Жаңа өзгерістерге жол ашады

Жаңа өзгерістерге жол ашады

15 қаңтардың таңы еліміз үшін аса маңызды саяси оқиғамен басталды. Бұл күні жаңадан сайланған Мәжіліс құрамы қатысқан Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, мемлекетімізде алдағы уақытта болатын заңнамалық өзгерістердің мән-маңызы жайында сөз қозғады. Президент атап өткен сот билігінің тәуелсіздігін нығайту жөніндегі реформалар, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету, баламалы пікір мәселелері, омбудсмен туралы арнайы заң қабылдау, зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту туралы мәселелер еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік өміріне оң өзгерістер алып келетін істер деп сенемін.
Еліміздің ертеңгі күніне өзіндік арман, биік мақсат, ақ үмітпен қарайтын жас буын өкілі ретінде Мемлекет басшысының: «Бізде омбудсмен институты бар. Алайда, ол өзінің шамасын әлі де толық көрсете алмады. Сондықтан, біз алдағы уақытта омбудсмен туралы арнайы заң қабылдауымыз керек. Мемлекеттік бақылауды күшейтіп, балалардың қауіпсіздігіне байланысты, суицидтің алдын алып, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатуға байланысты тиімді механизм ойластыру керек», – деген сөздері көңілден шықты. Тәуелсіздікті, аға буын өкілдері бастаған мемлекеттілікті, осындай дамудың даңғыл жолын жалғастырар жас ұрпақ өзінің ертеңгі күніне сенімді болып, батыл іс-әрекет жасауы үшін, мемлекетіміз саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан
дамыған, тұрақты болуы керек деп білемін.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында алған асу, бағындырған белес аз емес. Ал, бүгінгі ел қалаулыларының бірлескен отырысында талқыланған сұрақтар, заңнамалық өзгерістер тиісті деңгейде жүзеге асырылатын болса, біздің еліміз бұрынғыдан да мықты, гүлденген, бәсекеге қабілетті бола түсеріне сенемін.

Екатерина КОНИК,
«Қоғамдық келісім» мекемесі жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының мүшесі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *