Жас кәсіпкер өз кәсібін ашты

Бүгінде «Бастау» жобасы арқылы білімін жетілдіріп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар көп. Жарқайың ауданында да аталмыш қанатқақты жобаның шарапатын көріп жүрген кәсіпкерлер баршылық. Мәселен, өткен жылы ауданда 33 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерген.

Солардың бірі – Илья Кайдин. Ол – мемлекеттік грант ұтып алып, өзінің көптен бері армандап жүрген кәсібіне қол жеткізіп отыр. Таяуда Илья аудан орталығы Державинск қаласында «Феникс» кофеханасын ашты. Айта кетерлігі, бұл аудан орталығындағы жалғыз кофехана болып табылады.
Жас кәсіпкердің арманы орындалды. Ильяның айтуынша, кәсіп ашамын дегенге мемлекет тарапынан кең қолдау бар. Жалқаулықты қойып, еселі еңбек еткенге өріс кең дейді өзі. Алдағы уақытта шағын кәсібін өрістетіп, қызмет түрін кеңейтуді жоспарлап отыр.
– Әсіресе, ауылдық жерлерде екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарға айтар кеңесім, мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетіліп жатқан игі шаралардан қалыс қалмау керек дер едім. Кәсіп ашамын десеңіз, міндетті түрде өз біліміңізді жетілдіріп, бизнес жоба құрып, оны жүзеге асыруды ойлаған абзал, – дейді жас кәсіпкер.
Болашағы жарқын, алға қойған мақсаты айқын Ильяның алар асуы әлі алда. Ел тұрғындары болса, аудан орталығында ашылған жаңа кофехананың ұжымына дән риза.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жарқайың ауданы.
Суретте: жас кәсіпкер Илья Кайдин.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар