Төртінші онжылдықтың жүгі ауыр, жауапкершілігі зор

Тәуелсіздігіміз де, тәуелсіз еліміз де бар! Биыл өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткелі отырған Қазақстан тарихтың осы бір қысқа мерзімінде әлемнің беделді де абыройлы мемлекетіне айналды. Мемлекет басшысы өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ел тәуелсіздігінің алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп қарастыра отырып, бұл кезеңде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен мемлекетіміздің рәміздері белгіленіп, билік жүйесі қалыптасқандығын айтады. Осы кезеңде Ұлттық валютамыз – Теңге де айналымға еніп, Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Ата заңымыз – Конституция қабылданып, шет мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты беделді халықаралық ұйымдарға мүшелікке қабылданды.

Екінші және үшінші онжылдықтарда да атқарылған және жүзеге асырылған игі істердің барлығы да Тәуелсіз Қазақстанның керегесін кеңейтіп, әлеуметтік-экономикалық әлеуетімізді нығайтып, әлемдік қауымдастықта зор абырой мен беделге қол жеткізген жағдаймен айшықтала түседі. «Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік,–деп Қасым-Жомарт Тоқаев айтып отырған жайлар тәуелсіз еліміздің айбынын асқақтатқандық болатын. Және де тәуелсіздіктің 30 жылғы кезеңінде қол жеткен табыстардың барлығы да – тарихи ақиқат!
Ал, енді осы Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтып, жаһанданудың және бәсекелестіктің бүгінгідей қатал жағдайында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсетіп отырғанындай, алдағы төртінші онжылдықта қуатты елдің иесі және кемел халық болудың міндеті жүктеліп отыр. Және де Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтардың назарын алдағы төртінші онжылдықтың осы міндеттеріне орынды аударған деп санаймыз. Қазірдің өзінде саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру қажеттілігін бүгінгі заманның даму үрдісі, жаһанданудың қатаң талаптарының өзі алға тартуда деп білеміз.
Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру жайын Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты былтырғы Жолдауында да атап көрсеткен еді. Мұның терең мәні бар. Өйткені, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру арқылы әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру мақсаты көзделіп отыр. Арды ойлай отырып, қоғамда әділдік қағидатын басшылыққа алу жағына Мемлекет басшысы орынды көңіл бөлгендігін айтуымыз керек. Осы орайда, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық» деуі, болмаса «азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ» деп айтуы сол ар тазалығы тұрғысынан айтылған сөз деп таныдық.
Және де осы еңбегінде Қасым-Жомарт Тоқаев көпшілікті толғандырып жүрген ел тұтастығы мен жер тұтастығын, қазаққа тоқымдай жерінің аса қымбат екендігін нанымды айтып, көңілдегі алаң ойды сейілтіп отыр. Бұдан ұққанымыз қазақтың жерінде ешкімнің хақы жоқ. Шеттен кейде сол қазақ жеріне қатысты айтылып қалар арандатушылыққа ермей, сабырлы қалпымызбен іргеміз бір елдермен ынтымақты сақтау тәуелсіздігімізді берік сақтаудың басты бір кепілі деп білгеніміз абзал.
Жердің шетелдіктерге сатылмайтындығын Президентіміз біраздан бері айтып та келеді. Бұл жолғы мақаласында да Президентіміз «қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деп тағы да айтып отыр. Енді осы әңгімеге нүкте қойғанымыз да жөн болар еді деп ойлаймыз. Және енді өз жеріміздің игілігін өзіміз көретін, жерге иелік жасайтын, сол жерден табыс пен пайда алатын болсақ етті. Мұның бәрі енді келіп, еңбекке тірелері бар. Осы орайда, Президентіміздің «Ана тілі» газетіне (25 маусым, 2020 жыл) берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатындағы «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек… Сондықтан, еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!»,–деген бір ауыз сөзі қашан болсын өз маңызын жоймақ емес.
Жерге ие болу мәселесіне келгенде Президент өз ойын тез арада қолға алып, жүйелі түрде жүзеге асыратын тағы бір маңызды іспен орайластырады. Қазіргі жағдайға орай халқымыздың ауылдардан үдере көшуіне орай, көбінесе, шекара маңындағы елді мекендерде тұрғындар санының күрт азайып кеткендігі бар. «Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз,–деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл айтқаны мемлекеттік аса зор стратегиялық маңызды шараның бірі ретінде қолға алынғанын қалар едік.
Халқы қалың жатқан оңтүстіктің тұрғындарын солтүстік және шығыс өңірлеріне қоныс тепкізу бұл мемлекеттік арнайы бағдарламамен жүзеге асырылса ғана нәтижелі болмақшы. Ауа райы қатал, қысы ерте түсіп, жерінде алты-жеті ай бойы қар жататын бұл өңірлерге жылы жақта туып, жылы жақтағы өмір дағдысына үйреніп қалғандар үшін солтүстік пен шығыстың елді мекендерін жерсініп, тұрақтап қалуы қиынға соғары да бар.
Алайда, қазақ жеріне ие болу үшін бұл кедергі әрі сылтау болуға тиісті емес. Қоныс аударушылар тұрақтап қалу үшін ең бастысы елді мекендерге осы заманғы жаңа тұрғын үйлер салынуы керек. Өйткені, ауылды жерлердің тұрғын үй қорлары тозып, ескіріп барады. Және де ауыл адамдарының қысы-жазы жұмыспен үздіксіз қамтылуын әбден ойластырмай да болмайды. Бұл – өзекті мәселенің бірі.
Біздіңше ауылды жерлерде егіншілік пен мал шаруашылығын дамыта отырып, солардан алынатын өнімдерді сол елді мекендердің өздерінде өңдеудің мүмкіндігін жасау керек болар. Сонымен бірге, Қазақстанның солтүстігінің елді мекендерінде тұрып, еңбек етіп жатқандарға әлеуметтік жеңілдіктер жасау, салық төлемінің, электр қуаты бағасының арзандау болуын қарастырған да жөн сияқты. Бұл халықтың ауылды жерлерде тұрып, еңбек етулеріне қосымша серпін беріп, сенімдерін күшейтер еді.
Біздің қоғамда мемлекеттік тілдің жайының айтылуында да, талқылануында да кемшілік жоқ. Осы жолы да қазақ тілін бүкіл халқымызды біріктіруші тілге айналдыру жайын айта отырып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді әр қазақстандық білуге тиісті деген ойын ортаға салып отыр. Бұл мәселе ұзақ жылдан бері қазақ қоғамын толғандырып жүрген өзекті мәселе. Мемлекеттік тілді мемлекеттік тілге айналдырудың уағы да келіп жеткелі қашан! Ендігі арада қазақ тілі үшін бар жауапкершілік ең әуелі қазақ баласының өзіне жүктелетіндігін ұғынғанымыз да абзал.
–Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс,– деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз мақаласындағы осы ұстаным барша қазақстандықтардың күнделікті ұстанымына айналуы керек деп ойлаймыз. Шынында да Тәуелсіздік біз үшін бәрінен де қымбат!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар