«Кеңсе жұмысы». Ол қандай жұмыс?!.

 Бүгінгі таңда көшеге шығып, жүре қалсаң, әрбір жерде ілінген  «кеңсе жұмысы» немесе «кеңсе жұмысына қызметкерлер қабыл-даймыз» деген хабарландырулар көз сүріндіреді.Оған қоса, кейбір хабарландыруларда «өз-өзіне сенімді, жақсы өмір сүруге талпынысы мол адамдар қажет» деген жазуларды да кездестіресің.

  Сонымен, қаншама жыл бойы хабарландырулары қайта-қайта ілініп жатса да, бос жұмыс орны бір бітпейтін, аялдамалардан, тұрғын үйлердің есігі алдындағы тақтайшалардан қызметке шақыру туралы қағаздары бір түспейтін бұл неткен батпан құйрық деп, бір-екеуіне телефон шалып, сөйлесіп көруге бел будым.  
Сөйтіп, бір аялдамада ілулі тұрған хабарландырудағы телефон нөміріне хабарластым. Телефон тұтқасынан әйел адамның дауысы естілді. Ол менің жасымды, жұмыс істейтінімді әлде қайда оқитынымды сұрап білген соң, қалай да кеңсеге келіп-кетуім керектігін айтты.
–Тым болмағанда қандай жұмыс екендігін айтыңызшы, –деп өтініп едім, оны да кеңсеге келген соң ғана айтамыз деді. Сөйтіп, бұл неткен құпия жұмыс екендігін анықтау үшін мекен-жайларын сұрап алып, кеңсеге бардым. Кеңсе менеджерімен амандасып алғаннан кейін, жұмысқа орналасуға келдім деп едім, маған сол жерде бір сауалнама парағын беріп, оны толтырып шығуымды өтінді. Журналист екенімді айтып, сұхбат алуға келгендігімді жеткізгеннен кейін, толтырып берген сауалнама парағын көз алдымда жыртып тастап, біз ешқандай да сұхбат бермейміз деп, сөйлескілері келмей, мені шығарып салды. Содан амалсыз есік алдына шығып, басқа адамдардың кеңседен шығуын күттім. Сөйтіп, олардан бұл кеңсе желілік маркетингпен айналысатын шетелдік компаниялардың бірі екендігін анықтадым.
Тағы бір нөмірге хабарласып көріп едім, олар да кеңселеріне шақырды. Алдымнан шыққан кеңсе қызметкеріне журналист екенімді айтсам да, мені жұмысқа орналасушы ретінде қабылдап, жұмыс барысын түсіндіруге кірісті. Бұл кеңсе халықаралық «Тяньши»  компаниясы болып шықты. Аталмыш компания адам ағзасына пайдалы қытай-тибет медициналық өнімдерін сатумен айналысады екен. Әлгі қызметкер өз сөзінің дәлелі ретінде бұл компанияға БҰҰ экологиялық қауіпсіздік комитеті мен Халықаралық экологиялық қауіпсіздік академиясы «Ең үздік экологиялық қауіпсіз халықаралық кәсіпорын» атағын бергендігін айтып өтті. Егер мен осы компанияға кіретін болсам, менің басты жұмысым – компания өнімдерін сатып, оған жаңа қызметкерлер тарту екен.
–Компания Қазақстанда он бес жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өзім осында қызмет етіп келе жатқаныма сегіз жыл болды. Алғашында мен де сіз сияқты жұмыс іздеп келген едім. Қазір күн көрерлік табысымды осы компаниядан тауып отырмын. Компания өз қызметкерлерін жыл сайын сауықтыру орталықтарына жолдамамен жіберіп отырады. Көптеген адамдар мұнда емделу үшін келеді. Себебі, біздің өнімдер  шынымен де адамдардың сырқаттарын емдеп, жазады – деді компания қызметкері әңгіме барысында мақалада есімін көрсетпеуімді өтініп.  
Келесі күні саябақта дем алып жүріп, осындай хабарландырулар арқылы жұмысқа орналасып, аузы күйген адамды кездестірдім. Ол шетелдік «Talk Fusion» компаниясына орналасыпты. Алайда, қазір оның жұмысымен айналыспайтындығын жеткізді.
– Газеттегі жарнамалардан жұмыс іздеп отырып, көрсетілген телефон нөміріне хабарластым. Олар мені кеңсесіне шақырды. Кейін қандай компания екендігін, қандай қызмет атқаратынымды түсіндірді. Компанияға жұмысқа орналасу үшін алғашқыда 27 мың теңге, кейін тағы 45 мың теңге төледім. Бұл компанияның өнімдері бейне бағдарламаларды тарату екен. Соларды жұртшылыққа ұсынып, компанияға жаңа тұтынушылар іздеу керек. Олар түсіндіргенде барлығы оңай болып көрінді. Компанияға неғұрлым көп адам әкелсең, соғұрлым табысың да өсіп отырады дегенді естігенде, оған жұмысқа қалай кіріп кеткеніңді де түсінбей қаласың. Мен де кірдім. Кейін бір ай бойы адам таба алмай, сандалып, әбден шаршап түңілдім. Оған қоса, жұмыста қалу үшін әр ай сайын 6 мың теңге төлеп отыруың керек. Бір қарағанда, ешкім сені алдамайтын сияқты, бірақ, олардың құрығына қалай ілініп қалғаныңды түсінгенде, бармақ тістеп қаласың. Мұндай жұмыстарды пысық адамдар істемесе, қарапайым адам үшін өте қиын. Алғашында қабылдаушы қызметкерлердің сөзінен кейін тау қопаратын адамдай сезінесің өзіңді. Алайда, кейін барлығы басылып, дұрыстап ойланғаннан соң амалсыз бұл тірлігіңді қоясың, – дейді  өзін Арнұр Әбілахат деп таныстырған замандасымыз.
Бұл компаниялардың басқа пирамидалардан айырмашылығы, өздерінің өнімдерінің бар болуында. Сол өнімдерді таратып, сатудың арқасында өз жұмысын істей береді. Ал, жай ғана ақша салып қойып, бір айдан кейін көп ақша аламын деп, үміттеніп жүретіндердікі бос қиял екендігі белгілі.
Кейін тағы да осындай жұмыстармен айналысатын адамдармен әңгімелесіп көрдім. Он адамның бірі ғана жақсы табыс тауып жатырмын десе, тағы бір-екеуі қосымша жұмыс ретінде жүрмін дегенді айтты,  үш-төртеуі бұған ептілік керек, сонда бірдеңе шығады,  десе, көбі мұндай компаниялардан табыс табу тіпті мүмкін емес деп жатты.
Қорытындылай келгенде, кім-кімге де жолда жатқан оңай ақша жоқ.  Мұндай кеңсе жұмыстарында ауыр жүк көтеріп, шаң астында жүрмесең де, маңдай теріңді төгуге тура келеді.

Рамазан ТӨЛЕУБАЙ.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар