Депутаттардың жаңа құрамын жаңа міндеттер күтіп тұр

Депутаттардың жаңа құрамын жаңа міндеттер күтіп тұр

Көкшетауда жетінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихаты депутаттарының бірінші сессиясы болып өтті. Сессияны облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов ашты. Сессия төрағалығына Әсен Жақсылықов сайланып, күн тәртібімен таныстырды.
Сессияға облыс әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, депутаттарды жеңістерімен құттықтады және олардың қызметіне сәттілік тілей келе, алда атқаратын жұмыстардың көп екендігін айтты.
Сессияға облыстық мәслихатқа сайланған барлық 32 депутат, аудан әкімдері мен басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Белгіленген күн тәртібіне сай сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов қаңтардың 10-ында өткен сайлаудың қорытындысы бойынша есеп беріп, депутаттардың әрі қарайғы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен, облыстық мәслихатқа «Nur Otan» партиясынан 26 депутат, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан 3 депутаттан сайланып, олардың әрқайсысына депутаттық мандаттар тапсырылды. Жалпы, облыстағы барлық мәслихаттарды алсақ, 254 депутаттық орын белгіленген. Облыстық мәслихатқа сайланған осы жолғы депутаттардың 22-сі ер адам, 10-ы әйелдер екен. Сонымен бірге, бұл депутаттардың 40 пайыздан астамы жаңарған әрі жасарған.
Сессия барысында ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес және «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола өңірлік филиалы Саяси кеңесі бюросының 2021 жылғы 13 қаңтардағы қаулысы негізінде «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы тіркелді. Ал, Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы болып осы уақытқа дейін Жарқайың ауданының әкімі болған Мұрат Балпан сайланды. Өз кезегінде жаңа хатшы мәслихат депутаттарына өзіне сенім білдіргендері үшін алғысын айтып, бұл істі өзінің күш-жігерін аямай, облыстың бірқатар жауапты қызметтерінде жүріп жинақтаған тәжірибесіне сүйене және халық қалаулыларының бірлескен жұмыстары негізінде абыроймен атқаратындығын жеткізді. Ақмола облыстық мәслихатының жетінші шақырылымының депутаттарының қатысуымен өткізілетін тұрақты комиссия-
лары құрылып, олардың мүшелері мен төрағалары бекітілді. Экономика және бюджет сұрақтары, әлеуметтік сұрақтар, депутаттық әдеп, заңдылық, экология және табиғатты пайдалану сұрақтары, аграрлық және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиялар алдағы уақытта жұмыстарына кірісе бастайды.
Бұдан әрі облыстық мәслихаттың депутаттары тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына Руслан Шәріпті бекітті. Ол еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, есепші, экономист болып бастаған. Одан кейін Қаржы министрлігі мен Президент қорында да экономика-қаржы саласында қызмет атқарған тәжірибесі мол маман екендігі таныстырылды. Тексеру комиссиясының мүшесі Мұратбек Тақамбаевтың өкілеттік мерзімі ұзартылды. Одан әрі келесі сессияда қаралатын мәселелер мен сессия төрағасы сайланды.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев өз кезегінде биылғы жылы аталып өтетін ең үлкен мейрам, атаулы дата – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, жетінші шақырылымның депутаттарына алдағы уақытта үлкен жүк артылып отырғандығын атап өтті. Сонымен бірге, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттерге тоқталып өтті.
– Президент өткен жыл барша халық үшін үлкен сынақ болғандығын атап көрсетті, – деді облыс әкімі Е.Б.Маржықпаев. – Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін, сот жүйесін, денсаулық сақтау саласын, бұқаралық және балалар спортын, бизнесті дамыту жобаларын реформалау мәселелерінің маңызына тоқталды. Алдағы сайлауларда сайлаушылардың бюллетеньдерінде «бәріне де қарсымын» деген жолдың болуына аса мән берілетіндігі айтылды.
–Бірінші рет біздің облыстық мәслихат үш партиялы болып отыр. Енді партиялар жер-жерде жұмыстарын жандандырып, белсенділік танытулары тиіс. Өз ректораттары болуы қажет. Депутаттық корпус жаңарды. Жастар жағы 20 пайызды құрап отыр, – дей келе, облыс әкімі Ермек Маржықпаев алтыншы шақырылымның депутаттарына алғысын білдірді. Олармен атқарылған жұмыстардың жемісті болғандығын атап өтті. Инфекциямен күресте ақмолалықтар өздерінің ұйымшылдығын, істеріне адалдығын танытты.
2020 жылы бірлескен жұмыстың арқасында Ақмола облысы республикада әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша алғашқы үштіктен орын алғандығын атап өтті. Өткен жылы 21 мыңнан астам жұмыс орны ашылғаны, оның 13 мыңы тұрақты жұмыс орындары екендігі айтылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *