені де бар. Бірақ, қазақ баласы малдың жайын білмей ме?! Сөйтіп, 1975 жылдың қараша айында «Щорс» кеңшарын қабылдап алды. Өзіне дейін кеңшарды Көкше өңіріне есімі жақсы танымал, іскер басшы Орынбасар Назаров басқарған. Ол кісінің тұсында кеңшардың экономикалық-әлеуметтік жағдайы жақсарып, шаруашылық көрсеткіштері аудан, облыс көлемінде алдыңғы лекте аталатын.
Енді іскер басшының жолын жалғастыру Амангелді Бекенұлы үшін өмірлік емтихан десе де болар. Бірақ, бойындағы бар қажыр-қайратын, білімі мен білігін сарқа жұмсай отырып, жұмыс ырғағын төмендеткен жоқ. Негізінде «Щорс» кеңшары 18 мың гектардан астам дәнді дақылдар егетін. Қас қылғандай сол жылы көк аспаннан бір тамшы нәр тамбай, қуаңшылық болып, егін аз шықты. Мал азығын сонау шалғайдағы Арықбалық ауданынан тасымалдауға тура келді. Ендігі арада мұндай қысылтаяңға, тапшылыққа жол беруге болмайды. Мамандармен ақылдаса отырып, әуелі технологияға, егіс ауысымына қатаң тәртіп орнатты. Жаңа бастаманың арқасында өнім де молайып, әр жыл сайын малдың жемшөбі жеткілікті дайындалып отырды. Ал, астық тапсыру жұмыстары екі есеге дейін көбейді. Әсіресе, 1979 жылы адам айтқысыз мол астық жинап, қамбаға бір миллион пұт астық тапсырып, жылды таза пайдамен аяқтады. Амангелді Бекенұлының осы еңбегі лайықты бағаланып, Құрмет Белгісі орденімен марапатталды. Шаруашылығы шалқыған кеңшарда екі мыңнан астам жылқы бағылатын. Әр жыл сайын жүз биеге тоқсан құлын ерткен жылқышылар бригадасының бригадирі Дәукен Есімов «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталса, кеңшардың шопандары мен механизаторлары да кеуделерін мемлекеттік наградалармен жарқыратты. Даңқы көкке өрлеген шаруашылықта өзгелерге өнеге ретінде семинар-кеңестер ұйымдастырыла бастады. Мемлекет қамбасына астық тапсыру жұмыстары 160 пайызға орындалып, келесі жыл да табысты аяқталды.  
Өне бойы түзу жол жоқ. Амангелді Бекенұлы да жалған жаланың азабын тартып, жаны күйген, шындығын дәлелдей алмай, шырылдаған кездерді басынан өткерген. Әйтеуір, алмас қылыштың қын түбінде жатпайтыны сияқты кіреукеленіп, сәл көмескіленгенімен, қайта жарқыраған. Бірде абзал аға, Көкшетау облысының астық өнімдері басқармасының бастығы Қазез Ешмағамбетов арнайы шақырып алып, Еңбекшілдер элеваторына директор қызметіне жіберді. Сөйтсе, жаңа элеваторда білікті мамандар жетіспейді екен. Тәртіптің жоқтығынан қуатты астық кептіргіштер күйіп, біраз бидай бүлініп кеткен. Іле жаңа кептіргіштер орнатылды. Технология жүйесі өзгертілді. Ең бастысы, қатаң жұмыс тәртібі енгізілді. Осындай іскерліктің арқасында көрсеткіштер жақсара түсті. Арада үш жыл өткен соң осы элеваторда кеңейтілген семинар-кеңес өткізілді. Бүкіл облыстың элеватор басшылары мен білікті мамандар атқарылып жатқан шаруаға жоғары баға берді.  
Ғибратты ғұмырдың соқпағы кейін Уәлиханов ауданында жалғасты. Халық депутаттары аудандық кеңесі, «Авангард» кеңшары, Щучье ауданындағы «1 май» кеңшарына басшылық жасады. Бір адамның басына аз сенім емес. Бәрінде де адал еңбегі, кісілік келбетімен көрінді.
Бұл күнде жан жолдасы, мамандығы экономист Айман Қасымқызы екеуі елу жылдан аса бірге тату-тәтті өмір сүріп, перзенттеріне тәлім-тәрбие беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған мерейлі отбасы. Алтын тойдың ажары үлкен шаңыраққа, отауларына шуақ нұрын төкпек. Осындай еңбекпен есейген, адал ниетпен көркейген адамдардың тіршіліктегі тынымсыз игі істері, отбасындағы өнегесі кейінгі ұрпақ үшін, жас толқын үшін жақсы мысал, өшпес өнеге!

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар